Мырзабай ахун ауылындағы №122 орта мектептен түлеген шәкірттердің көбі бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада қажырлы еңбек етуде. Мұнда ұлағатты ұстаздың еңбегін елеген шәкірттер жыл сайын ұстаз атына сынып ашып, жас ұрпақтың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасап келеді.
Мектеп директоры Гаухар Нұртаеваның айтуынша, ауылдағы алтын ұя биыл 196 балаға құшағын айқара ашқан. Оның 18-і мектеп алды даярлық тобына қабылданса, 13-і мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршін. Биыл түлектер саны – 11. Оның 1-еуі «Үздік аттестатқа» үміткер. Қазіргі таңда 8 түлек ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниетті.
Былтырғы оқу жылында мектепті 19 түлек тәмамдап, 14-і ҰБТ-ға қатысып, 9-ы грант иегері атанған. Олар мектеп директорының айтуынша, медицина саласы мен педагог мамандығына басымдық берген. Оның 2-еуі – «Үздік аттестат» иегері.

Мектеп басшылығы ұстаздардың біліктілігін арттыруды жіті назарда ұстайды. Қазіргі таңда ауылдағы алтын ұяда 39 мұғалім жұмыс жасайды. Оның 8-і – педагог зерттеуші, 12-сі – педагог сарапшы, 17-сі – педагог модератор. Мектепте міндетті оқу қоры есебінен ыстық тамақпен 122 бала қамтылған. Оның 58-і – бастауыш сынып оқушысы. Жаңа оқу жылы қарсаңында мектепке жай жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асхана 14 үстел, 85 орындықпен жабдықталған. Сондай-ақ оқушылардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасау үшін мердігер мекеме «Мансұр» ЖК спорт алаңын салған.
Білімділердің бірегей ордасы
Бәсекеге қабілетті білімді тұлға қалыптастыруды мақсат еткен мектеп ұжымының бүгінде жеткен жетістігі көп. Мәселен, олар былтырғы оқу жылында облыстық білім басқармасынан «Ынтымағы жарасқан ұжым» номинациясын жеңіп алған.
Өткен оқу жылында мектеп оқушылары пәндік олимпиада, ғылыми жоба сынды білім бәйгелерінде бақтарын сынап, жүлделі орындарды иеленген. Жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен олимпидаға 18 оқушы қатысып, оның 6-ауы жеңіс тұғырынан көрінген. Ал 5-7 сынып оқушылары арасындағы олимпиадада 12 оқушы бақ сынап, оның 4-еуі жеңімпаз атанған. Ал ауыл балаларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен олимпиадаға 11 оқушы қатысып, аудандық кезеңде 5-еуі жүлделі орын иеленіп, 1-еуі облыстық кезеңде үздік үштікті түйіндеген.
Мектеп директоры балалар мұнда бір ауысымда ғана білім алатынын айтады. Ал түстен кейін олар бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында түрлі үйірмелер мен қосымша сабақтарға қатысады. Мұнда театр, вокал, қолөнер, бейнелеу, дебат, Ыбырайтану және спорттық баскетбол, волейбол, футбол, тоғызқұмлақ, шахмат, теннис сынды үйірмелер бар. Аталған үйірмелерге бүгінде 150-ге жуық оқушы қатысады.
Ұстазын ұлықтаған білім ордасы
Гаухар Нұртаеваның айтуынша, білім ошағы жаңа кабинеттермен толыққан. Бүгінде 80 жылға жуық тарихы бар білім ордасын басқарған білікті басшылардың ұрпақтары мен шәкірттері ұстаздарына деген алғысын алтын ұяда атына арнайы кабинет ашып жеткізген.
– Өзіңіз көргендей, мектебіміз заман талабына сай материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етіліп, әр пәнді терең үйретуге мүмкіндік беретін қажетті құрал-жабдықтармен, интерактивті тақта, компьютерлермен жабдықталған. Түлектеріміз өздерінің ұлағатты ұстаздарының атына арнайы кабинет ашып, ішін оқуға қажетті құрал-жабдықтармен толтырып, іні-қарындастарының заманауи кабинеттерде білім алуына, мектептің жаңаруына көмектесуде, – дейді білім ордасының басшысы.
Иә, мектеп тынысымен танысып жүргенімізде ұстаздардың есімі берілген арнайы кабинеттерге назарымыз түсті. Гаухар Нұртаеваның сөзінше, былтырғы оқу жылының аяғында бастауыш сынып мұғалімі Тәжігүл Ізтаева мен Қыпшақкүл Сатқарованың құрметіне орай арнайы кабинет ашылған. Тәжігүл Ізтаева – ұстаздық қызмет еткен жылдары шәкірттерінің санасына тек білім ғана емес, рухани байлық пен адамгершілік дәнін еге білген жан. Бүгінде ұлағатты ұстаздан білім алған шәкірттер дәрігер, мұғалім, ғалым, инженер секілді мамандықтарды меңгеріп, елдің дамуына еңбек етуде. Ал Қыпшақкүл Сатқарова ауылдағы алтын ұяда 40 жыл еңбек еткен. Одан білім алған шәкірттер бүгінде түрлі салада қызмет етуде.
Мұнан бөлек Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері, ұлағатты ұстаз Сеңтай Кенжебекұлы атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті ашылған. 1950 жылдан бастап «Қызыл диқан» жеті жылдық мектебінде физика-математика пәнінің оқытушысы болып жұмыс істеп, 1959 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетін бітіргеннен кейін ұстаздық қызметін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып жалғастырған.
Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз Теміртай Жармаханов атындағы бастауыш сынып кабинеті де ашылған. Ұлы Отан соғысы басталғанда Теміртай ұстаз небәрі 15 жаста екен, еңбекке ерте араласқан. 1944 жылы тамыз айында Қармақшы аудандық әскери комиссариаты арқылы әскер қатарына шақырылып, Шығыстағы жапон милитаристеріне қарсы күрескен 101-атқыштар полкіне жіберілген. Оның еңбегі елеусіз қалмай, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» және «Кеңес Армиясы мен Әскери теңіз Флотына 30 жыл» медальдарымен марапатталған. Елге оралған соң Теміртай ағай өмірін ұстаздық қызметке арнап, шәкірттерінің білімді тұлға болып қалыптасуына үлесін қосқан.
Айта кетейік, бұған дейін мектепте тарих пәнінің мұғалімі Алпысбай Елеуұлы мен мектепті 18 жыл басқарған, математика пәнінің мұғалімі болған Іскендір Қарқынбаевтың атындағы кабинет те ашылған.
Ауыл азаматтарының қолдауы
Ауылдағы демеушілер көмегімен мұнда жыл сайын «Мектепке жол» акциясы дәстүрлі түрде өткізіліп, оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруда. Мәселен, «Балдихан» ЖШС өз шаруа қожалығында жұмыс жасайтын қызметкерлердің балаларын, яғни 69 баланы оқу құралдарымен, спорттық киіммен қамтамасыз еткен. «Керейт» шаруа қожалығы 4 балаға, мектеп ұжымы 11 балаға, ауыл әкімшілігі 1 балаға, ауыл емханасы 1 балаға, «Кәусар» балабақшасы 1 балаға, ауыл кәсіпкерлері Рауа Садықова 1 оқушыға, Зәуре Аруынова 1 баланы қажетті оқу-құралдарымен қамтамасыз еткен. «Оқу жылы аяқталысымен балаларымды қайда қыдыртамын?» деген сұрақ әр ата-ананың көкейінде болады. Осы ретте балалардың жазғы тынығу лагері де ауыл азаматтарының назарынан тыс қалмаған. Былтырғы оқу жылының соңында «Балдихан» ЖШС демеушілігімен Алматы қаласындағы «Тау жанашар» лагеріне 1 бала, Жаңақорған ауданындағы «Талдысу» лагеріне ата-аналардың демеушілігімен 2 бала, «Керейт» шаруа қожалығының көмегімен 1 бала, «Дархан» ЖШС демеушілігімен 1 бала демалып келді. Міндетті оқу қоры есебінен «Ақтерек» лагеріне 17 балаға, білім бөлімінің кәсіподақ есебінен 2 оқушыға жолдама берілген. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Жаздық жолдама» жобасы аясында ауыл балалары Түркістан облысы Төле би ауданындағы «Қуаныш» лагеріне 1 оқушы барып қайтқан.
Гаухар Нұртаева басқарып отырған алтын ұяның бүгінгі тынысы осы. Талай шәкіртті үлкен өмірге қанат қақтырған қарашаңырақтың оқушылары озат, ұстаздары білікті. Олардың білім бәйгесінен бөлек, спортта да жеткен жетістігі көп. Бұл жетістік алдағы уақытта да жалғасын тауып, ауыл абыройын асқақтата бермек.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!