Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

13°C

, Сәрсенбі, 01 мамыр, 09:26

Бүгінгі жас ұрпақ – келешек білікті маман

24.02.2024

273

0

Биыл жалағаштық 414 түлек мектеп бітіреді, оның 401-і ҰБТ-ға қатысуға ниетті. Қазіргі таңда олар ұстаздарымен бірге қызу дайындық үстінде. Биыл ҰБТ-ға қандай өзгерістер енгізілмек? Оған түлектеріміз дайын ба? Тарқатайық…

– 2024 жылғы ҰБТ форматында негізінен өзгеріс жоқ, 2017 жылы енгізілген формат қазіргі уақытта сақталып отыр. Жалпы талапкерлер 5 пәннен тест тапсырады. Оның 3-еуі – негізгі пәндер. Яғни оқу сауаттылығы, математика сауаттылығы және қазақстан тарихы. Мұнан бөлек екеуі бейінді пән. Бұл талапкердің өзінің келешекте оқитын мамандығына тікелей қатысты. Мәселен, медицина мамандығына баратын болса, биология-химия пәнін таңдайды. Ал инженерлік мамандыққа баратын болса, математика-физика сынды пәннен тест тапсырады. Биыл өзгеріс тек сұрақтардың санына байланысты болып отыр. Егер оқу сауаттылығы мен математика сауаттылық бойынша бұған дейін 15 сұрақ болса, биыл оның саны 10 сұраққа дейін қысқарған. Керісінше бейінді пәндердің, яғни талапкердің келешекте тікелей мамандығына қатысты сұрақ саны 35-тен 40-қа көбейіп, 50 баллды құрады.
ҰБТ-да жалпы сұрақтың саны өзгеріссіз 120 болып қалды. Максималды балл – 140. «Тапсырманың саны мен ең жоғары ұпай саны неге сәйкес келмейді?» деген сауал туындауы мүмкін. Берілетін балл сұрақ санына қарағанда әлдеқайда көбірек. Себебі бейінді пәннің соңғы 10 сұрағы 2 баллдық сұрақтар, – деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Айта кетейік, талапкерлер бұрынғы қағаз форматындағыдай 1 рет қана емес, биыл 5 рет ҰБТ тапсыру мүмкіндігіне ие. 15 қаңтар 10 ақпан аралығында алғашқы қаңтар ҰБТ-сы өтті. Оған жалпы республика бойынша 136 000-ға жуық талапкер қатысқан. Ал аудан бойынша 401 түлек бақ сынады. Биыл талапкерлердің басым көпшілігі педагогикалық мамандықтарға басымдық берген. Кешегі қаңтардағы ҰБТ-да аудан бойынша Т.Жүргенов ауылындағы №117 орта мектептің түлегі Қоңтай Ақнұр 124 балл жинаған. Ал ең төменгі баллды Бұқарбай батыр ауылына қарасты №33 мектеп түлегі алған. Орташа балл – 70.4.
– Таңдау пәнім – қазақ тілі мен әдебиеті. Кішкентай кезімнен осы пәндер бойынша пәндік олимпиада мен түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындар иелендім. Былтырдан бастап ҰБТ-ға қызу дайындық үстіндемін. Мектеп бағдарламасынан бөлек қосымша курстар оқып, ізденіс үстінде жүрмін, – дейді №117 орта мектептің түлегі, «Алтын белгіге» үміткер Ақнұр Ерболқызы.
Өткен айда тапсырған қаңтар ҰБТ-сы мен алдағы уақытта тапсыратын наурыз, тамыз ҰБТ-сының сертификаттары тек жоғары оқу орындарындағы ақылы оқу бөліміне ғана жарайды. Ал енді негізгі ҰБТ мамыр мен маусым айларында өтеді. Яғни талапкерлерге 2 мүмкіндік беріледі және сол ҰБТ-ның сертификаттары ғана грант конкурсына жарамды болмақ.
ҰБТ-ның пәндері ішінде ең жоғары көрсеткіш оқу сауаттылығында болып тұр, былтыр негізгі тестілеу кезінде жалпы 162 мыңға жуық талапкер ҰБТ тапсырды, сондағы оқу сауаттылығы бойынша келген сұрақтардың 81 пайызына дұрыс жауап берілген. Ең төменгі көрсеткіш химия мен физикада.
Былтырғы қорытынды көрсеткішке қарасақ, грант кон­курсында ең жоғары бәсеке педагогикалық мамандықтарда екен. Мысалы, 2023 жылы 94 мыңға жуық талапкер грант конкурсына құжат тапсырған. Оның 23 500-і, яғни әр 4-үміткер педагогикалық мамандықты таңдаған. Сұранысқа сай бәсеке де, шекті ұпай көрсеткіші де артты. Айталық, былтыр «Математика пәні мұғалімі» мамандығына грантқа түсудің ең төменгі ұпайы 123 ұпай болған. Сонда 122 ұпай жинаған талапкер аталған мамандыққа грантқа үміткер бола алмады.
Осыдан 3 жыл бұрын министрлік тарапынан өте маңызды шешім қабылданды. Яғни ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушыларға құрдастарымен бірдей ҰБТ тапсыру мүмкіндігі қарастырылды. Осы ретте соңғы жылдары ҰБТ-ны тапсырып жатқан ерекше талапкерлердің қатары үш есеге артқан.
Айта кетейік, тестілеуге мектеп формасымен келу де талап етілмейді, яғни талапкерлер еркін, ыңғайлы формада келе алады. Сондай-ақ ҰБТ-ға берілетін уақыт та өзгеріссіз қалды, яғни 4 сағат.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: