Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

21°C

, Сәрсенбі, 24 сәуiр, 03:04

Ауыл – тәрбие ордасы

08.07.2022

938

0

Бүгін «AMANAT» партиясы Жалағаш аудандық филиалының «Мәдениет ауылдық округі», «Дарын», «Мәдени мұра», «Жастар» БПҰ және Мәдениет ауылдық ардагерлер, әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен «Ауыл – тәрбие ордасы» тақырыбында «Балалар жылына» орай оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру іс-шарасы болып өтті. Аталмыш шара партияның «Ұлттық мұра» жобасы аясында, партияның аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Қаншгүл Мұстафаеваның идеясымен өткізілді.


Аталмыш шараның мақсаты – өмірдің қиын жағдайында қалған отбасы балаларымен және ауылда демалуға келген қала балаларына ұлттық құндылықтарымызды насихаттай отырып, балаларды еңбекке баулу және рухани демалыс ұйымдастыру.


«Ұлттық мұра – ұлт қазынасы» тақырыбында атадан балаға мұра болып сақталған сонау ерте замандардан келе жатқан ұлттық жәдігерлеріміз оқушылар назарына ұсынылды. Аталған көрмеге ер-тоқым, кереге,алаша, самаурын, мыстан жасалған құман, алаша, сандық, самаурын қойылды.
Аталған іс-шараны партияның аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Қаншгүл Мұстафаева ашып беріп, оқушыларға әр қатарда тұрған ұлттық руханияттар бойынша түсіндіріп өтті.


Қазақтың ұлттық ойындарының қоғамдық және әлеуметтік маңызы аса зор. Ұлттық ойындар қазақ халқының ежелгі мәдениеті мен өнерінің де ешкімнен кем болмағанын байқатады. Қазақ халқы ұлттық ойындарға бай халық. Ұлттық ойындар атадан балаға, үлкеннен кішіге мұра болып жалғасып жатыр. Ата – бабаларымыз ұлттық ойындар арқылы ұрпақтың мықты әрі жігерлі болып өсуіне ықпал етіп, олардың береке бірлігі мен ынтымағын жарастырып отырған.


Ұлттық ойындарымызда халықтың өмір сүру әдісі, тұрмыс-тіршілігі, ұлттық дәстүрлері, батырлық-батылдық туралы түсінігі қамтылып, халықтың асыл мұрасын баланың бойына сіңіру қарастырылған. Сондай-ақ адалдық пен күштілікке ұмтылу, шыдамдылық, төзімділік, сабырлық секілді құндылықтарға мән берілу байқалады. Мұның бәрі – халық данышпандығының белгісі. Аталған шарада оқушыларға ұлттық салт-дәстүрді насихаттау, әдет-ғұрыптарды қайта жаңғырту мақсатында ұмыт болған ойындар ойнатылды. Негізгі мақсат – ұлттық ойындарымызды қайта жаңғыртып, жастарды телефоннан алыстатып, қыймыл қозғалыс ойындарына тарту, достық қарым-қатынас, тығыз байланыс орнату. Атап айтқанда, балалық шақтағы асық ату, бес асық, леңгі тебу, аңшы мен үйрек, ақтерек пен көктерек, жәмби және арқан тартыс ойындары үйретілді.


«Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде ерекше күштің иесіне айналды. Осы орайда, атқа міну мәдениетін Мәдениет ауылының ардагері Сарбасов Қалдыбек оқушыларға атты ерттеу, ер-тоқымды дұрыс салу технологиясын көрсетті.


Бейбітшілік заманда оқ атпасақ та, жеті қазынаның бірі, сұлу жануарға міну мәдениетін жетілдіруіміз қажет. Ата-бабамыз сәйгүлікті қастерлеп, қадірлеп, ерекше құрметтегені мәлім. Қазақтың тағдыры ежелден жылқы малымен біте қайнасқан. Мінсе көлік, жесе тағам, жаугершілік заманда ердің қанатына айналған да дәл осы жылқы. Оны асырап бағу бір бөлек, міну мәдениеті бір бөлек – деді ардагер Сарбасов Қалдыбек.


Іс-шара барысында оқушыларға өмір дағдысын үйрету мақсатында күбі пісу, нан жабу, құрт жаю, бауырсақ қуыру, диірмен тарту, келі түю, жүн сабау, жүн түту, ұршық иіру, құрақ құрау, арқан есу, орақпен және шалғымен жоңышқа ору, қамшы өру, шыбын ұрғыш әзірлеу, ләңгі дайындау, қи ою, шөпшек теру, қос қолдық арамен бөрен кесу жұмыстары үйретілді.


Спорт алаңында «AMANAT» партиясы атынан сайланған Жалағаш аудандық мәслихат депутаттары, БАҚ өкілдері және Мәдениет ауылының тұрғындары оқушыларға арқан тарту әдісін көрсетті. Арқан тартуда БАҚ өкілдері өз шеберліктері мен мықтылықтарын көрсетіп, күштің білікте емес жүректе екенін дәлелдеді.


Ұйымдастырылған іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан ардагерлер, әйелдер кеңесі, ұжымдар «AMANAT» партиясының арнайы «Алғыс» хаттарымен марапатталды. Барлық қатысушы оқушыларға «AMANAT» партиясы атынан сайланған Жалағаш аудандық мәслихат депутаттары тарапынан балмұздақтар таратылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: