Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

17°C

, Сенбі, 13 сәуiр, 12:17

Әскерде болған жауынгерлер ҰБТ-сыз ЖОО-на түсе алады

18.02.2023

383

0

Әскерде болған жауынгер биыл ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орнына түсе алады, деп хабарлайды Stan.kz.

Қазір Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жауынгерлерден өтініш қабылданып жатыр. Ниет еткендер жазда әскерден оралған бойда таңдаған білім ордасына барып, тек спорттық жаттығулардан ғана сынақ тапсырса жеткілікті.

Ақтөбедегі артиллерия және ракета бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген тоғыз жауынгер ҰБТ-сіз жоғары оқу орнына түсуге өтініш білдірген. Қазір олар медициналық тексеруден өтіп жатыр. Көбісі Алматыдағы құрлық әскерлерінің әскери институтын таңдаса, екі-үш жігіт ұшқыштар даярлайтын институтқа түсуді құп көріпті.

«Бізге айтқаны спорт жағынан дайындалу. Содан қабылдайды. Өтсеңдер, әрі қарай оқуға түсіп оқи бересіңдер деді. Бізге Астанаға, Алматыға немесе Ақтөбедегі ұшқыштар оқуына таңдау берді. Мен алыс болмасын деп Алматыны таңдадым», – дейді қатардағы жауынгер Арман Қожақынов.

Бұрын сарбаздар оқуға түсерде тест тапсырып, ҰБТ-ның ұпайын есептеп жүретін. Әскери комиссариатындағылар да осы сынақты алып тастағаны жақсы болды дейді. Өтініш білдіргендері әскери борышын өтеген бойда таңдаған оқу орнына тура тартады екен.

«Алдағы тамыз айына таман оқуға сол жаққа барады. Сол жерде сұхбат жүргізілгеннен кейін әскери оқу орнына қабылданады. Бұлар қазір алты ай мерзімді әскери қызметін өткерген ҚР қарулы күштер қатарындағы әскери борышын өтеп жатқан ер азаматтар», – деді Ақтөбе облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Мейрамбек Сақып.

ҰБТ-сіз ЖОО-на түсу әскерден қашып-пысып жүрген жігіттердің санын азайтатына әскерилер сенімді. Тек денсаулығы жақсы болса болғаны. Дәрігерлер бұрынғыдай майтабандар азайып, сезімдіктен ақ қағаз алатындар қазір жоқтың қасы дейді. Есесіне аллергияның кесірінен әскерге алынбайтындар көбейіпті.

«Аллергиясы барлар көп. Бронхиалды астма, алллергия, ортопедиялық  аллергия. Бұйрық бойынша, егер бронхиалды астма, демікпе анықталатын болса, ол әскерге жарамсыз болады», – дейді дәрігер Гүлжан Нұрғазиева.

Қазір аймақтардағы қорғаныс істері жөніндегі департаменттегілер көктемгі шақыртуға дайындалып жатыр. Елімізде биыл 35 мың жігіт әскерге алынуы тиіс. Әр облыстан 2500-3000 бозбала Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: