Егер сіз кредиттеріңізді мерзімінен бұрын өтеуді жоспарласаңыз, оның бірнеше нұсқасын қарастыруға болады. Мысалы, «көптен азға» немесе «аздан көпке» стратегияларын таңдау немесе қарыздарды қайта қаржыландыру. Олардың әрқайсысын талдап көрейік..
«Көптен азға» стратегиясы
Оның негізгі мәні – сіз алған соманы емес, кредит бойынша пайыздарды төлейсіз. Яғни, бұл стратегияға сәйкес, сіз алдымен кредитті ең жоғары пайыздық мөлшерлемемен, содан кейін одан азырақ, содан кейін одан да аз пайыздық мөлшерлемемен және т.с.с. төлеуіңіз керек. Математикалық тұрғыдан алғанда бұл ең тиімді және көрнекі нұсқа. Бұл ретте, егер сіздің кредиттеріңіздің пайыздық мөлшерлемелері бірдей, бірақ мерзімдері әртүрлі болса, алдымен сіз төлем мерзімі ұзағырақ кредитті төлеу керек екені есіңізде болсын. Себебі, мұндай кредит болғанда сіз пайызды өтеу үшін ақшаның көп бөлігін төлейсіз, содан кейін ғана – негізгі қарызды төлеп бастайсыз. Сондықтан ұзақ мерзімді қарыздар бойынша артық төлем әлдеқайда жоғары болады.
Не істеу керек?
Барлық борыштарыңыздың тізімін жасаңыз: кредиттік карталар, тұтынушылық кредиттер, ипотека және т.б. бойынша берешек. Әрқайсысы үшін ағымдағы қалдықты, пайыздық мөлшерлемені және ең төменгі айлық төлемді көрсетіңіз.
Қарыздарды пайыздық мөлшерлеменің төмендеу ретімен ретке келтіріңіз. Пайыздық мөлшерлемесі ең жоғары кредиттер бірінші орында тұруы керек.
Басты назарды негізгі қарызға аударыңыз – ең жоғары мөлшерлемемен берешекті өтеуге ең көп соманы бағыттаңыз, ал қалғандары бойынша ең аз төлемдер жасаңыз.
Бірінші кредитті толығымен өтеп болғаннан кейін, босаған қаражатты тізімдегі келесі кредитке бағыттаңыз, қалғандары бойынша ең төмен төлемдер сақтаңыз.
Мысал арқылы түсіндіріп көрейік: сізде қолданыстағы екі кредит бар делік. Олардың бірі ең жоғары пайыздық мөлшерлемемен және артық төлеммен алынған – бұл микрокредит (6 айға 200 000 теңге қалдық. Сіздің міндетіңіз – оны төлеп тастау, сондықтан сіз оған ай сайынғы төлемге қосымша ақша жұмсайсыз. Айталық, жоспарлы 30 мың төлемнің орнына – 60 мың немесе одан да көп. Бұл ретте мұны ай сайын жасау маңызды. Осының арқасында сіз алты айдан аз уақыт ішінде микрокредит бойынша қарызды жабасыз және сізде басқа кредитті төлеуге бағытталатын белгілі бір сома «босатылады».
Тағы бір маңызды мәселе – мерзімінен бұрын өтеу кезінде ай сайынғы төлем сомасын емес, кредиттің мерзімін қысқартуды таңдаңыз, бұл тиімдірек болады
«Аздан көпке» стратегиясы
Бұл әдіс борыш сомасы ең аз кредитті өтеуге бағытталған. Бір қарағанда, мұның пәлендей пайдасы жоқ сияқты болып көрінуі мүмкін, бірақ психология тұрғысынан тіпті кішкентай қадамдардың өзі сізді ынталандырады. Әсіресе, қаржының шектеулі болуына байланысты үлкен қарызды төлеуге мүмкіндігіңіз болмаса. Қалдығы ең аз бірінші кредитті жапқанда, сізде басқа кредитті өтеуге жұмсалатын ақша «босатылады». Нәтижесінде сіз прогреске қол жеткізесіз.
Қалай әрекет ету керек?
Барлық кредиттердің тізімін жасаңыз, әрқайсысының жанына ағымдағы қалдықты, пайыздық мөлшерлемені және ең төменгі айлық төлемді жазыңыз.
1) Пайыздық мөлшерлемелерге назар аудармастан, кредиттерді ең кішкентай қалдық қалғанынан ең үлкен қалдығы бар кредитке қарай бөліңіз.
2) Барлық борыштар бойынша ең төменгі төлемдерді төлеуді жалғастырыңыз, бірақ айыппұлдар мен пайыздардың өсуін болдырмау үшін олардың ешқайсысын жіберіп алмағаныңызға көз жеткізіңіз.
3) Кредиттердің ішіндегі мөлшері аз борышқа қосымша қаражат бөліңіз.
4) Кредиттердің ішіндегі берешегі ең аз кредитті толығымен төлегеннен кейін, келесі жолы қолыңызда қалатын бос қаражатты тізімдегі келесі кредитті төлеуге жіберіңіз, бұл ретте қалған кредиттер бойынша ең төменгі төлемдер сақталады.
Мысалы, сізде үш кредит және бір бөліп төлеу бар делік, оның ішінде ең аз қарыз қалдығы – кредиттік карта бойынша (қалдық 50 мың теңге), содан кейін тұтынушылық кредит (қалдық 80 мың теңге), бөліп төлеу (120 мың теңге) және тұтынушылық кредит (150 мың теңге). Қосымша қаражатты кредиттік карта бойынша берешекті өтеуге жіберіңіз, оны 1-2 ай бұрын жабыңыз, содан кейін барлық күш-жігерді ең төменгі қалдықпен және ең төменгі ай сайынғы төлеммен, содан кейін бөліп төлеуді өтеуге және т.б. жіберіңіз.
Кредиттерді қайта қаржыландыру
Егер сіз түрлі банктерден бірнеше кредит алған болсаңыз, онда сіздің жақсы шарттармен кредит алып, қайта қаржыландырудың арқасында барлық қарыздарды бірден төлеуіңізге мүмкіндік туады. Бұл шарт өте ыңғайлы, себебі сіз тек бір кредиторға төлем жүргізетін боласыз және қай банкке төлем жүргізуім қажет еді деп шатаспайсыз, төлемді кешіктіруге, өсімпұлдарға жол бермейсіз. Бұдан басқа, сіз ең төменгі пайыздық мөлшерлемені таңдайсыз және бұл артық төлем мөлшерін азайтады.
Сізде 1 900 000 теңге жалпы борышпен және әртүрлі пайыздық мөлшерлемелері бар үш кредит бар деп елестетіп көрейік. Жалпы айлық төлем 150 000 теңгені құрайды. Артық төлем шамамен 570 000 теңгені құрайды. Қайта қаржыландыру кезінде ай сайынғы төлем 68 400 теңгені, бір жылда – 820 800 теңгені, бір жылдағы пайыздар бойынша артық төлем шамамен 340 000 теңгені құрайды. Пайдасы қайта қаржыландыру кезінде сіз ай сайынғы төлемді төмендетесіз, сонымен қатар бір жыл ішінде белгілі бір соманы пайызбен үнемдейсіз.
Алайда, егер сіз мәселені мұқият зерттемесеңіз, онда қайта қаржыландырумен өзіңізді одан сайын қарызға батырудан абай болыңыз. Сондықтан әртүрлі нұсқаларды салыстырыңыз және мүмкін болса, қаржылық кеңесшілерге хабарласыңыз. Қайта қаржыландыруды қайта құрылымдаумен шатастырмаңыз. Қайта құрылымдау – бұл бұрынғы кредит талаптарын өзгерту (мерзімін кейінге қалдыру, кредиттеу мерзімін, қарыз сомасы және т.б. өзгерту).
Жалпы пайдалы ұсынымдар
Өз күшіңізді дұрыс бағалау үшін бюджетті жоспарлаңыз. Кредит бойынша төлемді ескере отырып, кірістер мен шығыстарыңызды талдаңыз және қанша бос ақша қалатынын есептеңіз.
Импульсивті сатып алулардан бас тартыңыз. Бірнеше айдан кейін сәннен шығатын жаңа тренд болған көйлек сатып алудың орнына, бұл ақшаны қарызды төлеуге жұмсаңыз.
Кредит төлеу бойынша мерзімін өткізіп алуға жол бермеңіз, олай болған жағдайда, Сізге өсімпұл есептейді, бұл бюджетке қосымша жүктеме.
Қосымша табыс көзін іздеңіз – сізде бірнеше кредит болған кезде және оларды төлеуге ақша жетер-жеткізіліксіз болған кезде аздаған қосымша жұмыс көмектеседі. Демалыс және мереке күндері жұмыста ақылы ауысымдарды алуға немесе жаңа мамандықты игеруге болады. Дағдыларыңызға назар аударыңыз және осыны негізгі ала отырып, қосымша кіріс көзін іздеуді бастаңыз.
Сырттан бағалауды сұраудан тартынбаңыз. Сіз сенетін достарыңыздың немесе жақындарыңыздың объективті көзқарасы, олардың кеңестері мен ұсыныстары ақша мәселелеріне байланысты сіз байқамайтын мүмкіндіктерді көруге көмектеседі
Fingramota.kz-пен бірге қаржылай сауатты болыңыз!
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!