Гүлдана Өтеуованың Аламесек ауылындағы №124 орта мектепте музыка пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп жатқанына 30 жыл болды. Білікті педагог мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ музыка сабағына ерекше қызығушылық танытып, баян үйірмесіне қатысқан.
Бала күнгі арманын орындау үшін жоғары оқу орнына түсіп, оны ойдағыдай аяқтап шыққан кейіпкеріміз ең алғаш еңбек жолын ауылдағы алтын ұядан бастаған. Сол жылдары ауылдағы мәдениет үйінде «Қыр-қызғалдақтар» ән-би ансамбльінің мүшесі болып, түрлі шараларға қатысқан. Ұлағатты ұстаз оқушыларға білім берумен қатар өзінің біліктілігін арттыру үшін де түрлі аудандық, облыстық сайыста бақ сынап, жүлделі қайтқан.
Ол 1995 жылдан 2015 жылға дейін 20 жыл үздіксіз білім қызметкерлері арасында өтетін «Наурыз шапағаты» өнер фестиваліне қатысқаны үшін арнайы төсбелгі тақты. Бұл байқауға ән, би, хор, оркестр өнері бойынша қатысқан. Мұнан бөлек биыл «Жаңа Қазақстан» республикалық инновациялық орталықтың ұйымдастыруымен 8 наурыз – халықаралық әйелдер күніне орай «Аяулы ана» атты республикалық байқауда да бақ сынаған. Сайыстың басты мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласын ардақты аналарымыз, іскер әйелдер, еліне сыйлы, еріне адал қазақ ханымдары арасында кеңінен насихаттау.
– Бір күні мектеп директорының орынбасары келіп «Апай, бізге «Аяулы ана» деген республикалық байқау келіп тұр. Осы байқауға біздің мектептен қатысуға сізді лайық көріп тұрмыз» деп ұсыныс айтты. Мен ешқандай қарсылық танытпай, қатысамын деп шештім. Жарыс ережесі бойынша өмірбаянымды жазып, қосымша өзімнің және шәкірттерімнің жеткен жетістіктерін жібердім. Араға біраз уақыт салып Астанаға арнайы шақырту алдым. Бұл жақта 100-ге жуық ұстаз бен кәсіпкер бас қосқан үлкен форум өтті. Осы кездесуде арнайы «Аяулы ана» атты орденмен және І дәрежелі дипломмен марапатталдым, – дейді білікті педагог.
Кейіпкеріміз еңбек еткен жылдары бірнеше мәрте марапат төрінен көрінген. Аудандық білім бөлімінің, облыстық басқарманың арнайы алғыс хаты мен «Құрмет» грамотасын иеленген. Сондай-ақ «Үздік музыка пәнінің мұғалімі» байқауында ІІ орын алған. Ол тек музыка пәнінен сабақ берумен шектелмей, оқушыларға би өнерінің де қыр-сырын үйретті. Нәтижесінде «Сыр жұлдыздары» атты аудандық жас өнерпаздар байқауының би өнері кезеңінде шәкірттері І орын жеңіп алған.
30 жыл қызмет еткен ұстаздан қаншама шәкірт білім алды. Соның бірі – айтыскер ақын, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов. Айтуынша, айтыскер ақынды ең алғаш ұлттық өнерге баулыған кейіпкеріміздің өзі екен. Сондай-ақ кезінде өзі өнер көрсеткен «Қыр-қызғалдақтар» ән-би ансамбльіне қазіргі таңда ұлағатты ұстаздың шәкірті жетекшілік етеді. Ал бүгінгі шәкірттері облыстық, республикалық додаларда топ жарып жүр. Оқушылар қандай жетістікке жетсе де олардың артында ұстаздың тамшыдай болса да үлесі бары анық.
Әр оқушының шамшырағын жағып, оқуға деген құштарлығын арттыру – әрбір ұстаздың басты міндеті. Күнде мектепке «Бүгінгі тақырыпты оқушыларға қалай өткізсем қызықты болады?» деген оймен келетін кейіпкеріміз ескі кітап-журналдардан керекті әдіс-тәсілдерді түртіп алып, жаңаша бағытта сабақты оқушының есінде қалатындай етіп өткізуге тырысатынын айтты.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын мектеп аттестациядан өтетін кезде бізге облыстан арнайы топ келді. Олар менің сабағыма қатысып, оқушымен жұмыс жасауыма, тақырыпты терең ашып, оны түсіндіруіме жоғары баға беріп, ерекше қызығушылық танытты. Сабақтан соң келген топтың басшысы маған өздерінің командаларына қосылуға ұсыныс тастады. Алайда мен балам кішкентай болғандықтан әрі ауылдағы шәкірттерімді тастап кете алмағандықтан ұсыныстарын қабылдамадым, – дейді ол.
Иә, білікті ұстаз болу екінің бірінің қолынан келмейді. Себебі ұстаз болу – үлкен даналықты, қаталдықты, қажет болса баламен бала болуды талап ететін мәртебелі мамандық. Бала кезінен білікті маман болу үшін еңбектенген Гүлдана Қонақбайқызы бүгінде соның жемісін көріп отыр. Ол алдағы уақытта да шәкірттерінің талантын ұштап, талай таланттың талабын шыңдай бермек.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!