Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

7°C

, Бейсенбі, 28 қараша, 18:58

Антына адал абзал жандар

13.02.2024

297

0

Қыс қаһарына мінген шақта қызмет бабымен омбы қарды кешіп жүрген абзал жандардың видеосы елдің жүрегін елжіретті. Олардың сол күні жүрек талмасынан құлаған науқасқа бет алғаны белгілі болды. Видео авторы Сая Рысбай Ақтөбе облысында жедел жәрдем бригадасының аға фельдшері екен.

Иә, абзал жандардың аязды күндері де антына адалдығына тәнті болған отандастар алғыс жаудырды. Белден қар кешіп, діттеген жеріне дейін еңбектеп барған олар осылайша көпшіліктің ықы­ла­сына бөленді. Кейін әріптестерінің ер­­лігіне тәнті болған сала министрі Ақ­ма­рал Әлназарова да Ақтөбедегі ақ­ха­лат­тыларға өзі де арнайы алғыс айтты.
Боранды күні халыққа көмек көрсетуге асыққандар мемлекеттік наградаға ұсы­нылды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Жуырда еліміздің бірқатар өңі­рін­де табиғат тосын мінез танытып, жағ­дай қиындаған кезде жергілікті атқа­рушы би­ліктің, Төтенше жағдайлар министрлі­гі­нің және құқық қорғау органдарының қыз­­меткерлері, медицина мамандары, ком­­муналдық қызмет пен автомобиль жол­дарының жұмысын қамтамасыз ету саласының өкілдері, сондай-ақ басқа да азаматтар халықтың қамы үшін жан­қияр­лықпен еңбек етті» делінген хабар­ла­мада.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев олар­дың бәріне шын жүректен алғыс ай­тып, жылы лебізін білдірді. Еңбегі ерен бір топ азамат мемлекеттік наградаға ұсы­­нылды. Дәл осы жазбаны ақпараттық агенттікте оқырманмен бөліскеніміз сол еді, әлеуметтік желіде олардың бұл ма­ра­патқа әбден лайық екенін жарыса жаз­ған­дар көп болды.
Бір қызығы, қызмет бабынан бей­не­түсірілімді желіге жүктеген Сая Рысбай Қызылорда облысының тумасы екен. Ақ­төбе облысында туысқандарының үйін­­де тұратын жерлесіміз бұған дейін де бір­неше науқастың дертіне дауа тапқан. Бү­гінгі таңда әлгі туыстарының басқа өңірге қоныс аударуына байланысты інісі екеуі сол қалада пәтер жалдап тұрады екен.
Біз көріп отырған бір ғана жағдай, негізінен олардың кадр сыртында қан­шама еңбегі ескерусіз жатқанын бірі біл­се, енді бірі біле бермейді. Бұған дейін әлеу­меттік желіде жедел жәрдем қыз­меткерін соққыға жыққан азаматтың теріс әрекеті үшін өзін қайдам, біз ұялдық.
Естеріңізде болса, шет елдердің бі­рін­де шақыртуға асығып бара жат­қан жолдағы жедел жәрдем көлігі әлеу­мет­тік желіде тараған болатын. Әлгі бей­не­тү­сірілімде кептелісте тұрған қан­шама көлік ауызбіршілікпен оған жол ашады. Міне, бізде де осындай мәдениет болуы керек. Бір ғана оң әрекетің бір адамды ажалдан арашалауға үлкен үлес болуы мүмкін, бір ғана теріс қылығың үлкен мә­селеге айналуы тағы ғажап емес. Осы қа­перде болса дейсің ғой.
Кеше ­рес­ми ақпараттық-агенттіктердің бірінде «Ен­­­ді жедел жәрдем қызмет­кер­лерін соқ­қыға жыққандар қатаң жа­заланады» деген ақпаратқа көз түсті. Ес­теріңізде бол­са, бұған дейін елімізде қаскөй ор­ман­­­шының өмірін қиғанда да осындай мәселе көтерілген. Одан кейін орман өрті орын алғанда ТЖД маман­дарына қа­тыс­ты осындай мәселе тағы ай­тылды. Бұл біздің әлі де себеппен емес, салдармен күресіп жатқанымызды және сол әде­ті­мізден таймайтынымызды аңғартса ке­­рек. Олай емес десеңіз, әр сала ма­ма­­нының мәртебесін белгілеп алатын уа­қыт әлдеқашан жетті емес пе?

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: