Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

27°C

, Жұма, 03 мамыр, 20:28

3 жағдай анықталған

27.01.2024

413

0

Қызылорда облысы бойынша жыл басынан бері көкжөтел ауруының зертханалық дәлелденген 3 жағдайы тіркеліп отыр. Ал 2023 жылы бұл сырқат түрімен 1 жағдай анықталған. Мамандар барлығы балалар және көкжөтелге қарсы екпе алмағандар екенін айтады. Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлзираш Айымбетова да БАҚ өкілдерімен өткен брифингте індеттің алдын алуда екпенің маңыздылығына мән берді.

Спикердің айтуынша, көкжөтел – балаларда жиі кездесетін және жыл­дам таралатын тыныс жол­да­ры­ның жұқпалы ауруы. Нау­қас бала жө­телгенде бак­те­­риялар оның демі мен қақыры­ғы арқылы ауаға тарап, ауру сау балаға жұ­ғады. Сонымен қатар сырқат ба­ла­ның пайда­ланған ойыншығы, ыды­сы арқылы да жұғуы мүм­кін. ауданның бас санитары Гүл­зи­раш Айымбетова көкжөтел ау­­руы­ның белгілеріне де тоқталып өтті.
– Көкжөтелдің пайда болу себеп­тері бактерия жөтел­генде немесе сөй­легенде бө­лінетін сілекей арқылы жұғады. Сондықтан бұл ауруды нау­қас­­пен байланыста болған барлық адамдар жұқтыруы мүм­­­кін. Әсі­ре­се көкжөтел бала­бақ­шада жыл­дам таралады. Ал ере­сек­терде кейде бұл ауру еш белгі бермейді, бірақ олар тасы­мал­даушы болады. Көк­жө­телге қар­сы туабіткен имму­нитет жоқ, сон­дықтан оны кез келген адам жұқтырып алуы мүмкін. Әдетте көкжөтел 6-7 аптаға созылады. Аурудың жасырын кезеңі 2-15 көбінесе 5-7 күнге дейін со­зы­ла­ды. Алғашқы кезде бала жө­те­леді. Мұрны бітіп, ұйқысы қашады, дене қызуы 38,5-39°С-қа дейін кө­те­ріліп, тамаққа тәбеті болмайды. Бірте-бірте жөтелі күшейеді, әсіресе түнге қарай жиі жөтелген кезде бала бу­лығып қысылады. Қызарып-көгеріп, кө­зінен жас ағып, кейде кіші дә­ретін де ұстай алмай қалады. Жөтел қақырық түскеннен кейін басылады. Бұл кезең 2 аптаға, кейде 2 айға дейін созылады. Содан кейін көкжөтелдің беті қайтып, тұншықпалы жөтел азаяды, бала 2-3 апта жәй жөтеліп жүреді де, бірте-бірте аурудан айығады, – дейді Гүл­зираш Айымбетова.
Басқарма басшысының ай­туын­ша, көкжө­тел ауруымен 7 жасқа дейінгі балалар, көкжөтелге қарсы екпе ал­ма­ғандар және жұқпаны тасы­мал­дау­шымен үне­мі байла­ныста бол­ғандар тез ауырады. Кез келген жұқ­палы ау­ру­дың алдын алудың ең тиімді әдісі – екпе егу.
– Ұлттық вакцинация күнтіз­бесіне сәйкес, сәбилерге қойыла­тын ал­ғаш­­қы вакциналардың бірі – AбКДС, ба­ла­ларды 3 ау­рудан, яғни дифтерия, сіреспе және көкжөтелден қорғайды. Көкжө­телге қарсы ҚР ұлттық егу күн­тізбесіне сәйкес аурудың алдын алу үшін 2,3 және 4 айлығынан бастап балаларға жоспарлы про­филактикалық екпелермен қамту жұмыстары жүр­гізіле бастайды. Одан әрі қарай ба­лаға 1 жас 6 ай және 6 жасқа толған кезде ревакцинация, яғни қайталап егу жүргізіледі. Көкжөтел ауруының асқынуы тыныс жолдарының, мидағы қан айналымының бұзы­луына және баланың басқа да организміне қауіпті ауруларды әкелуі мүмкін. Бір жасқа дейінгі емізулі балалар үшін көкжөтел ауруы қауіпті, сондықтан ауруға қарсы екпені мүмкіндігінше бел­гіленген мер­зімде алуға кеңес бе­ре­міз, – дейді Гүлзираш Айым­бетова.
Айта кетейік, жыл басынан бері бұл инфекцияға қарсы екпе алмаған балалар арасында да көкжөтел ау­руы көбейген. Мә­селен, елімізде 159 көк­жөтел тір­келіп, оның 148-і көк­жөтелге қар­сы егілмегендер қа­та­рынан жә­не жұқ­тыр­ғандардың барлығы бала­лар екені анықталған.
Қазір ел ішінде кез келген ауруға қарсы вакцинаға байланысты кері көзқарас қалыптасқанын да жоққа шығара алмаймыз. Мұндай түсінік 2019 жылы тарала бастаған коронавирустан кейін қалыптасқан еді. Бірақ кереғар түсініктің елге тек зияны тигенін де жақсы білеміз. Тіпті уақытылы адам­дарға салынатын вакцинадан да бас тартатындар қатары артты. Сәй­ке­сінше жұқпалы аурулар да кө­бей­генін жоққа шығара алмаймыз. Бұл сө­зімізге өткен жылдың соңында елді қы­зылшаның қаулауы дәлел болады. Сондықтан әлеуметтік желіде желдей ескен бейресми ақпаратқа емес, ма­мандар кеңесіне құлақ асқан абзал екенін түсіну керек.

Ақтоты Бүркітбай

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: