Ғылым-білім дамып, өркениет өрлеп тұрған заманда білімді, білгір ұрпақ қалыптасуы заңдылық. Егемен еліміздің ертеңі, кемел келешегіміздің кепілі болған жастар жаңашылдық пен ғылымға әуес. Еліміздің әр өңірінде талантымен талайды тамсандырып, білімімен көзге түсіп жүрген жастар да жоқ емес. Осы тұста жыл сайын оқушылардың өнертапқыштық пен шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» инновациялық идеялардың республикалық байқауы ұйымдастырылып тұрады. Биыл да аталған байқау жалғасын тауып, аудандық кезеңі өтті. Оған ауданға қарасты білім ошақтарынан 10-нан аса оқушы қатысып, бақ сынады.
Сайыстың басты мақсаты – техникалық мамандықтардың әлеуетін арттыру. Бұл сайыста оқушының білімі де, ойлау қабілеті де сынға түседі. Байқауға қатысушы оқушылардың біреуі архитектураға қызығып, түрлі макет жасаса, енді бірі работотехника саласын таңдаған.
Байқауға қатысушылардың бірі – Фархад Мұратбек. Ол – аудандағы Шекер Ермағанбетова атындағы №246 орта мектептің 7 сынып оқушысы. Мектеп оқушысы өз жобасын 1 айдан астам уақыт бойы дайындаған. Ол байқау барысында «Су көлігі саласындағы техникаларды құрастыру» номинациясы бойынша І орынды иеленді. Жас өнертапқыш облыстық байқауда аудан атынан қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп, республикалық байқауға жолдама алды. Қуанышты хабарды ести сала әріптесім екеуміз қоғам қайреткері атындағы мектепке бет алып, ұлағатты ұстаз бен талантты жаспен тілдесуді жөн көрдік. Мектепке кіргеннен көздің жауын алар көркем қолөнерлер көзімізге оттай басылды. Ғалымжан Сейтжановтың шәкірттерімен бірлесе жасаған жұмыстары бір бөлмені бүтіндеп тұр.
– Мен бұл кеменің ерекшеліктерін ғаламтор желісінен байқап, жетекшім Ғалымжан Сейтжанов ағайдың нұсқаулығымен жасадым. Бұл кеме 2014 жылы Францияда «EURONAVAL 24» атты көрмеде прототипі таныстырылған. Бұл кеме ТРИМАРАН 4000 XWIND стелс стилінде жасалды. Ұзындығы – 130-140 метр, ал ені 40 метрге жуық. Бұл кемені Француздар 2030 жылы құрастырып шығаруды жоспарлап отыр.
Бұл кеменің ерекшелігі ол басқа кемелердің радарына көрінбейді және жаңа үлгідегі радиоэлектрлік станция жүйесі қойылады деп жоспарлануда. Бұл жүйе кемеге радиоэлектрлік шабуылға қарсы тұра алады.
Қару есебінде жаңа үлгідегі лазерлік қондырғылар орналастырылған және кемеде екі басқарушысыз тікұшақ бар. Бұл аппараттар теңізде, мұхитта жүргенде оларды аспанға ұшырып, жан-жақтарына барлау жұмыстарын жүргізе алады. Бұл кеменің тағы бір ерекшелігі, оның тұмсығында. Ол теңізде қатты толқындар болған жағдайда толқынды кесіп өтіп, кеменің жылдамдығына әсер етпейді. Сондай-ақ басқа кемелерге қарағанда толқында өзін жақсы ұстайды. Алға қарай жүріп, оңға, солға бұрыла алады. Бұл кемені өз елімізде құрастырып шығаратын болсақ, Қазақстан Республикасының әскери теңіз флотына шекарамызды қорғауда аса көп көмегін тигізер еді, – дейді жас өнертапқыш.
Мектеп мақтанышы Фархадтың әскери кемелерге деген қызығушылығы жоғары. Ол өзінің қызығушылығының арқасында осы кемені жасауды қолға алғанын, болашақта әскери маман болғысы келетінін жеткізді.
Фархадтың жетекшісі Ғалымжан Сейтжанов – 27 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі ұстаз, білікті маман. Шәкірттерін шыңдауда шаршамайтын қолөнер шеберінің оқушыларымен жеткен жетістіктері жетерлік. Бүгінге дейін ол бірнеше оқушыны үлкен сайыстарға дайындап, республикалық жарыстардан да жүлдемен оралған. Мәселен, өнертапқыш шәкірттерінің бірі Тамерлан Алдамжаров «Алтын қазына» көркем және сәндік-қолданбалы балалар шығармашылығының республикалық байқауының аудандық, облыстық кезеңдерінен І орын иеленіп, республикалық байқаудан арнайы сертификат жеңіп алған.
Айта кетейік, бұл Тамерланның алғашқы жеңісі емес. Ол ұстазы Ғалымжан Абатұлымен бірге 2017 жылдан бастап түрлі байқауларда бақ сынап келеді. Дәл осы сайыстың облыстық байқауында шәкірті Ахат Нұртөре ағаш, сүйек, тері бұйымдары номинациясы бойынша ІІІ орынды иеленген. Білікті маман 2017 жылдан бастап «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» атты инновациялық идеялар байқауына оқушыларын қатыстырып, нәтижесінде толағай табыстарға жетіп жүр.
Бүгінге дейін Ғалымжан Сейтжановтың жас өнертапқыштармен бірге авиация саласындағы жобалар, космоновтика және аэракосмос техникасы, автокөліктің қолданыстағы модельдерін әзірлеу, су көлік саласындағы техникаларды құрастыру тақырыптары аясында бірлесе жасаған жұмыстары қазылар алқасының көңілінен шығып, марапат төрінен көрінген. Соның бірі – жоғарыда айтып өткеніміздей, Фархадтың республикалық байқауға жолдама алуы.
Талантты жастың жетекшісі Ғалымжан Сейтжановтың оқушысының әлі талай жетістікке жететініне сенімі мол.
– ХХІ ғасыр – білім мен біліктіліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына қарай бейімделу арқылы ғана қабілетін арттыра алады. Сондай-ақ «Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Сондықтан өскелең ұрпақтың осындай әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануымыз керек» деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында айтқан болатын. Заман өзгерістерінен тыс қалмай, өзінің жаңа технологиялық жетістіктерімен ғаламды мойындату – бүгінгі жас ұрпақтың үлесіне тиген үлкен мүмкіндік. Осы орайда келешегін ғылыммен байланыстыратын жас шәкірттердің еңбегін көпшілікке жиі таныстырып, мүмкіндік болып жатса, өзге өңірлерге тәжірибе алмасуға жіберіп тұрсақ деген ниеттеміз. Расында ХХІ ғасыр – ғылым мен білімнің, жаңа технологияның дәуірі. Осы тұста жастардың ақыл-ойы мен күш-жігерін өнертапқыштық салаға икемдеп, технологияны жетік меңгеруіне жүйелі түрде жұмыс жасап келеміз, – дейді, жетекшісі Ғалымжан Абатұлы.
Әрбір шәкіртті тәрбиелеуде білім мен өнерді ұштастырып, шәкіртінің дарынын дамытып, қолдау көрсетіп жүрген Ғалымжан ұстаздың еңбегі ерен. ҚР Білім және Ғылым министрінің «Құрмет» грамотасымен марапатталған білікті маманның шәкірттері талай байқауларда топ жарып, аудан намысын қорғайтыны анық.
Ақтоты Ержанқызы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!