Апта басында әдеттегідей тілшілік тірлігімізбен елді мекендерге қарай жол тарттық. Бұл жолы бағытымыз Таң ауылына түсті. Әріптесім екеуіміз жол бойы бүгінге дейін Таң ауылында атқарылған жарқын жобаларды сөз еттік. Расымен де, Таңда тындырымды тірлік көп. Бұл сөзімізге ауылға атбасын бұрған сайын көзіміз жете түседі.
Әне-міне дегенше ауылдағы алтын ұяға да табан тіредік. Мектеп директоры Ләйла Шөменованың айтуынша, жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп аумағын абаттандандыру жұмысына облыстық бюджеттен 78 млн теңге бөлініп, ойын алаңы салынған. Ал ғимарат 2022 жылы күрделі жөндеуден өтіп, ауыл балаларының сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасалған.
Олар жаңа оқу жылын 261 оқушымен бастаған. Оның 26-сы мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер болса, 17-сі бітіруші түлектер. Жаңа оқу жылының тағы бір ерекшелігі 1-11 сынып оқушылары бірдей форма киген. Арнайы Түркия елінен тіктірген киімге Таң ауылы №118 орта мектеп деген арнайы логотипте қойылған. 84 оқушыға үкіметтен бөлінген қаржыға, 15 оқушыға «Таң ЛТД» шаруақожалығы, 4 оқушыға мектеп мұғалімдері демеушілік жасаған. Былтыр алтын ұядан 10 түлек түлеп, оның 9-ы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Қуантарлығы, барлығы еліміздегі маңдайалды оқу орындарынан білім грантын жеңіп алса, 1 оқушы арнайы оқу орнына құжат тапсырған.
– ҰБТ бойынша былтырғы және оның алдыңғы жылдардағы нәтиже өте жақсы. Әр жыл сайын оқушылардың басым көпшілігі грант жеңіп алуда. Биылғы түлектердің де беталысы жаман емес. Оқушыларымыз ай сайын Қызылорда қаласындағы «U-Study» тестілеу орталығына барып тест тапсырады. Алды 100-ден жоғары ұпай жинап жүр. ҰБТ-ға дайындық күндіз-түні жүріп жатыр, тікелей өзімнің бақылауымда, – дейді мектеп директоры.
Арнайылап ауылға атбасын бұрып келгендіктен түлектермен тілдесу үшін математика кабинетіне қарай бет алдық. Мектеп директорының айтуынша, бұл кабинетке ардагер ұстаз Қайырберген Әбдиевтің есімі берілген. Саналы ғұмырын білім саласына арнаған Қайырберген Әбдиев 45 жыл ұстаздық қызметті абыроймен атқарған. Бұл еңбегін елеген ұстаздың ұлағатты ұрпақтары ауыл мектебінің математика кабинетіне оның есімін беріп, ішін толық жабдықтаған.
Биыл мектепті 17 оқушы бітіреді. Оның 16-сы ҰБТ-ға қатысуға ниетті. Ал 1 оқушы ақылы негізде жоғары оқу орнына түспек. Бітіруші түлектердің басым көпшілігі жаратылыстану-математика бағытын таңдаған.
Мектеп басшылығы ұстаздардың біліктілігін арттыруды жіті назарда ұстайды. Қазіргі таңда мектепте 48 мұғалім жұмыс жасауда. Оның 2еуі педагог-шебер, 9-ы педагог-зерттеуші, 18-і педагог-сарапшы, 17-і педагог-модератор. Мектепте міндетті оқу қоры есебінен ыстық тамақпен 143 бала қамтылған. Оның 92-сі бастауыш сынып оқушысы болса, 51-і әлеуметтік аз қамтылған отбасының балалары.
Былтырғы оқу жылында аталған білім ордасының ұжымы өскелең ұрпақты оқытып тәрбиелеуде қалтқысыз қызмет етіп, мол жетістікке қол жеткізген. Оған мектеп қабырғасында менмұңдалап тұрған марапаттар дәлел. Мәселен жаңа оқу жыл қарсаңында республикалық «Төлеген Айбергенов» оқулары мен «Абай» оқуы, «Ілияс Жансүгіров» оқуларынан оқушылары жүлделі І, ІІ орын иеленгені үшін «Үздік шығармашыл мектеп» номинациясымен марапатталып, өткен оқу жылының қорытындысы бойынша «Ынтымағы жарасқан мектеп» номинациясын иеленген.
– Өзіңіз көргендей мектебіміз заман талабына сай материалды техникалық базамен қамтамасыз етіліп, оқушыларға әр пәнді терең үйретуге мүмкіндік беретін қажетті құрал-жабдықтармен яғни интерактивьті тақта, компьютерлермен жабдықталған. 2013 жылы мектеп бітірген түлектеріміз 10 жылдықта мектеп қабырғасына «Жасыл бұрыш» орнатты. Сол түлектердің 6-ауы қазіргі таңда мектепте өздерінен кейінгі жас ұрпаққа сапалы білім беріп, озат оқушы етіп шығаруда ерен еңбек етуде. Оқушылар сабақтан тыс бос уақытын түлектер тарту еткен «жасыл бұрыш» алаңында өткізеді, – дейді мектеп директоры Ләйла Шөменова.
Мектеп оқушылары түрлі аудандық, облыстық, республикалық, білім олимпиадаларына, ғылыми жарыстар мен шығармашылық байқауларға белсене қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Мәселен, 5-6 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың аудандық кезеңіне 12 оқушы қатысып, 3 оқушы жеңіс тұғырынан көрініп, 1-еуі облыстық кезеңге жолдама жеңіп алған. Ал дәл осы олимпиаданың 7-8 сынып оқушыларына арналған кезеңіне 20 оқушы қатысқан. Бұл кезеңде 10 оқушы жеңімпаз атанып, 2-еуі облыстық кезеңге өткен. Ал 9-11 сыныптан 24 оқушы қатысып, 9-ы жеңіспен оралып, 2-еуі облыстық кезеңге өтіп, алғыс хатпен оралған. Айта кетейік, былтыр дәл осы олимпиададан Кәусар Ердан құқықтық білім негіздері пәні бойынша республикалық кезеңге дейін барып, білімін саралаған. Мұнан бөлек ауыл мектебінің оқушыларына арналған ауыл олимпиадасының аудандық кезеңіне 18 оқушы қатысып, 5-еуі орын алып, 2-еуі облыстық кезеңнен ІІІ орын иеленген.
Сондай-ақ оқушылардың зияткерлік-шығармашылық әлеуетін және танымдық қызығушылықтарын ынталандыру мақсатында 2-7 сынып оқушыларына арналған «Зерде» зерттеу жұмыстары және шығармашылық жобалар республикалық конкурсының аудандық кезеңіне 9 оқушы қатысып, 7-еуі жүлделі орын алған. Сондай-ақ жалпы білім беретін пәндер бойынша 8-11 сынып оқушыларына арналған «Дарын» ғылыми жобалар конкурсының аудандық кезеңіне 3 оқушы қатысып, 2 оқушы жүлделі ІІІ орын алған.
Ал ҚР Білім Министрлігінің қолдауымен Қазақстандағы ең ауқымды ауыл оқушыларына арналған «IQanat» республикалық олимпиадасына 2020 жылдан бастап білім ошағының оқушылары қатысуда. Жаңа оқу жылында да аталған олимпиадаға 2 оқушы химия, математика пәні бойынша қатысып, Бурабайда орналасқан «IQanat Kazakh-English High School» мектебінде оқу мүмкіндігіне ие болған.
Сонымен қатар халықаралық Әл-Фараби олимпиадасына математика пәні бойынша 6 сынып оқушысы Мұхамедәли Атымтаев қатысып, аудандық кезеңнен ІІ орын алған. Әрине шәкірттердің айтулы жетістігі білікті мамандардың еселі еңбегінің жемісі.
Мұнан бөлек мектепте оқушыларды жан-жақты дамыту жұмысы бір жолға қойылған. Бүгінде аталған білім ошағында бірнеше үйірме жұмыс жасайды. Оның басым көпшілігі спорт саласына бағытталған. Ауыл балалары мұнда сабақтан тыс баскетбол, волейбол, футбол, теннис, домбыра, әскери патриоттық клуб сынды үйірмелерге қатысып, әртүрлі сайыста жеңіс тұғырынан көрінуде.
Мұнда оқушылар екі ауысыммен білім алады. Сабақтан тыс уақытында үйірмелер мен кітапханада өткізетін оқушылардың өнер мен білім бәйгесінде бәсі биік. Бүгінгі сапардан түйгеніміз осы.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!