Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Жұма, 13 желтоқсан, 13:23

Аудандық кітапханада жүйелі жұмыс бар

11.12.2022

1458

0

Аудан тарихымен біте қайнасқан, адамзаттың рухани тыныс-тіршілігінің көзі – аудандық кітапхана ісі бүгінде жүйелі жұмыс істеп тұр. Оқырман талғамынан шығатын кітап қорын көбейтіп, ішкі жүйені заманға сай жетілдіре білді. Ғасырға жуық тарихы бар рухани ордада соңғы жылдары көптеген өзгерістер орын алды. Ал осы кітапхана ісін дөңгелентіп отырған кітапханашылардың еңбегі бір бөлек әңгіме. Кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы – кітапханашылар. Бұл кәсіптің беделі де, мамандардың ынта-ықыласы да жоғары болғанымен, көп аса елене бермейтін. Енді міне, бұл күндер артта қалды, кітапханашылар үшін кәсіби мереке күні белгіленді. Жыл сайын 22 қазан кітапханашылар күні болып атап өтілмек.

Жалпы аудандық кітапхананың аудан тарихында алатын орны ерекше. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің негізі ауданның құрылуымен тұспа-тұс, яғни 1939 жылы қаланды. Архив құжаттарында 1946 жылы кітапхана меңгерушісі Базаркүл Сәрсенбаева, 1948 жылы Андақұлова болғаны туралы дерек бар. Ал 1950 жылы аудан кітапханаларындағы кітап қоры 20 мың дана болып, кітапхананы Дәмеш Ормаханова басқарды. 1979 жылы аудан кітапханалары «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» болып қайта құрылды. Штат бірлігі көбейіп, мұнда кітаптарды жинақтау және толықтыру, әдістемебиблиографиялық және оқырмандар бөлімі ашылды. Кейін, яғни 1953-1975 жылдары аралығында кітапханалар саны 31-ге жетіп, кітап қоры 120 мың дана болса, 1975-1990 жылдары кітапханалар саны 33-ке көбейіп, кітап қоры 220 мың данаға жетті. Орталықтандарылған кітапханалар жүйесі құрылғаннан бастап Роза Исабекова, Алмагүл Қойшығұлова, Баян Төлегенқызы кітапханалар жүйесінің директоры болып жұмыс істеді. 2012 жылдан бастап бұл салаға өзім басшылық жасап келемін.

Жалпы адамзаттың рухани тыныс-тіршілігінің көзі болып табылатын кітапхана қазіргі кезде әр адам үшін білімін жетілдіруге, ақпараттық қажеттіліктерін ақысыз қанағаттандыруға, қызығушылығы ортақ мүдделестермен кездесу алаңына, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін орталыққа айналып отыр. Жаңғырған әлемнің жаңарған келбетіне айналған Жалағаш аудандық кітапхана ғимаратына 2019 жылы республикалық «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында қажетті қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл да болса кітапхана ісінің алға басуына, қызметкерлердің талапқа сай ғимаратта оқырманға сапалы қызмет көрсетулеріне мүмкіндік берді. Ал қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз. Сондықтан біз кітапханашылардың еңбегін бағалай отырып, білімнің бастауы кітаптың мәртебесін көтерумен бірге, елімізде болып жатқан әрбір оқиғалардың насихатшысы кітапханашылардың еңбегін де айтпай кете алмаймыз.

Әрине бұл бөлімдердің барлығының түпкі мақсаты оқырман талабынан шыға білу, сұранысын дер кезінде қамтамасыз етуді көздейді. Мәселен, кітаптарды жинақтау және толықтыру бөлімі кітапханаға түскен жаңа кітаптардың өңделуін қамтамасыз етеді. Бұл кітаптар дер кезінде аудандық кітапхана мен барлық ауылдық кітапханаларға таратылады. Жыл соңында мазмұны ескірген және тозығы жеткен кітаптар кітапханалар есебінен шығысталады. Ал сирек кездесетін кітаптар мен жұмыс барысында ел ішінен жинақталған құнды қолжазбалар мен кітаптар әлі де жиналу үстінде. Әдістеме-библиография бөлімінде кітапханаларға әдістемелік-тәжірибелік көмек көрсетіле отырып, кітапханалардың қызметін талдап және жоспарлау жұмыстары жүргізіледі. Кітапхана ісі мәселелері бойынша кеңес береді. Орталық кітапхананың әдістемелік жұмысы жоспарланып, кітапханаларда болу кестесі жасалады. Бөлім кітапханалар қызметтерінің жоспарларын жасауға есептерді, статистикалық көрсеткіштерді сараптауға көмек көрсетеді. Жыл көлемінде жүйенің өзге құрылымдық бөлімшелерімен жұмысын үйлестіреді, басқа кітапханалармен, ұйымдармен іскерлік байланысты жүзеге асырады. Ал оқырмандар бөлімі аты айтып тұрғандай, оқырмандарға сапалы қызмет көрсетеді. Басты мақсаты барлық деңгейдегі пайдаланушыларға ақпарат беру, талаптарын тез және сапалы орындау болып табылады. Оқырмандардың оқуға және кітапқа деген тұрақты қызығушылығын қалыптастырады.

Ұлттық рухани құндылықтарды, жеке тұлғалардың өмір жолымен таныстырып, жас ұрпаққа кеңінен насихаттап, кітапхана мен оқырманды, оқырман мен белгілі тұлғалар арасын жақындастыру мақсатында «Рухани қазына» кіші бағдарлама аясында «Цифрлы Қазақстан», «Жүрек жылуы», «Жас қалам»,«Цифрлы Қазақстан – кітапхана дамуына жаңа серпін» және «Өркениетке бастаған туған өлке» атты жобалар аясында жұмыстар жүргізіліп келеді. Мұнымен қоса кітапхана ұжымы түрлі бағыттағы мәдени-көпшілік шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып, оқырмандар ықыласына бөленіп келеді. Әсіресе коворкинг орталықтарының ашылуы оқырмандар үшін жақсы жаңалық болды. Сонымен бірге 23 сәуір – Бүкіл дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні мен 2022 жыл – Балалар жылы аясында «Кешкі кітапхана әлемі» атты мәдени акция ұйымдастырылды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының – 150 жылдығына орай «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында жыл бойына көптеген іс-шара ұйымдастырылып, ақын, зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері А.Байтұрсыновтың шығармашылығы оқырмандарға таныстырылса, «Кітап оқып, өзіңді шыңда» атты аудандағы мекеме қызметкерлері арасында кітап оқу байқауы да назардан тыс қалмады. 2022 жыл – Балалар жылына орай «Бала бақыты бәрінен қымбат» тақырыбымен ашық есік күні, «Кейіпкерлер әлемі» атты кітап сыйла акциясы «Туған жердің тарихы мен сәулеті» байқауы, «Бірге оқимыз, бірге ойнаймыз» спорттық рандеву, «Мен және менің отбасым» тақырыбында аймақтық эссе жазу байқаулары ұйымдастырылды. Біздің кітапхана жұмысының жетістігі де жоқ емес. Жасалған әрбір жүйелі іс қалай нәтижесін берсе, солай кез келген салада белгілі бір деңгейде жетістікке жетуге болады. Мәселен, «Рухани қазына – 2022» республикалық фестивалінде Аққұм ауылдық кітапханасы «Үздік ауылдық маңызы бар кітапхана» номинациясын иеленсе, Мәдениет ауылдық кітапханасы «Jana kitaphana – 2022» республикалық онлайн байқауына қатысып, «Заманауи кітапхана» номинациясы бойынша Қазақстан Республикасының үздік кітапханасы атағына ие болды.

«Цифрлы Қазақстан» жобасының негізгі мақсаты ақпараттық жүйелерді қалыптастыру, жетілдіру, азаматтардың тиісті ақпараттарға қолжетімділігін қамтамасыз ету болмақ. Бұл ретте аудандық кітапханалар жүйесі біршама жұмыстар атқаруда. Кітапхана «РАБИС» бағдарламасының «Каталогизатор» модулі бойынша кітаптардың библиографиялық сипаттарын жүйеге енгізіп, әдебиеттерді электронды каталогқа құю арқылы жұмыс жасауда. Сонымен қатар қазіргі заман талабына сай жоғары сұраныстағы құнды кітаптар мен өлкетану әдебиеттерін электронды форматқа көшіру процесі арқылы жұмыс жүргізіліп, кітаптар сандық форматқа көшірілуде. Мәдени, рухани, ақпараттық білім беру орталығы саналатын ауыл кітапханасын заман талабына сай жаңаша жабдықтау мақсатында бұған дейін Бұқарбай батыр, Таң, Аққұм, Мәдениет, Есет батыр, Еңбек ауылдық кітапханалары «Модельді ауылдық кітапхана», Жаңадария, Т.Жүргенов, М.Шәменов ауылдық кітапханалары модельді ауылдық кітапхана статусына ие болды. Сондай-ақ Бұқарбай батыр, Есет батыр ауылдық кітапханалары «Мобильді мультимедиялық кітапхана» болып ашылды.

Аудандық кітапханада оқырмандар үшін Мегалайн жүйесі арқылы ғаламтор қызметін тегін пайдалану мүмкіндігі жолға қойылып, 2014 жылдан бастап оқырмандарға виртуалды анықтама қызметін көрсетіп келеді. Сайтта кітапхана тарихы, кітапханаға келген жаңа кітаптар, жаңалықтар, сонымен қатар «Рухани жаңғыру», өлкетану бағыты бойынша «Алты Алаштың анасы – Сыр елі», Елорда жаңалықтарына байланысты, «Ел жүрегі – Нұр-Сұлтан», «Өлкетану» парақшалары ашылып, кітапханада өткізілген мәдени іс-шаралар мәліметі жарияланды.

Мұнан бөлек кәсіпкерлікті дамытуды қолдау мақсатында «Ауылда ақпараттық орталықтар құру» жобасы арқылы Біріккен Ұлттар Ұйымы “Даму” бағдарламасының қолдауымен Аққұм, Мәдениет ауылдық кітапханаларында онлайн орталық ашылды. Бұл орталықтың жұмысы өте өзекті, өйткені олар нақтылы және виртуалды режимде халықтың әлеуметтік және экономикалық белсенділігін көтеруге ықпалын тигізеді. Онлайн орталықта компьютер және интернетпен жұмыс негіздері бойынша ақысыз тренингтер, мемлекеттік онлайн қызметті пайдалану жөніндегі семинарлар, қашықтан кеңестер жүргізіледі. Жалпы кітапхана жұмысында жаңа технологияларды қолдану кітапхана қызметінің сапасын арттырып, оқырмандар санын толықтырып, рухани құндылықтарымызды толықтыруға мүмкіндік береді. Заман талабы да осыны міндеттейді. Электронды кітапхананың дәстүрліден тағы бір тиімділігі – кітаптардың жарыққа жылдам шығуында. Құжаттар мен оқулықтарды электронды жүйеге көшіруді бірнеше жыл бұрын бастағанбыз. Халыққа қызмет көрсетуде өз кәсіби біліктілігін, кітапхана ісін ілгерілетуге С.Шектібаева, Ұ.Нұрымбетова, Р.Қалиева, Г.Әлиасқарова, М.Иманәлиева, А.Көшекбай, А.Әмзеева, Г.Ділдәбекова, Ж.Шәймерденовалар үлестерін қосып келеді. Ұжым мүшелері бұл бағытта алдағы уақытта да жүйелі жұмыстар атқаруды мақсат етуде.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: