Жыл басында картоп бағасы күрт өсіп, елді әбігерге салды. Наннан кейін картоп халықтың ең көп тұтынатын тағамы екені рас. Шыны керек, дүкен сөрелерінде картоптың құны 400 теңгеден асып жығылды. Үкіметтің айтуынша, картоптың қымбаттауына экспорт көлемінің артуы себеп болған. 2023 жылы шамамен 400 мың тонна картоп экспортталса, өткен жылдың соңында бұл көрсеткіш еселеп артып, 600 мың тоннаға дейін өскен. Картоптың басым бөлігі көрші Өзбекстанға сатылады екен. Қуантарлығы, бүгінде картоптан тапшылық жоқ, бағасы тұрақталған. Бұл бірінші рет болып отырған жағдай емес. Картоп та, сәбіз де бір жылдары қатты қымбаттаған. Негізінен салдармен емес, себеппен күресу керек. Жалпы бағаның өсу себебі шаруалардың қызметімен ұштасады. Салдарына қатысты билік қаншалықты қадам жасады? Тарқатайық…
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын 23,7 млн гектар жерге егу жоспарда бар, бұл былтырғы көрсеткіштен 413 мың гектарға артық. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың егіс алаңдары 115 мың гектарға қысқарып, 16,6 млн гектарды құрайды. Бидай алаңы өткен жылмен салыстырғанда 187 мың гектарға қысқарып, 13 млн гектарға егіледі. Ерекше тоқталатын жайт, майлы дақылдар 378 мың гектарға ұлғайып, 3,3 млн гектарды құрайды, оның ішінде күнбағыс 1,4 млн гектарға жеткізіледі.
Сондай-ақ әңгімемізге арқау болған картоп 11,3 мың гектарға артып, 83,4 мың гектарды құрайды. Мұнан бөлек азықтық дақылдар алаңын 127 мың гектарға ұлғайту және оларды 3,3 млн гектарға дейін жеткізу жоспарлануда. Жалпы дәнді, майлы, көкөніс, бақша дақылдары, картоп алқабының артуы ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда 279 мың гектар алаңда дәнді дақылдар, 100 мың гектар азықтық дақылдар, 33 мың гектар көкөніс дақылдары, 13 мың гектар картоп, 20 мың гектарға жуық бақша дақылдары, 42 мыңға гектарға жуық майлы дақылдар егілген. Жалпы биыл 406 мың гектар алаңға күздік дәнді дақылдар егілді.
Биыл Сыр елінде ауыл шаруашылығы дақылдары 190 мың гектарға егіледі. Нақтырақ тоқталсақ, 97,3 мың гектар дәнді дақылдар, 3,8 мың гектар майлы дақылдар, 71,1 мың гектар жем-шөп дақылдары, 17,8 мың гектар картоп, көкөніс және бақша дақылдары егіледі. Бұдан басқа 21,3 мың гектар ауыл шаруашылығы алқаптарын, сондай-ақ 76,2 мың гектар шабындықты суару жоспарланған.
Былтыр аудан шаруалары күріштен бөлек бидай, арпа, сұлы, қант құмайы, мақсары, картоп, көкөніс, бақша дақылдарын екті. Тарқатып айтсақ, 129 гектар күздік бидайдың әр гектарынан 13, 770 гектар жаздық бидайдың әр гектарынан 9 центнерден, 665 гектар мақсарының әр гектарынан 8,7, 200 гектар қант құмайының әр гектарынан 41, 40 гектар арпаның әр гектарынан 8,2 центнерден өнім жиды. Мұнан бөлек 64 центнер сұлы, 33 276 центнер картоп, 195 центнер көкөніс, 299 650 центнер бақша дақылдары жиналды.
Сондай-ақ былтыр облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ауданда әр отбасы өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету үшін шаруашылық құрылымдарымен 500 гектар жер дайындалып, 188 гектар жерге картоп, 191 гектар жерге бақша, 121 гектар жерге көкөніс дақылдарын егіп, ысырапсыз жинап алынды.
Биыл да аймақ бойынша көкөніс, бақша өнімдерін 17,8 мың гектарға егу межеленген. Дегенмен су лимитіне байланысты егіс көлемінде өзгеріс болуы мүмкін. Жалпы аудан бойынша биыл 36 780 гектарға егін егу жоспарланған.
Аяқсу тапшылығы орын алған уақытта аудан диқандары күріш көлемін азайтып, көкөніс және бақша өнімдеріне басымдық беруді қолға алды. Солардың бірі – «Ер-Әлі» шаруа қожалығы.
Шаруашылық күріштен бөлек жыл сайын ірі көлемде картоп егеді. Өнімі де жаман емес. Шаруашылық төрағасы Әліби Бекжановтың мақсаты – жиналған өнімді сырт өңірлерге қымбат бағамен сатып, пайдаға кенелу емес, қайта бағаны тұрақтандыру.
Еңбек адамының айтуынша, қырыққабаттың біздің жерге шығуы қиындау. Ал картоп-сәбізді егуге болады. Әрине, көкіністі бос, тың жерге егу керек. Ол үшін шаруашылық 5 шақырым жерге электр энергиясын тартып, насос апарып қойған. Осылайша тамшылатып суару әдісімен картоп, сәбіз егуді қолға алған. Жоңышқа, саплерге қарағанда картоп, сәбіз жақсы шығады. Тұқымдық картопты, егетін техниканы да әкеліп қойған. Баяғы қолдап егіп, қолдап жинау, яғни ескі әдіс енді келмеске кеткен. Қазір бәрі арнайы техниканы, жаңа технологияны қажет етеді.
Шаруа адамдарының айтуынша, алғашында тәжірибе ретінде осы әдіспен 5 гектар сәбіз, 1 гектар қызылша және 24 гектар картоп өсірген. Өнімді күзде жинайды, ал қазан айында қызылша толық піседі. Өйткені бұл тамыр дақылдары шамамен 220 күнде өседі. Мол өнім алу үшін диқандар әрдайым ізденіс үстінде болуы керек.
Ж.Арын
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!