Ауылдарды дамытуға бағытталған жарқын жобалар ел қуанышын еселемек. Соның бірі ауданмен іргелес жатқан Бұқарбай батыр ауылында биыл айтарлықтай ауқымды істер атқарылады. Еңбекпен еңсе тіктеген елді мекеннің бүгінгі тірлігі тындырымды, шаруасы ширақ екенін аудан жұрты жақсы біледі. Халқы да бірлікті ту етсе, ауыл әкімі елді мекеннің гүлденуіне жүйелі жұмыстар атқаруда.
Жалпы, ауданда әлеуметтік-экономикалық даму, аудан халқының әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жетілдіру секілді мәселелер күн тәртібінен түспей келеді. Бірнеше жылға жоспарланған ауданға қарасты елді мекендерді дамыту жобасы аясындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Әсіресе ауылдық жерлердегі жол жайы, жарық пен аяқ су мәселесінің оң шешімін тауып жатқаны көңіл қуантады. Ал бір ғана Бұқарбай батыр ауылдық округі бойынша өткен жылы «Байтабын» ЖШС-ның жеке қаражаты есебінен балалар ойын алаңы салынды.
Жоба құны 10 млн теңгені құрады. Ал биыл демеушілер арқылы «Мелиоратор» ЖШС-ның жеке қаражаты есебінен 10 млн теңгеге Бұқарбай батыр атындағы мешітке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қазіргі уақытта аталған мешіттің үлкен және кіші күмбездері мен сыртқы есігі жаңадан ауыстырылған. Қазан айына дейін ішкі және сыртқы қасбеттеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар осы серіктестіктің демеушілігімен 25 млн теңгеге «Демалыс паркі» құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары қазан айында толық аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беріледі деп күтілуде.
«Жаңару» ФҚ-ның жеке қаражаты есебінен 2 млн теңгеге маусым айында Ким Яков көшесіне тас төсеу жұмыстары жүргізіліп, тиісті жұмыстар толық аяқталған. Ал «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында А.Құнанбаев, Бұқарбай батыр, А.Төлеубаев көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны – 181 млн 592 мың 600 теңге. Мердігер мекеме – «Көлік құрылыс компаниясы» ЖШС. Бұдан бөлек ауылішілік 11 көшеге, яғни Т.Үркімбаев, Н.Оспанқұлов, Ким Яков, П.Әлпейсов, Қойшығұл, Ж.Сақтағанова, С.Айтуаров, Ә.Досымбетов, Ә.Бердаулетов, С.Байқадамов, Қ.Сейтов көшелеріне асфальт төсеу жұмыстарына бюджеттік өтінім ұсынылған. Аталған жұмыстардың жоба-сметалық құжаттары жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткен.
Тағы бір сүйіншілейтін жұмыс – А.Құнанбаев, Бұқарбай батыр, А.Ізтелеуова, Т.Үркімбаев, Н.Оспанқұлов, Ким Яков, П.Әлпейсов, Қойшығұл, Ж.Сақтағанова, Н.Алмағанбетов, Ж.Ермағанбетов, Ж.Жабаев, Ә.Досымбетов, Ә.Бердаулетов, С.Байқадамов, Қ.Сейтов сынды 16 көшеге жарық шамдар орнатуға 172 млн 856 мың 206 теңге бюджеттік өтінім ұсынылған. Бұқарбай батыр ауылындағы негізгі жобалардың бірі 3 көшеге, яғни А.Құнанбаев, А.Төлеубаев, Бұқарбай батыр көшелеріне биыл жалпы құны 184,1 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізіледі.
Бәрімізге белгілі ауылдық жерлердің негізгі күнкөріс көзі – ауыл шаруашылығы. Ал біз айтып отырған ауылда егін шаруашылығының үлесі басым. Ауылдық округтің егіс алқаптарынан барлығы 30 гектар жер ашылып, бұл жерге бүгінде 230 отбасы бақша өнімдерін орналастырып, күтімге алған. Ал сыр салысының үлесі 3 241 гектарды құрайды.
Бұқарбай батыр ауылында кәсіпкерлікке бетбұрғандар да аз емес. Жыл басынан бері 5 тұрғын қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отыр. Жолы болған жандардың басым бөлігі мал шаруашылығын дөңгелентуді жөн көріпті. Ал мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде пайызы тиімді несие рәсімдеген 9 шаруашылық бар. Бұлардың барлығы егін және мал шаруашылығын дамытуға күш салған. Сонымен бірге «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 7 тұрғын құжат тапсырыпты, нәтижесі алдағы уақыттың еншісінде.
Көріп отырғанымыздай, бір ғана Бұқарбай батыр ауылының өзінде қанша көше жөндеуден өтіп, қаншама көше жарықтандырылмақ. Бұдан бөлек атқарылып жатқан жұмыстарды қосыңыз. Барлығы ел игілігі үшін. Игілікке бағытталған жобалар өміршең, нәтижесі оңынан болса, ауылдардың көрсеткіші арқылы ауданның даму динамикасы жоғарыламақ.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!