Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

8°C

, Жексенбі, 13 қазан, 15:38

Түбіті – киім, сүті – шипа

16.02.2021

809

0

Қазақ ешкі малын төрт түлікке қоспағанымен, оны уақ мал ретінде ұстапты. Егізден, тіпті кейде үшеуден төлдейтін ешкі тез көбейеді. Күтімі жақсы ешкілер жылына екі мәрте лақтайды. Бұл жануар ерекше күтім талғамайды және қой сияқты емес, кез келген климаттық жағдайға тез бейімделеді. Бабаларымыз қой етінің ағзаға тез сіңбей, асқазанда өте ауыр қорытылатынын білген соң «қойдың еті – қорғасын» депті. Бірақ соған қарамастан қотан толы қойды байлық санап, қадірлі қонағын қой сойып күткен.

Ешкінің еті жеңіл әрі сіңімді және дәмді. Тек қазаннан түскен соң дастарханда күттірмеген жөн. Әйтпесе, дереу тоңлап қалады. Әкеміз өріске бармай, айдауда жүрген ешкілерді бақыртып көктемде және күз айларында қырқып алатын. Әрбірінен төрт-бес келі қыл және кейбір түбітті ешкілерден екі-үш келі ұлпа жүн алады. Қылын ширатып арқан есетін. Ол арқанның беріктігі сондай, темір көлікті тартуға төзімді болып келеді деп отыратын. Ал арқанның қазақтың бұрынғы тұрмыс-тіршілігінде көп қолданғанын білеміз. Арқан – мал шаруашылығымен айналысатын ауылдық жерлерде әлі де таптырмас мүлік. Бірақ сол ауылдардың өзінде ешкінің қылы мен түбітін кәдеге жаратып отырғандарды кездестіргеніміз жоқ. Кейін естіп-білдік, сафиян, шевро секілді ең сапалы, бағалы былғарылар осы ешкінің терісінен жаңа технолгия арқылы өңделіп жасалады екен. Әсіресе лақтың терісі берік әрі созылғыш келетін көрінеді. Жеңіл өнеркәсіпте одан қыстық киім соның ішінде жасанды тон мен құлақшынның шикізаты ретінде пайдаланған. Жоғары сұрыпты былғарыдан жасалған өнімдердің құны қазір де нарықта өте қымбат.

Бір кезде шешелеріміз үлбіреген қыстық шәлі тақты. Қолыңа, денеңе тигені білінбесе де, қыстың ызғарлы суығын өткізбейтін үлпілдеп тұрған сол бөкебайларды да ешкінің таза түбітінен тоқитынын білуші едік. Кейде алыстан арнайы тапсырыспен алдыратын. Сол кезде Қазақстанның шығыс өңірлерінде асыл тұқымды ангор ешкілері өсірілгенін, тіпті кейбір облыстар өз алдына ешкі шаруашылығын ұйымдастырып, сапалы өнімдері арқылы халықтың тұрмыстық қажеттіліктерін өтегенін бүгінде үлкендер айтып отырады. Еті, сүті, терісін айтпағанда, ешкі түбітінен жұқа әрі жұмсақ маталар тоқып шығарыпты. Бала болсақ та, шет жағасын біз де білеміз, шәлі, шарқат, шәркей, қалпақ, кеудешелер жылуынан бөлек, сәндік үлгілерінің өзі көздің жауын алатын еді. Мал шаруашылығының қосалқы бөлігіне айналған сапалы тауарларға тұтынушылар тарапынан сұраныс көп болған секілді. Әсіресе биязы жүнді ангор ешкінің түбітін жеңіл өнеркәсіпте түкті кілем, жасанды теріден тон, барқыт, драп және аяқ киімдердің сыртқы қабатын дайындағанда пайдаланған.

Ал ешкінің етін жоғарыда айттық, сіңімді болғанымен, құнары жағынан қой етімен бәсекелесе алады. Тіпті емдік қасиеті жағынан қой етінен асып түседі. Ешкінің етінің құрамында адам ағзасына қажетті нәруыздармен бірге су көп болады. Дәмі де қой етінен бір мысқал кем емес. Ауылда ешкінің іш майын табиғи күйінде кез келген тағамға пайдаланатын. Бір қызығы, ешкінің басқа малдар ауыратын бруцеллез, туберкулез, қышыма секілді ауруларға шалдықпайтыны анықталған. Сондықтан да ешкіден алынатын өнімдердің қауіпсіздігіне алаңдамауға болады. Ешікінің етімен бірге сүтінің де емдік қасиеті ұшан-теңіз және оның адам денсаулығына оң әсері мен құрамындағы ерекшеліктері халқымыздың ұзақ жылдық тұрмыстық өміріндегі тәжірибесі мен бүгінгі медициналық зерттеулер арқылы дәлелденген. Төрт түліктің соңында жүріп көшпенді ғұмыр кешкен халқымыз бұрын аналары жарытпаған немесе туа сала жетім қалған сәбилерді ешкі сүтін беріп өсіріпті. Демек, бұл ешкі сүті физиологиялық жағынан ана сүтіне жақын деген сөз. Сиыр сүтімен салыстырғанда ешкі сүті құнарлы. Құрамында құрғақ заттар, май, нәруыздар мен минералдық заттар көп және нәруыздарының құрамында амин қышқылдары көп, казеин және альбуминге бай. Бұлар адам ағзасына өте қажетті қорек. Қысқасы, ешкі сүтін тұрақты тұтынған адам сергек жүреді. Қазір де халық медицинасында балалардың және ересектердің асқазан-ішек жолдары ауырғанда ешкі сүтін беретінін көріп жүрміз. Сонымен бірге бірқатар дертті ешкі сүтінен дайындалған ірімшіктер арқылы емдейтінін әлеуметтік желілерде жазып жүр. Тіпті осы күні шет елдердегі үлкен мейрамханалар мен демалыс орындарындағы дастархан мәзіріндегі ең қымбат тағамдар – брынза, сулгун, рокфор, швейцар, француз сірнелері ешкі сүтінен жасалады екен.

Біз ешкі сойғанда ең алдымен күресінге лақтырып тастайтын ешкінің мүйізі мен тұяғы да тұрмыстық қажеттіліктерге жарайтынын көбіміз біле бермейді екенбіз. Мәселен, бұрынғылар ешкінің мүйізі мен бақайын ұнтап, желім қайнатса, ішектерін музыкалық аспаптарға, аңшылыққа, саятшылыққа қажетті құралдарға пайдаланыпты. Ал ауыл шаруашылығының мамандары ешкінің көңінің өзі құнды органикалық тыңайтқыш екенін, құрамында азот мол екенін айтады.

Ауылда мал ұстамайтындар кемде-кем және ешкісі жоқ үй болмайтын. Бір орнында тұрып жайылмайтын, қотанда жатқан қойды мезгілсіз өргізіп жіберетін тынымсыз шыбыштарды иелері көп ұстамайды, қызылсырап отырмаса да, сойып алады. Бірақ сол ешкінің терісі де, қылы да алынбайды. Қора-қопсының арасында қалып, ит тартып кетеді.

Жуырда бір танысым Түркістанға барыпты. Ол жаққа біздегілер тек бір ғана шаруамен барады. Әлгі танысым да тоғыз жолдың торабындағы көне шаһарға базарлап барады. Базарда баяғы шешелеріміз тартқан бөкебайлар тұр екен. Бағасы аспанда дейді. Ешкі түбітінен тоқылған сол қыстық шәлілерді біз де үлпілдетіп дайындап, нарыққа шығаруымызға болады ғой. Көше толған ешкі. Біздің үйдің айналасында да өріске шықпайтын отызға жуық ешкі жайылады. Бірақ біздің бөкебай тоқитын түбіттеріміз қыз-келіншектердің басында емес, көшедегі қаңғыбас иттердің аузында жүр. Бір жұма бұрын үй маңындағы қоқыс төгетін шұңқырдан теңкейіп жатқан ұш-төрт қап көрдім. Иесі ешкілерін қырыққан соң, қылын қапқа салған да, қоқысқа атып ұрған. Демек, әлгі көшеде жайылатын ешкілердің иелері қолындағы уақ малды тек еті үшін ұстап отыр. Терісін өңдеп, тон тігіп, түбітін иіріп, шәлі тоқып, қылын есіп, арқан қылмақ түгіл, сүтін де пайдаланбайды. Әйтпесе, қазірде ауданымызда ешкі шаруашылығын ашып, тұқымын асылдандырып, мүйізінен бастап бақайшағына дейін пайдаға жаратып, кәсіп көзіне айналдырамын деген адамға мүмкіндік көп.

Қуат АДИС

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: