Өткен апта білім саласы үшін жеңісті күнге толы болды. Сөзімізге дәлел ретінде айта кетейік, аудан орталығында орналасқан Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Бақытжан Берекет білім бәйгесінде топ жарды. Ол «Qyzylorda» облыстық телеарнасы мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ұйымдастыруымен оқушылар арасында өткен «Зияткер» телевизиялық жобасына қатысып І орын иеленіп, білім грантын жеңіп алды.
Ұшқыр ойлы ұрпақ тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған жоба былтырға дейін топтық сайыс форматында, «Интеллектуалды ұлт» тақырыбында ұйымдастырылып келген. Ал былтырдан бері білім сайысы жекелеген қатысушыларға арналып, жоба аты – «Зияткер» деп өзгерген.
– Бұл жобаға биыл қатарынан екінші рет қатысып тұрмын. Былтыр алғыс хат иелендім. Жалпы жобада қойылатын сұрақтар мектеп бағдарламасымен қоса интеллектуалды, зияткерлік ақпараттарды қамтиды. Былтыр ақтық кезеңге дейін өтіп, финалда есе жіберген болатынмын. Ал биыл сол олқылықтың орнын толтыру үшін қайта қатыстым, – дейді Бақытжан Берекет.
Айта кетейік, биылғы білім бәйгесінде қатысушылар 7 кезең бойынша сынға түскен. Әр кезеңде сұраққа дұрыс жауап берген сайыскерлер 1 ұпайдан иеленіп отырған. Сондай-ақ жобаның алғашқы кезеңі «Жалпы сұрақтар» деп аталған. Бұл кезең қатысушылардың жан-жақтылығын анықтайтын алғашқы сайыс. Себебі бұл кезеңде әртүрлі бағыттағы сұрақтар қойылған. Ал елдің талқысында жүрген танымал кино, музыка, кітап және шығармалардан сұрақтар қойылған кезең – «Mainstream» деп аталған.
Мұнан кейінгі үшінші кезең – «2 сурет – 1 кітап» деп аталыпты. Бұл кезеңде қатысушылардың логикасы сыналған. Экранда көрсетілген суреттер арқылы жасырылған кітаптың атауын дұрыс тапқан қатысушы 1 ұпайды еншілеген. Төртінші кезең – «Ұлы адамдар» деп аталған. Бұл кезеңде тарихта есімдері алтын әріппен жазылған тұлғалардың жасаған еңбектері, шығармалары мен жетістіктерінен мысал келтіре отырып, есімдері жасырылған. Жауабын дөп басқан қатысушылар жеңіске бір табан жақындаған. Сайыстың бесінші кезеңі – «Ақпараттың технологиялар» деп аталған. Бұл кезеңде сайыскерлерге заманауи, ІТ технологиялар жайында сұрақтар қойылған.
Ал алтыншы кезеңде орыс және ағылшын тілінде сұрақтар берілген. Яғни бұл кезеңде қатысушыларды полиготтық білім деңгейі сына түскен. Соңғы кезең «Қазақстан тарихы» деп аталған. Бұл сайыста ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырағы еліміздің тарихынан сұрақтар қойылған.
Кейіпкеріміз Бақытжан жобаның ақтық сынында аталған 7 кезең бойынша 11 ұпаймен І орынды иеленген. Сондай-ақ Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім грантында жеңіп алыпты. Әрине бұл бітіруші түлектер үшін үлкен мүмкіндік, әйтсе де білім шыңын бағындырған Бақытжан сұқбат барысында бізге бұл білім грантын пайдаланбайтынын жеткізді. Керісінше ҰБТ-ға дайындықты күшейтіп, Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, тарих пәні мұғалімі мамандығына оқуға түсуді көздеп отыр.
– Сайыс өте қызықты өтті. Қазіргі таңда зияткер жастардың басын қосып, интеллектуалды ұлт қалыптастыру үшін осындай жобалардың атқаратын рөлі өте зор. Бұл сайысты ұйымдастырған «Кітап құрттарының» жетекшісі Талғат Меңдібайға алғысым шексіз, – дейді кейіпкеріміз.
Иә, білімділер сайысы оқушылардың өзара білімін саралап, жеңіске деген құлшыныстарын арттырып қана қоймай, көшбасшылық қабілетін арттыруға үлкен септігін тигізеді.
Бақытжанды ұстаздары мен достары Астана қаласында өтетін ауыл мектептерінің оқушыларына арналған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндердің республикалық кезеңіне шығарып салды. Ол бұл олимпиадада тарих пәні бойынша сынға түспек. Бүгінге дейінде дәл осы пәннен жалпы білім беретін пәндер бойынша өткізілетін ғылыми жобалардан жүлделі орындар иеленген.
Сондай-ақ «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» инновациялық идеялардың республикалық байқауының «Өндіріс саласындағы техникалар» бағыты бойынша І орын иеленген. «Республикалық балалар оқулары» байқауы мен «Менің Отаныма – менің бастамам» республикалық шығармашылық байқауында да топ жарған білімді жас Бақытжан алдағы уақытта да жеңісті жолын жалғай бермек.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!