Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-2°C

, Сейсенбі, 03 желтоқсан, 22:31

Ер еңбегі еленген күн

05.09.2023

8274

0

Нұржан Елемесұлы ел басына күн туған қиын заманда халықтың бірлігін жоғалтпай, еңбекпен шыңдалып, елінің дамуына, өркендеуіне үлес қосты. Туған жерінің тарихында өз қолтаңбасын қалдырды. Еңбек жолында бірнеше колхоздың төрағасы, ауылдық кеңес төрағасы, ферма меңгерушісі сынды қызметтерді абыроймен атқарды. Еңбек ардагерінің ел үшін еткен еңбегі мен ерен ерлігін елі ұмытқан емес. Мәдениеттіктер үшін «Нұржан ата» атындағы саябақ пен елдің өткені мен бүгінгі тарихынан сыр шертетін музей пайдалануға берілді.

Игі шарада Нұржан Елемесұлының өнегелі өмір жолына тоқталған аудан әкімінің орынбасары Ғани Кенжеғараұлы шараның маңыздылығын атап өтті.
– Қашанда өткенге көз жүгіртіп, сол замандардағы еңбегі ерен ер­лерін, тарихи тұлғалар мен елге пана болған біртуар азаматтарын құрмет­те­ген халықпыз. Соның дәлелі, бүгін Мә­дениет ауылында игі істің куәсі болып отыр­мыз. Бұл саябақ та, ауылдың та­рихы мен мол мұрасы орын алған қо­ғамдық негіздегі музей де ел игілігі үшін екені белгілі, – деді ол.


Мұнан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, Нұр­жан Елемесұлының ұрпағы Әбзей Нұр­­жанұлы тыл және еңбек арда­ге­рінің өз заманындағы азаматтық істе­рін айтып, кейінгі ұрпаққа үлгі етті. Қа­зақстан Журналистер және Жазу­шы­лар одағының мүшесі Бейбітбек Бүр­кітбаев еңбек ардагеріне арнаған өлең жолдарын оқып, шараның маңыз­дылығын арттыра түсті.
Н.Елемесов 1905 жылы Сырдария губерниясы Ақмешiт уезi «Қаракөл-Қос­там» болысында туған. Еңбек жолын өткен ғасырдың 20 жылдарының ба­сында «Қаракөл-Қостам» болысы Тал­дыбаев Жолшараның «пош­та­бай» ша­барманы болудан бастаған. 1933-1936 жыл­дары 1 май ауылдық кеңесiне қа­расты «Қара ой» қолхозының төрағасы, 1936-1940 жылдары 1 май ауылдық кеңесiнiң, 1940-1944 жылдары осы ауыл­­дық кеңеске қарасты «Қызыл жұл­дыз» колхозының, 1944-1946 жыл­дары Мәдениет ауылдық кеңе­сiне қарасты Қазақстанның ХХ жыл­дығы атындағы колхоздың, 1946-1947 жылдары 1 ма­мыр ауылдық кеңе­сiне қарасты «Қызыл жұлдыз» колхозының, 1947-1950 жыл­дары Мәдениет ауылдық кеңесiне қа­расты «Бiрлiк» колхозының төрағасы қызметтерiн атқарған. 1950 жылы кол­хоздар iрiлендiрiлгеннен кейiн Жамбыл атындағы колхозда мүйiздi iрi қара фермасының меңгерушiсi болды. Ол өте халықшыл, қайырымды да адал, ел-жұртына беделi өте жоғары болған.
Кешегi отызыншы, қырықыншы, елуiн­шi жылдары ел басына күн туған ашар­шылық, репрессия, Ұлы Отан со­ғысы және халық шаруашылығын қал­пына келтiру кезеңдерiнде колхоз басқарып, жұмыс жүргiзу оңай болмады. Бұл кезде артельколхоздар құрылып, ел ендi есiн жия бастаған едi. Техника келе қоймаған, егiн егу, мал азығын дайындау жұмыстары қол күшiмен атқарылатын. Осындай қиын сәтте ты­ғырықтан шығар жол тапты. Өзiнiң iскер, еңбекқорлығының арқасында ха­лықты игiлiктi iске ұйымдастыра бiлдi. Мемлекет мүддесi мен халықтың жағ­дайына бiрдей қарап, жұмыс жүргiздi. Әрбiр iстiң ақ-қарасын ашық айтып, әдiлдiктi ту еттi. Канал қаздырып, егiн ектiрдi. Ол басқарған колхоздарда мал басы көбейiп, халық тойынды.
Ел басқарып, жұртына еңбегi сiңген Н.Елеме­сов­тың зиялы қауыммен, өнер адам­да­рымен, дiн өкiлдерiмен жақсы қарым-қатынаста болғаны ел арасында жиi айтылады. Сыр сүлейі Жиенбайдың баласы Рүстембек жыраумен құрдас-дос ретiнде жақсы сыйласқан. Ақын-жы­раулар Әбілда Жүргенбаев, Бал­қаш­бай Жүсiповтермен сыйласып, ты­ғыз қарым-қатынаста болған. Күмiс көмей Көшенейдi де ауылға арнайы шақырып, жыр-терме айтқызған. Қа­зақ әдебиетінің көрнекті өкілі Асқар Тоқ­мағанбетов екеуі Жаңақорған, Сары­ағаш шипажайларында бірге демалып, кейін құрдас ретінде сыйлас болған екен.
Ол халқымен бiрге болып, тұрмысы төмендерге қолдау көрсеттi. Екi сө­зiнiң бiрiнде «маңдай термен егiлген ел ризығы мемлекетке де жетедi, ха­лыққа да жетедi» дейдi екен. Соны көре­алмаушылар сыртынан тас атып, до­малақ арыз жазды. 1933 жылғы ашар­шылық кезінде аштарға таратқан астықты байшылдарға бердi деп арыз жазылып, бiр жарым жылға сотталған. Бiрақ аққа қара жұқпайды, 15 күннен кейiн ақталып шығады.
Ауылдық кеңес пен бес колхозға төраға болған Н.Елемесов жұбайы Сыз­дықова Мәми екеуi 4 ұл, 1 қыз өсiрiп, тәлiмдi тәрбие бердi. Немере-шөбере сүйдi. Балалары мен бауырларының келешегiн ойлап, қамқор аға, әке бол­ды. Бәрiнiң оқып, бiлiм алуына ықпал еттi. Ақылман би ағамыз ұрпақтарын адамгершiлiкке, адал еңбек етуге тәр­биелеп, бағыт-бағдар берiп отырды. Бүгiнде мәуелi бәйтеректей өсiп-өнген Нұржановтар әулетiнiң тәрбиесiн, тұр­мыс-тiршiлiгiн үлгi-өнеге етуге болады.
Тыл және еңбек ардагері Н.Еле­ме­совтың көп жыл елдi ұжымдастыру, халық шаруашылығын қалпына келтiру жолындағы қажырлы еңбегi ескерусiз емес. Атап айтар болсақ, «Қазақстанға – 15 жыл», «ОСОАВИАХИМ белсен­дісі», «Коммунистік еңбектің екпін­дісі» төсбелгілерімен, «Еңбекте үздiк шыққаны үшiн», «1941-1945 жыл­дар­да­ғы Ұлы Отан соғысы кезінде тылдағы қажырлы еңбегi үшiн», «В.И.Лениннiң 100 жылдығы», «Еңбек ардагерi», Бү­кiл­одақтық халық шаруашылығының жетiстiктерi көрмесiнiң күміс медал­дарымен марапатталған. Сонымен қа­тар «Ауыл шаруашылығындағы бел­сенді жұмысы үшін» деп Қазақ КСР-ның «Құрмет» грамотасына да ие болған.

Ерлан ӘНУАРҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: