Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыз қашанда жаңашылдыққа құштар болғанын, әрдайым білімге, шығармашылыққа және жасампаздыққа ұмтылған, бірлік пен ынтымақты ту еткенін баса айтып жүр. «Бүгінгі жас ұрпақ жаңғыру үдерістеріне атсалысып, елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың игілігін толық сезінуі қажет. Дарынды, талапты және еңбекқор жастар, оның ішінде ғалымдар – заманауи Қазақстанның жарқын келбеті. Жас әрі терең білімді азаматтар – ұлтымыздың басты капиталы және қоғамдағы оң өзгерістердің қозғаушы күші» деді Мемлекет басшысы.
Иә, бүгінде елдегі білім ошақтарын цифрландыру үдерісі ауыл мектептерінен басталды. Жалпы елімізде 5 мыңнан астам ауыл мектебі бар. Қуантарлығы, ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасына қатысты алшақтықты жою үшін ауыл мектептерінің деңгейі едәуір көтерілді. Бір сөзбен айтқанда, ауыл білім ошақтары мен қала мектептерінің жағдайы бір деңгейде десек, қателеспейміз.
Мәселен, былтыр «Қазақстан халқына» қоры есебінен ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту бағдарламасы аясында Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінде 250 млн теңге қаржы қаралып, оқу кабинеттері, зертханалар заман талабына сай жаңа жабдықтармен жарақталды. Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Бұқарбай батыр ауылындағы №33 орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудан оқушылары республикалық, облыстық деңгейдегі білім бәйгелерінде алдыңғы қатардан ұдайы көрініп келеді.
Мұнан бөлек аудан дарындары ауыл мектептерінің оқушыларына арналған олимпиаданың республикалық кезеңінде жүлдегерлер қатарынан көрініп келеді. Нәтижесінде республика көлемінде Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицей үздік 10 мектептің құрамына еніп, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Ең үздік ауыл мектебі» атағымен марапатталып, облыстың «Үздік мектеп» грантын жеңіп алған болатын.
Осы орайда аудан әкімі Ардақ Ибраимов «Руханият» орталығында ұйымдастырылған «Жас өнертапқыштар: Инновация және болашақ» атты аудан оқушыларының ғылыми-техникалық бағыттағы инновациялық жобалар көрмесімен танысты. Дарынды оқушылар ғылыми-техникалық бағыттағы инновациялық жобаларын жаңа ғылыми идеялар негізінде әзірленгенін жан-жақты түсіндіріп өтті. Ұсынылған жобалар қоғамның түрлі салаларында прогрессті қамтамасыз етуге, өндіріс пен қызмет көрсету процесін оңтайландыруға, ресурстарды тиімді пайдалану және экологиялық тұрғыдан таза суды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асыруға бағытталған.
Аудан әкімі инновациялық жобалардың болашақта ел игілігі үшін жүзеге асуына тілектестігін білдіріп, жас ғалымдар мен дарындылардың туындыларын жоғары бағалады.
– Әрбір жобаның артында үлкен еңбек пен шығармашылық ізденіс тұр және бұл жобалардың болашақта қоғамға қосар үлесі зор екені айқын. Жастарымыздың ғылыми-техникалық әлеуеті өте жоғары. Бұл жобалар ауданымыздың дамуына жаңа серпін беріп, еліміздің болашағы үшін маңызды қадам болмақ. Бүгінгі көрмеде көрсетілген жұмыстар мен идеялардың әрі қарай сәтті жүзеге асуына тілектеспін, – деді аудан әкімі.
Айта кетейік, инновациялық жобалар көрмесіне республикадан орын алған 30 жоба ұсынылды. Аудан оқушылары биылғы оқу жылында да республикалық, облыстық білім бәйгелерінде үздіктер қатарынан көрініп келеді.
Мұнан кейін «Білімді ұрпақ – жарқын болашақ кепілі» атты аудан әкімінің дарынды оқушылармен кездесуі өтті. Кездесуге жиылған республикалық пәндік олимпиада жеңімпаздары аудан басшысымен еркін форматта пікірлесіп, ашық диалог құрды.
– Сіздер, аудан, облыс, республикалық олимпиадада білімдеріңізді дәлелдеп, жеңімпаздар қатарынан көрініп келесіздер. Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен қазіргі таңда өңіріміздің білім саласында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен аудандағы мектептер заман талабына сай жабдықталды, бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасатын болады. Қазір білім аламын деген жастарға барлық жағдай жасалған. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Экономиканы өркендетуде білікті мамандар әркез сұранысқа ие, сондықтан ауданда қазіргі еңбек нарығына қажетті мамандар тізімі жасақталды. Елдің болашағы – өздеріңіз секілді білімді жастар. Алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуден сәтті өтіп, болашақта сұранысқа ие мамандықты меңгеріп шығуларыңызға тілектеспін, – деді Ардақ Ибраимов.
Президент Ұлттық құрылтайдың IV отырысында биыл елімізде 500 мың оқушыға арналған екі жүзден астам мектеп салынатынын мәлімдеген болатын. Шындығында, сапалы салынған қарапайым мектептерге де сұраныс жоғары. Үш жылда 1300, соның ішінде ауылдағы 900 білім ордасын жаңғырту міндеті тұр. Жаңа оқу жылына дейін мемлекеттік және жекеменшік мектептің барлығы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы құралдармен жабдықталуы тиіс.
Айта кетейік, Сыр елінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 6900 орындық 10 мектептің құрылысы жүргізіліп, 2700 орындық 5 мектеп пайдалануға берілді. Былтыр аймақта 6 мектеп, ал 5 білім ордасына қосымша ғимарат салынып, Арал ауданы Тоқабай ауылындағы, Шиелі кентіндегі және осы ауданның Жансейіт ауылындағы апатты мектептердің мәселесі шешімін тапқан болатын. Тағы 8 мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілген.
Сондай-ақ Жалағаш кентінде өнерлі жастардың бас қосатын мекені 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі ел игілігіне берілді.
– Бүгін біз үшін ерекше күн. Бірыңғай «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан» олимпиада жеңімпаздарының қатарынан табылып, осындай құрметке ие болу – біз үшін үлкен абырой. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің жас таланттарын қолдау елдің болашағына инвестиция екенін атап өтті. Жастардың білім мен ғылымға ұмтылысын қолдайтынын айтып, олардың жетістігі елдің дамуына қосылған үлес екенін айтқан болатын. Республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда бірнеше рет жаратылыстану-математика, қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша ауданның, облыстың мерейін қазақ тілі, орыс тілі, биология пәндері бойынша жеңімпаз болып жүргенім тек өзіміздің ғана емес, бізге білім берген ұстаздарымыз бен ата-анамыздың да еңбегі деп білемін. Осы мүмкіндікті пайдаланып, әрдайым білім мен ғылымға ұмтылу қажеттігін үйреткен ұстаздарымызға шексіз алғыс айтамын, – дейді Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы Рәбия Қодар.
Рәбия сынды дарынды оқушыларға мемлекет жыл сайын республикалық және халықаралық деңгейде пәндік олимпиадалар, ғылыми жарыстар, шығармашылық байқаулар ұйымдастырады. Сол арқылы жеңімпаздар мен жүлдегерлерге гранттар, стипендиялар және ЖОО-ға түсу кезінде жеңілдіктер беріледі.
Әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан дарынды балалар үшін «Қазақстан халқына» қоры, Президенттік білім гранттары қарастырылған. Сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдік үздік университеттерде білім алу мүмкіндігі бар.
Республикалық Ауыл олимпиадасында тарих пәнінен жүлделі ІІІ орын, қола жүлде иегері №201 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы, «Алтын белгіге» үміткер, Қорқыт ата университеті грантының иегері Бақытжан Берекет, №201 мектеп-лицейінің «Алтын белгіге» үміткер, республикалық Ауыл олимпиаданың физика пәнін 2 жыл қатарынан І орын және «Алтын медаль» иегері, Сүлеймен Демирел университетінің грант жеңімпазы Азамат Тұрсынбектің білімдегі жетістіктері талай жастың білім алуға деген ынтасын ашары сөзсіз.
Жиын соңында білім бәйгелерінде топ жарып жүрген озат оқушылар облыс әкімі атынан бағалы сыйлықтарға ие болып, аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Ж.МАХМҰТҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!