Қызылорда облысы әкімдігінің ғимаратында «Назарбаев моделі – XXI ғасыр сын-қатерлеріне стратегиялық жауабы» атты жас ғалымдардың халықаралық форумы аясында «Пандемия уақытындағы цифрландыру: жаңа талаптар мен үрдістер» тақырыбында онлайн-конференция өтті.
Шараға Сингапур ұлттық университетінің өкілі, жергілікті атқарушы органдар, ұлттық және жеке IT компаниялар, отандық жоғары оқу орындарының өкілдері қатысып, қызмет көрсетудің онлайн форматы, қашықтан оқытуды ұйымдастыру және интернет сапасы туралы мәселе көтерді. Сингапур ұлттық университеті халықаралық бағдарламалық жүйелік ғылымдар институтының басшысы Ашок Кумар бейнебайланыс арқылы қосылды. Ол бүгінде ІТ-маман, мерчендайзер, бета-тестер мамандары жоғары жалақыға ие екенін, мобильді қосымшалардың арнайы бағдарламасын жазатын маманды, әлеуметтік желі менеджерін іздеушілер де көп екенін алға тартты.
Ал Қызылорда облысы цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Юлия Тремасова өңірдегі атқарылған шаралар жайлы айтты. «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Қызылорда облыстық филиалының басшысы Айдын Қайруллаев, Қызылорда облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымдарының кандидаты Бейбіткүл Кәрімова, «Центр устойчивого развития столицы» ЖШС Smart city жобасының жетекшісі Қанат Кәрімжанов баяндама жасады.
– Әлем жұртын алаңдатқан пандемия мемлекеттік қызметті онлайн форматқа көшіру процесін әлдеқайда жеделдетті. Қазіргі кезде азаматтар үйден шықпай-ақ, кез келген жерде смартфон мен компьютер арқылы қызметтердің 80%-дан астамын онлайн алуға мүмкіндігі бар. Бұрын тұрғындар бала тууына байланысты жәрдемақы мен балабақша кезегіне қою, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері жәрдемақы алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына келіп, құжат өкізетін. Бүгінде бұл қызметтерді бір ғана СМС-тің көмегімен проактивті түрде алуға мүмкіндік жасалды. Біз мұнымен тоқтап қалмай, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мен оңтайландыру бойынша одан әрі жұмыс істейміз, – деді филал директоры Айдын Бөкенбайұлы.
Баяндама барысында сала өкілдері біршама мәселе көтеріп, оны шешу жолдарын ұсынды.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!