«Жалағаш ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы» өндірістік бөлімшесі халықты ауызсумен қамтамасыз етуден бөлек, орын алған апаттық жағдайларды қалпына келтіру, таратылған ауызсу көлемінің қаржысын жинау жұмыстарын атқарады. Биыл мамандарды толықтыру жұмыстарының нәтижесінде 98-ден 121-ге өскен. Елді мекендердегі насос станса машинистері де 3 маманға толыққан. Бөлімше теңгеріміне жаңадан 2 техника қосылды. Аудан жұрты бүгінде тәулік бойы ауызсумен қамтамасыз етілген. БАҚ өкілдерімен өткен брифингте Жалағаш ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы өндірістік бөлімшесінің басшысы Ғани Дюсекбаев осылай деді.
Айта кетейік, өндірістік бөлімше базасына тіркелген жалпы 91 бюджеттік мекеме мен 151 заңды тұлға су есептегіш құралымен ауызсу пайдалануда. Жеке тұлғалардан 6 873 абоненттен, ауызсу пайдаланушы 34 191 тұрғын тіркелген. Оның ішінде су есептегіш құралымен 5 999 тұрғын үй қамтылған.
Бөлімшеге жыл басынан бері филиалдан су есептегіш құралын орнату үшін 647 су есептегіш құралы бөлінген. 9 айлық көрсеткіште нақты ауыстырылған су есептегіш құралдарының саны 682 данаға жетті. Жарамдылық мерзімі – 5 жыл, мерзімі өткен соң қайта ауыстыруға жатады.
– Су есептегіш құралы мерзімі өткен соң ауыстыру жұмыстарын жүргізу үшін 1790 теңге төлем жүргізу қажет. Абонент су есептегіш құралын жаңадан орнатқан жағдайда жеке тұлға үшін 4 300 теңге, заңды тұлға үшін 5 230 теңге болып табылады. Бітеме (пломба) басу 275, су есептегіш құралының белгісіз жағдайлармен бітемесі үзіліп немесе су есептегіш құралын ауыстырған жағдайда қайта бітеме басу үшін 550 теңге алынады. Су есептегіш құралы болған кезде 1 адамға арналған тұтыну нормативі кезінде тәулігіне 140 литр мөлшерінде есептеледі. Ауызсу ысырабына жол бермеу үшін, бөлімше тарапынан су есептегіш құралын орнату, мерзімі жеткен құралдарды ауыстыру жұмыстары атқарыла береді, – дейді Ғани Дюсекбаев.
Спикер бөлімше мен тұрғындар арасында келісім-шартқа отыруға мүмкіндік барын айтады. Келісім-шарттың мәні, абоненттің су есептегіш құралына дейінгі ауызсу жүйесінде ақау орын алса, бөлімше тарапынан келісім-шарт шеңберінде слесарь-жөндеуші мен кран машинисінің қызметтері тегін көрсетіледі. Келісім-шарт мерзімі – 1 жыл, жеке тұлғалар үшін – 2500 теңге, заңды тұлғалар үшін – 4400 теңге.
– Жалпы 2025 жылдың 9 айында аудан бойынша таратылған су көлемі және ауыз су қаржысын жинауда нақты жұмыстар атқарылды. «Жалағаш ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы өндірістік бөлімшесі тарапынан 2025 жылы 629 515 текше метр ауызсу тұтынушыларға таратылды. Таратылған су көлемінен 68 804 491,008 теңге қаражат жиналды. Оның ішінде 21 518 740,59 теңгесі жеке тұрғын үйлердің қаржысы болып табылады. Жыл аяғына дейін қаржы жинау жұмыстары жалғасын табады, – дейді спикер.
Ол жыл басынан бері филиал тарапынан ұйымдастырылған рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде рәсімделген тексеру актілері 100 пайыз өндірілгенін айтады. Орын алған су шығындарын болдырмау үшін су есептегіш құралын 100 пайызға жеткізу қажеттігін қаперге салды. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалғасатынын жасырмады.
Осыған дейін субсидия қаржысын игеру жұмыстарында кейбір елді мекендерде адам санының айырмашылығы орын алған. Алайда қазіргі таңда ауыл әкімшілігі мен бөлімшенің есебі бір жүйеге келтірілген. Сондықтан бөлімше басшысы алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар қиындық туғызбайтынын айтады.
Ауданда биыл 9 айда 314 апаттық жағдай орын алған. Қалыптасқан мәселені дер кезінде қалпына келтіру бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Апаттық жағдайлардың көпшілігі ауызсу құбырының жарылуы, құдық ішіндегі фасонды бөліктің шіруі және ауызсу мұнарасының шіруі болып отыр. Ауызсу мұнарасы бойынша Бұқарбай батыр елді мекенінің 50 текше метр және Жаңаталап елді мекенінің 25 текше метр ауызсу мұнарасын ауыстыру қажет. Бөлімшеге қарасты Жаңаталап, Жаңадария, Далдабай, Мырзабай, Жаңақоныс елді мекендерінде қазіргі таңда әрқайсысында бір-бірден су ұңғымасы жұмыс істеп тұр. Спикер аталған елді мекендерде апаттық жағдайлар орын алып жатқанын жасырмады. Сондай-ақ ұңғыманың істен шығу қаупі бар. Кенеттен туындауы мүмкін апаттық жағдайларда елді мекендерді ауызсусыз қалдырмау үшін әр елді мекенге қосымша екінші ұңғыма салу қажеттігі туындап отыр. Қазіргі таңда екінші ұңғыма жұмыс жасап тұрған жоқ. Ауызсумен жабдықтау жүйесін эксплуатациялық қалыпты жағдайда ұстап тұру, жоспардан тыс апаттық жағдайларды шұғыл қалпына келтіру және жоспарлы алдын ала жөндеу жұмыстары уақытылы атқарылуда.
Ғани Дюсекбаев халық тұтынатын ауызсу сапасы да бақылауда екенін айтады. Тұтынушыларға берілетін ауызсудың сапасын анықтау мақсатында аудандық СЭС мекемесімен келісім-шарт жасалып, ай сайын ауызсудың үлгісі алынып, су құрамы тексеріліп отырады. Сонымен қатар су құбыры және су сақтау қоймаларына көктемгі-күз мезгілінде жуу және залалсыздандыру жұмыстары СЭС мекемесінің мамандарының қатысуымен өз деңгейінде жүргізіліп отырады.
– Суды залалсыздандыру жұмыстарына филиал тарапынан гипохлорит кальция ұнтағы жылына 2 рет бөлінеді. Ауыз су қоймаларын залалсыздандыру жұмыстары жылдың көктем және күз мезігілдерінде аудандық СЭС мекемесіне ескертілу арқылы атқарылады. Дизельді электр станса және автотехника жайына келсек, ауданда 17 ДЭС қондырғысы бар. Оның ішінде 3 ДЭС қондырғысы жұмыс жасамайды, яғни жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Атап айтқанда, Далдабай Жалтынов, Дәуімбай және орталық насос стансаларындағы дизельді электр стансалары. Жоспарлы алдын ала жөндеу жұмыстары да жүріп тұрады, – дейді спикер.
Жыл басынан бері жоспарлы алдын ала жөндеу жұмыстары өз деңгейінде атқарылуда. Оның ішінде насос стансаларын сырлау, ақтау, ашып-жабу реттегіш арматуралары мен гидранттарды майлау жұмыстары да жүргізіледі. Күрделі жөндеу жұмыстарына қажетті ашып-жабу арматуралары, вантуз және қайтарма клапандары қажетті сұраныспен филиалдан жеткізілуде. Қазіргі таңда филиал тарапынан Жалағаш ауданы Еңбек ауылындағы насос станциясына және Жалағаш кенті Нысанбай жырау көшесі бойындағы 225 м d-225 мм труба ПХВ ауыстыру, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Мырзабай ахун мен Жаңаталап ауылындағы насос станцияларына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар.
Бөлімше басшысы алдағы уақытта аудан көлеміндегі барлық насос станцияларына күрделі жөндеуді қажет ететін нысандарға ақау актілері жасалып, Қызылорда қаласындағы «Сыр суы» филиалына жолданып, жоспарға сәйкес зерделеніп жатқанын айтады. Тарқатып айтсақ, олардың қатарында Жалағаш кенті Мырзалиев көшесі №24 мекен-жайда орналасқан әкімшілік ғимараты және насос станциясы, Жалағаш кенті Дәуімбай насос станциясы, Жалағаш кенті Мысық би насос станциясы, Таң, Мөрәлі Шәменов, Бұқарбай батыр, Мәдениет, Қаракеткен, Еңбек, Д.Жалтынов, Аққұм, Ақсу ауылдарындағы насос станциялары бар.
– Сонымен қатар Жалағаш кенті Тұңғышбаев көшесі мен Жеңістің 50 жылдығы көшесінің бойы, Абай көшесі мен Рахимов көшесінің қиылысы, Желтоқсан көшесі мен Бұқарбай батыр көшесінің қиылысы, Рахимов көшесі мен Әйтеке би көшесі аралығы, І.Қабылов көшесі мен Т.Қыстаубаев көшесі қиылысы, Т.Қыстаубаев көшесі мен І.Қалыбаев көшесі қиылысындағы тұйықталған ауызсу жүйесін жаңадан жүргізу арқылы қосу жұмыстары қарастырылуда. Халыққа тәулік бойы сапалы ауызсу жеткізу мақсатында алдағы уақытта тиісті жұмыстар жалғасын табады, – деді бөлімше басшысы.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!