Аудан орталығындағы №31 мектеп-гимназиясы – 85 жылдық тарихы бар білім ордасы. Ең алғаш 347 оқушыға есігін айқара ашқан қара шаңырақ 2016 жылы гимназия атағын иеленген. Содан бері білім беру жолында елеулі еңбек етіп, талай шәкірттің талабын ұштаған алтын ұяның бүгінде өзіндік орны бар.
Аталған білім ордасы биыл жаңа оқу жылын 486 оқушымен бастады. Оның 37-сі – мектеп табалдырығын ең алғаш аттаған бүлдіршін, ал 42-сі мектепалды даярлық тобына қабылданған. Мектеп-гимназия директоры Гүлжанат Басанованың айтуынша, биыл 25 оқушы мектеп бітіреді. Оның 5-еуі шығармашылықпен оқуға түсуге талпынып отыр. Ал 18-і ҰБТ-ға қатысады.
– Былтыр оқу жылын жоғары жетістікпен қорытындыладық. Биыл да жоғары деңгейде аяқтаймыз деген ойдамын. Түлектердің ҰБТ-ға дайындығы басталып кетті. Оқушыларымыз алдын ала дайындық сынақтарынан жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, алды 100 баллдан жоғары жинады. Межеге жету үшін ұстаздарымыз бар қарым-қабілетін жұмсауда. 3 түлек – «Үздік аттестатқа» үміткер. Түлектердің басым көпшілігі физика-математика, химия-биология, ағылшын тілі, дүниежүзі тарихы пәнін таңдауда, – дейді білім ордасының басшысы.
Айта кетейік, былтыр аталған білім ошағын 18 түлек бітіріп, оның 15-і бүгінде еліміздегі маңдайалды жоғары оқу орындарында мемлекеттік грантпен білім алуда. Ал 3-еуі арнаулы орта оқу орнына құжат тапсырған.
Әрине, оқушыға сапалы білім беруде білім ордасы қажетті заманауи технологиялармен, ақпараттық ресурстармен жоғары деңгейде қамтылғанын аңғардық. Яғни мектеп қазіргі заман талабына сай техникалық құрал, компьютер, интерактивті тақталармен жабдықталған. Атап айтар болсақ, мұнда арнайы химия, физика, биология, информатика, ІТ кабинеті бар. Онда сапалы интернет желісі де тартылған.
Сондай-ақ мұнда 91 мұғалім бар. Оның 18-і – педагог зерттеуші, 23-і – педагог сарапшы, 31-і – педагог модератор. Өскелең ұрпақты оқытып тәрбиелуде аталған білім ордасы биік белестерді бағындыруда. Ұстаздар мен оқушылар аудандық, облыстық, республикалық байқаулар мен пәндік олимпиадалардан, сондай-ақ спорттық сайыстардан жүлделі орындар иеленіп жүр. Мәселен, жақында ғана ауыл мектептері оқушылар арасында ауыл олимпидасының облыстық кезеңіне 9 оқушы қатысып, І, ІІ, ІІІ орындарды иеленген. Яғни 2 оқушы республикалық кезеңге жолдама алған.
2 мен 7 сынып оқушылары арасында өткен «Зерде» ғылыми жобасының аудандық кезеңіне 14 оқушы қатысып, 12-сі жеңіс тұғырынан көрінген. Оның ішінде 3 оқушы облыстық кезеңге өткен. Ал 8-11 сынып оқушылары арасында өткен «Дарын» ғылыми жобасына 4 оқушы қатысып, мектеп абыройын үстем еткен.
Білім ордасында оқушыларды жан-жақты дамытып, бос уақытын тиімді өткізіп, оларды спортқа, өнерге баулу мақсатында түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Әрине, үйірменің үйретері көп. Мектеп директорының айтуынша, оқушылардың 80 пайызы үйірмеге тұрақты түрде қатысады. Ауданда өткізілетін спорттық сайыстарда топ жарып жүрген жастардың көбісі осы мектептің білім алушылары десек, қателеспейміз. Себебі олар спортқа бейім. Яғни мұнда дойбы, шахмат, баскетбол, волейбол, футбол, үстел теннисі, гандбол, робототехника, ән, қолөнер үйірмелері бар. Қыздар арасында өткен республикалық кіші футболдан мектеп оқушыларынан құралған команда биыл І орын иеленген. Мұнан бөлек «Мектеп театры» жобасы, «Томирис» дебат клубы, «Жасыл клуб» еріктілер бірлестігі жұмыс істейді. Мәселен, «Мектеп театры» ұжымы жақында «Әбіш оқулары» республикалық ғылыми-шығармашылық конкурсының облыстық кезеңіне қатысып, Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» шығармасындағы «Махаббат мұнарасынан» үзінді қойып, ІІ орын иеленген.
Сондай-ақ білім ордасында мектеп парламенті де тағайындалған. Оның басты мақсаты – оқушылардың қоғамдық, әлеуметтік, шығармашылық қабілетін арттыру. Мектепте оқушыларды білім-ғылымға баулитын түрлі шаралар көбіне кітапханашының ұйымдастыруымен өтеді. Күн сайын іші балаға лық толатын кітапхана қорында 22 964 кітап болса, оның 1557-сі – оқулық, қалғаны көркем әдебиет, әдістемелік құралдар мен электрондық кітаптармен толыққан. Жастарды кітап оқу мәдениетіне тәрбиелуге, олардың поэзияға деген құлшынысын арттыруға, талғамына, таңдауына сай әдебиеттерді іріктеп оқуға деген ынта-ықыласын көтеруде кітапханашы Сара Буханованың үлесі зор. Себебі ол оқушылардың шығармашылық жұмыстармен көп шұғылдануына бар жағдай жасайды. Мәселен, кітапханада «Оқуға құштар» мектеп жобасы аясында көптеген танымдық іс-шара өткізіліп, көрмелер ұйымдастырылып тұрады.
Мұнан бөлек мектеп-гимназияда түрлі патриоттық және әлеуметтік бағытта балалардың жас ерекшеліктеріне қарай «Қасиетті домбыра», «Әке ұлағаты, ана өсиеті», «Ұлттық ойындар», «Қазақ халқының дәстүрлері», «Ерлікке тағзым», «Буллинг және кибербуллинг», «Өз мектебімнің тарихы» атты жобалар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады.
№31 мектеп-гимназиясы жыл сайын білім бәйгесіндегі жетістіктері үшін аудан әкімінің «Жеңістің биік тұғыры», «Шабыттың ақ желкені» сынды түрлі номинацияларын иеленіп келеді. Сондай-ақ былтыр «Жылдың үздік мұғалімі» номинациясын да аталған білім ордасының ұстазы Тоты Жалиева иеленген. Ұжымның әр жетістігінде әр ұстаздың еңбегі мен оқушының қарым-қабілеті, ізденісі жатқаны рас.
Мүмкіндігі шектеулі балаларды да назардан тыс қалдырмаған білім ордасында арнайы дефектолог кабинет жасақталған. Мұнда ерекше білімді қажет ететін балалармен жұмыс істейтін дефектолог Ақмаржан Бүркітбай балалармен коррекциялық жұмыс жүргізіп, оң нәтижеге қол жеткізуде. Сондай-ақ Ол – «Үздік дефектолог – 2024» байқауының І орын иегері. Мектепте әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмен отбасылардан 117 оқушы, 1-4 сыныптағы 126 оқушы, барлығы 243 бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.
Мақаламызға арқау болған аталған білім ордасының ұстаздары шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытуда қажырлы еңбек етуде. Олар оқушыларды білім мен тәрбие арқылы тұлға етіп қалыптастыруда жауапкершілікті бірінші орынға қояды.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!