Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

4°C

, Сенбі, 30 қараша, 05:37

Дерт дендеп барады

23.12.2023

399

0

Қазір елімізде қызылша ауруына байланысты статистика күн сайын сан құбылып тұр. Науқастар санының күрт өсуінен ахуалдың күрделенгенін аңғару қиын емес. Мамандар дерттің алдын алуда шама-шарқынша жұмыс жасап жатыр, десе де одан кеселдің беті қайтар емес, керісінше күн өткен сайын қызылша қаулап барады.

20 188 науқас анықталған

Денсаулық сақтау саласының ма­ман­дары елдегі қызылшаның эпиде­мия­лық жағдайы әлі де тұрақсыз екенін айтады. Жыл басынан бері республика бойынша 20 188 қызылша жағдайы тіркелген. Оның 81 пайызы – 14 жасқа толмаған балалар, ал 3,4 пайызы жас­өспірімдер арасынан анықталса, 15,4 пайызы ересектер екен.

Аймақтағы ахуал қалай?

Қызылорда облысында 1 356 адам қызылша жұқтырған. Оның 1015-і Қы­зылорда қаласына тиесілі, қал­ғаны 7 ауданның еншісінде. Мәсе­лен, осыған дейін Арал ауданында 119, Қазалы ауданында 69, Қармақшы ау­да­нында 18, Жалағаш ауданында 7, Сыр­дария ауданында 16, Шиелі ауда­нында 57, Жаңақорған ауданында 13 жағ­дай тіркелген. Мамандар мұның бәрі зертханалық жолмен нақтыланғанын айтады.
Аймақта қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау шараларының нәти­жесі бар, десе де вакцина алу бойынша ел арасында екіжақты көзқарас барын да жоққа шығара алмаймыз. Бірақ сала мамандарының кеңесіне құлақ ас­қан­ның айыбы жоқ. Олар бүгінде дертті ден­детпеудің басты жолы екпе сал­дыру деп есептейді.
Облыста қызылшаға қарсы егілуге тиісті контингенттердің 51,3 пайызы қам­тылған. Арал ауданында 56,8, Қа­залы ауданында 86,1, Қармақшы ау­да­нында 81,3, Жалағаш ауданында 75,6, Сырдария ауданында 57,2, Шиелі ауданында 79,5, Жаңақорған ауда­нында 69,7, Қызылорда қаласында 30,8 пайызға қамтылып отыр. Аймаққа қа­расты бірқатар өңірде екпе салдыру бойынша көрсеткіш жоғары болғанымен кейбірінде нәтиже көңіл көншітпейді. Ахуал күрделенген шақта екіжақты көз­қарастан арылып, тек мамандар кеңе­сіне құлақ асқан дұрыс сияқты.

Қызылша қандай кесел?

Қызылша – қызба, интоксикация, дақты-папулалы бөртпе, энантема, ко­нъюнк­тива және жоғары тыныс жолда­рының зақымдалуымен сипатталатын жедел вирустық инфекциялық ауру. Ол адамға ауа тамшыларымен жөтел­генде, түшкіргенде, сөйлескенде жұғады. Қы­зыл­шамен ауыратын адаммен тіпті қыс­қа уақыт қарым-қатынаста болған жағ­дайда екпе алмаған адамдардың дертті жұқтыру қаупі өте жоғары.
Ол пневмония, бронхит, энцефалит сияқты асқынулармен қауіпті. Меди­циналық көмекке кеш жүгінгенде және қызылшамен қатар басқа аурулар бол­ған жағдайда бұл асқынулар өлім­ге әке­луі мүмкін. Катаральды құ­былыс­­тармен, яғни қызба, бас ауруы, әл­сіз­дікпен аурудың алғашқы белгілері пайда болады. Бөртпе пайда болған кезде дәрігермен кеңесіп, оның бар­лық ұсынымдарын орындау керек. Қы­зылша ауруы бастапқы кезеңде суық тию сияқты көрінуі мүмкін, сондықтан дә­рігерге уақытылы барған жөн. Жіті респираторлық аурулардың белгілері бар балаларды мектепке дейінгі ұйым­дар мен мектепке жібермеген абзал.

Мамандар не дейді?

Гүлзираш Айымбетова,
Аудандық санитариялық-эпи­демиологиялық бақылау басқармасының басшысы:
– Қызылшадан ең тиімді қорғану жолы – уақытылы вакцинация. Ол Ұлттық екпелер күнтізбесіне енгізілген, сон­дықтан екпе тегін жүргізіледі. Вак­цинация үшін қызылшаға қарсы қауіп­сіз және тиімді вакцина қызамық пен паротитке қарсы компонентпен қоса қолданылады. Негізінен дертті дендет­пеудің тиімді жолы вакцина қабылдау болып табылады. Сондықтан халық ма­ман­дардың кеңесіне құлақ асса дейміз. Өздеріңіз көріп отырғандай, уақыт өт­кен сайын елімізде ахуал күрделеніп келеді. Бұған мамандар ғана емес, қарапайым халық та бейжай қарамауы қажет. Сонда ғана дерт дендемейді. Вак­цинаның пайдасын түсініп, өзі алып, тіпті балаларына да салдырып жат­қандар бар, бірақ екпеден бас тартып жатқандар да жоқ емес.

7 жағдай зертханалық
жолмен анықталған

Жалағаш ауданында қызылшаның алғашқы диагнозымен негізінен 25 жағ­дай тіркелген. Оның 7-еуі зертха­налық жолмен нақтыланып отыр. Сала мамандары қызылша індетіне шал­дық­қандардың басым бө­лігі ауру­ға қарсы екпе алмағанын айтады. Олар­дың саны жалпы сырқатта­ну­шы­лықтың 74 пайызын құрап отыр. Оның ішінде ме­дициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты егілмегендер үлесі – 36 пайыз, егілетін жасқа жетпегендер үлесі да осындай. Өкінішке орай вакци­нациядан бас тартқандар 15 пайызды құрап отыр.
Ауданда жоспарлы вакцина алуға тиісті мерзімде негізсіз себептермен (тұрғылықты мекен-жайынан тыс жерде болу) екпе алмай жүргендер де жоқ емес. Яғни екпе алуы тиіс адамдардың 8 пайызы негізсіз себептермен вакцина қабылдамаған. Бұдан бөлек 2 науқастың қызылшаға қарсы иммундық мәртебесі белгісіз екені анықталған.

Вакцина алғандар да
дертке шалдыққан

Ауданда қызылша дертімен ауыр­ғандар ішінде екпе алған науқастардың барын мамандар жоққа шығармайды. Алайда олар қызылшаға қарсы екпенің толық курсын алмаған, яғни тек 1 до­засын алған, одан ағзада толық иммунитет қалыптаспайды, сондықтан олардың арасында ауруды жұқтырып алу деректері орын алып отыр.
Бұдан «Бәрібір жұғады екен, екпе қабылдап не керегі бар?» деген қо­рытынды шығаруға асықпаңыз. Маман­дар вакцинаның пайдасын жоғарыда айтты. Бірақ олардың да дертке шал­дығатынын жоққа шығарған жоқ. Десе де екпенің бір пайдасы біріншіден, имму­нитет қалыптасады, толық алған жағ­дай­да мүлде кесел жұқтырмауың мүм­кін. Дертке шалдыққан жағдайда одан құлантаза айығуың да жеңілдейді.
Аудан бойынша анықталған қызыл­шаның басым бөлігі, яғни 10 жағдай Жалағаш кентінің үлесінде. Ауылдық елді мекендерге келсек, Бұқарбай ба­тыр, Жаңадария, Мәдениет ауылда­ры­нан 2 жағдайдан анықталса, Мақпал­көл, Ақсу және Есет батыр ауылдарынан 1 жағдайдан тіркелген.

ДДСҰ: Вакцина алмаудан
дерт дендеген

Қызылша ауруы бойынша эпиде­мио­логиялық ахуалдың тек біздің елде емес, әлемде күрделеніп отыр. Сондықтан бұл дертке қарсы шаралар, оның кө­бею салдары Дүниежүзілік денсаулық сақту ұйымының жіті назарында. Олар кеселдің көбею себебін корона­вирус пандемиясы салдарынан халық ара­­сында қызылша ауруына қарсы вак­цинациялау барысының әлсіре­ге­німен байланыстырады. Яғни екпе­ден бас тартушылар санының артуы қы­зылшаның қаулауына басты себеп болып отыр. Себебі ұжымдық имму­нитет бәсеңдеген сайын ауру жұқтырып алу қаупі күшейе түседі. Қауіп тобында екпе алмаған, иммунитеті әлсіз адам­дар екенін мамандар да жоққа шығар­майды.

Қазақстан қызылшамен
қалай күресуде?

Елімізде бұл кеселге қатысты ахуал мәз емес, Сондықтан Қазақстан қы­зылша ауруының эпидемиологиялық ахуалын тұрақтандыру бойынша алдын алу шаралары тұрақты жүргізуде. ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрі­ге­рінің 2023 жылғы 1 қарашадағы №7 Қаулысына сәйкес, республика кө­ле­мінде қызылша ауруының сырқат­танушылығының, таралуының алдын алу мақсатында 6 қарашадан бастап егу жұмыстары басталды. Яғни 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі балаларды және 24 қарашадан бастап 2 жастан 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі балаларды ауруға қарсы қосымша егу жұмыстары басталып кетті.
Ауданда бүгінге дейін қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундаумен 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі 275, 2 жастан бастап 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі 2 144 бала егумен қамтылып отыр. Сонымен қатар 55 жасқа дейінгі 90 медициналық қызметкер де қызылшаға қарсы қосымша жаппай егумен қамтылған.

6 айлық сәби көз жұмды

Елімізде 2 апта бұрын 6 айлық сәби аталған дерттен көз жұмды. Қай­ғылы жағдай еліміздің шығыс өңірінен тіркелді. Ал сәбидің ата-анасы жуырда қызылша ауруына қатысты ахуал күр­деленген Шымкент қаласынан келген.
Қызылшаға қарсы қосымша иммун­дауға жататын контингентке кіретін­діктен баланы патронаттық медбике мекен-жайына іздеп барған, алайда пәтердің есігі құлыптаулы болған. Бала Шымкенттен қызылшамен ауырып ке­ліпті. 28 қарашада ата-анасы Өске­мен қаласындағы клиникалардың біріне жеке педиатрға өз бетінше жүгінген. 30 қа­рашада бала жағдайының нашар­лауына байланысты шұғыл түрде «Ана мен бала» орталығына жатқызылған. Емдеу шаралары дереу басталғанымен 2 желтоқсанда науқас жағдайдың на­шарлауына байланысты реанимация және қарқынды терапия бөліміне ауыс­тырылды. Оған «қызылшаның ауыр түрі» деген диагноз қойылған.
Мұнан кейін артынша 2 жасар бала жан сақтау бөліміне түсті. Мамандар кейін оның жағдайы тұрақты екенін ха­бар­лады. Қайғылы жағдай орын алған Өскеменде 3 тәулікте 100-ге жуық адам дертке шалдығыпты, оның 90 пайызы қызылшаға қарсы екпе салдырмаған.
Түйін:
Дерт дендемеу үшін қайтпек ке­рек? Бұл сауалдың жауабы бір, ақхалаттылар кеңесіне жүгініп, вак­цинадан бас тартпаған абзал. Себебі тек біздің отандық медицина ғана емес, салаға жауапты үлкен ұйым да кеселдің алдын тұсайтын жалғыз қару осы екпе екенін дәлелдеп бағуда. Сондықтан денсаулығымызды жақ­сарту, түрлі кеселдерден сақтану өз қолымызда екенін ұмытпайық.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: