Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

11°C

, Бейсенбі, 28 наурыз, 13:16

Антына адал абзал жан

08.04.2023

619

0

«Ұмытпасам, 2013 жыл болуы керек» деп бастады ол әңгімесін. Денсаулық сақтау саласында 20 жылдық тәжірибесі бар Сандуғаш Рахымбекқызының өткен шаққа сәл шегініс жасайтындай реті бар еді, себебі екеуара жасалған диалог барысында ол саланың қызығы мен қиыншылығын қоса қамтыған болатын.

Жетісай қаласындағы медициналық оқу орнынан білім алған Сандуғаш еңбек жолын 2003 жылы аудандық ауруханада бастапты. Бес жылдай аудандық аурухананың қабылдау бөлімінде мейірбике болған ол жұмыста табандылығымен һәм жауапкершілігімен дараланды. Осылайша басшылық құрам ақ халатты абзал жанды 2007 жылы «Хирургия» бөліміне кезекші мейірбике етіп ауыстырады.

Бас дәрігердің бұл бөлімге Сандуғашты кезекші мейірбике етіп тағайындайтындай жөні бар, себебі мұнда көбіне күрделі жағдайдағы науқастар түсетін, ал оларды дертінен айықтыруға жұмыс жасайтын мамандар бойында бірінші кезекте біліктілік пен жауапкершілік болуы керек. Бүгінгі сұхбатта оның бойында бұл қос қасиеттің барын оңай аңғардық. Сөзі нық, жұмысы жүйелі, арнайы отырып сұхбат беруден де бас тартты, қарсы болатындай реті бар, себебі хирург тағайындаған күнделікті жұмысын жасайтын уақыт еді. Бөлімдегі науқастардың бірінің қан қысымын өлшесе, енді біріне кеңес беруде. «Дәрігердің сөзі де шипа» деген нақылдың мағынасына кезекші мейірбике мен науқастар арасындағы диалог барысында тағы бір мәрте көз жетті.

Сандуғаш Байкенова – жалағаштықтардың денсаулығын күзетуде уақытпен санаспай еңбек ететін абзал жандардың бірі де бірегейі. Оның жұмысы таңғы сағат 7:30-да әріптесінен кезекшілікті қабылдаудан басталады. Содан кешкі 20:00-ге дейінгі уақыты мұндағы науқастарға ем-дом жүргізумен өтеді. Кейде күрделі науқастар бір күнде көптеп түсіп жатса, оның уақытпен санаспауына тура келеді, алайда антына адал жан «менің уақытым таңнан кешке дейін» деп бұлданып көрмепті. Керісінше «Дәрігер қай уақытта да қиын жағдайға дайын болуы керек» дейді ол.

– Иә, дәрігер расында қай уақытта да қиын жағдайға дайын болуы керек. Себебі біз тікелей адамдардың денсаулығына жұмыс жасаймыз. «Хирургия» бөліміне қандай науқастар түсетінін айтпаса да жақсы білесіздер, біз оларды тексеріп, ем-дом жүргіземіз, күрделі жағдайдағы науқастарды отаға да біз дайындаймыз. Бастысы, жасап жатқан еңбегіміз еш кеткен кездер болған жоқ. Барынша жалағаштықтардың денсаулығын күзетуге тырысамыз және бұл бағыттағы жұмысымыз өз жемісін беруде. Біз үшін науқастың дертінен айыққанын көруден бақыт жоқ.

Науқастың ем-домын алып, отбасына аман-есен оралғанын көргенде өзіміздің еңбегімізге марқайып қаламыз, мен үшін одан артық бақыт жоқ, адамдардың бізге жаудырған алғысы бойдағы жауапкершілікті еселейді, – дейді Сандуғаш Рахымбекқызы.

2013 жылы бөлімге 4 науқастың күрделі жағдайда түскені кезекші мейірбикенің әлі күнге дейін көз алдында. Ақ халатты абзал жан барлығының өмірін ажалдан арашалағысы келеді, бірақ іште мейірбикеден бір өзі, алайда барлық науқасты отаға дайындау қажет, абырой болғанда күндіз кезекшілікті тапсырған әріптесі де оның қасына көмекке келеді. Осылайша бірігіп, 4 науқасты отаға дайындайды, барлығына ота сәтті жасалып, кейін науқастар аман-есен отбасына оралыпты. Бұдан олардың бойындағы жауапкершіліктен бөлек ұжымның ауызбіршілігін де оңай аңғардық. Міне, осылайша көлік апатына түскен жерлестеріміз аман қалыпты.

Кейіпкеріміз жайында толығырақ білу үшін әріптестерін де, ондағы науқастарды да әңгімеге тарттық, бәрінің айтатыны бір сөз. Абзал жандар оның бойындағы жауапкершілігін, науқастарға жанашырлығын тілге тиек етсе, ем алушылар оның қолы жеңіл деп мақтай кетті. Кез келген адамның артынан мұндай жақсы әңгіме ермейді, елдің берген бағасы оның абыройын арттырады, жұмысына шабыт береді, өзі де жоғары бағаға лайық еді.

Қазір Сандуғаштың жетістігін бір еңбекпен айтып тауысу мүмкін емес, аудан әкімінің, «Amanat» партиясының бірнеше рет алғыс хатымен, құттықтауымен марапатталды, былтыр аудан бойынша мейірбикелер арасында «Ең үздік мейірбике» номинациясы да өз иесін тапты. Ол тағы да осы Сандуғаш Рахымбекқызы болатын.

Кейіпкеріміз қазір мұнда 20-ға жуық науқас жатқанын айтады. Көбіне мұнда жол апатынан зардап шеккендер жеткізіледі екен. Антына адал абзал жандар олардың тәулік бойы денсаулығын күзетіп, дертінен айықтырады, бұл бағыттағы ұжымның ісі нық, жұмысы жүйелі.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: