Елімізде жыл басынан бері республикалық бюджеттен 1 трлн 44,3 млрд теңгеге зейнетақы төленген. Оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 337,6 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 706,7 млрд теңге жұмсалған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 465 мың адамды құраған.
«2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 143 622 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 95 963 теңге, базалық зейнетақы – 47 659 теңге болды», делінген хабарламада.
Бұған дейін, 2025 жылғы 1 қаңтарда базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ҚР Ұлттық Банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2% – ға оза отырып ұлғайтылған.
Бұдан басқа Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін, ең жоғары – 120%-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!