Биыл І жартыжылдықта ауданда инфрақұрылым бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бүгінде аудан халқы 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтылып отыр. Сонымен қатар Есет батыр елді мекенінде ауызсу жүйесін қайта жаңғырту жобасы қолға алынып, құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Жоба құны – 388 млн теңге, оның ішінде биылға 38 млн теңге қаралған. «Жалағаш ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы» өндірістік бөлімшесінің басшысы Ғани Дюсекбаев салада 6 айда атқарылған жұмыс бойынша халықпен есепті кездесуінде осылай деді.
Ғани Дюсекбаев І жартыжылдықта «Жалағаш ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы» өндірістік бөлімшесі халықты ауыз сумен қамтамасыз етуде нәтижелі жұмыс жасағанын айтады. Сондай-ақ орын алған апаттық жағдайларды қалпына келтіру, таратылған ауызсу көлемінің қаржысын жинау жұмыстарын атқарған. Биыл мамандарды толықтыру жұмыстарының нәтижесінде 98 жұмысшы-қызметкерден 112 жұмысшы-қызметкерге өскен. Елді мекендердегі насос станса машинистері 3 адамға толығып жұмыс жасауда. Аудан бойынша ауызсумен қамтамасыз ету тәулік бойы үздіксіз жүзеге асуда.

Айта кетейік, өндірістік бөлімше базасына тіркелген жалпы 91 бюджеттік мекеме мен 151 заңды тұлға су есептегіш құралымен ауызсу пайдалануда. Жеке тұлғалардан 6 844 абоненттен, ауызсу пайдаланушы 34 105 тұрғын тіркелген. Оның ішінде су есептегіш құралын 5 864 тұрғын үй орнатқан. Осы уақытқа дейін су есептегіш құралынсыз және қосымша нүктесі бар абоненттерге мыңнан астам су есептегіш құралы орнатылған. Су есептегіш құралынсыз ауызсу пайдаланушы тұрғындардың басым бөлігі аудан орталығында және Мәдениет, Аққұм елді мекендерінде орналасқан. Ғани Дюсекбаев ауызсуды пайдалануда ысырапшылдықта жол бермеу үшін бөлімше тарапынан су есептегіш құралын орнату, мерзімі жеткен құралдарды ауыстыру бойынша тиісті жұмыстар жалғасатынын айтады.
Биыл 6 айда ауданда таратылған су көлемі және ауыз су қаржысын жинауда нәтижелі жұмыс бар. Тарқатып айтсақ, «Жалағаш ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы» өндірістік бөлімшесі тарапынан биыл 435 813 текше метр су тұтынушыларға таратылған. Сол бойынша 35 288 296,89 теңге қаражат жиналды. Оның ішінде 14 264 406,84 теңгесі жеке тұрғын үйлердің үлесінде. Жыл аяғына дейін қаржы жинау жұмыстары жалғасады.
Жыл басынан бері бөлімшенің филиалы тарапынан ұйымдастырылған рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде рәсімделген тексеру актілерінің 100 пайызы өндірілген. Су шығындарын болдырмау үшін су есптегіш құралын 100 пайызға жеткізу қажет. Ғани Дюсекбаев сондықтан бұл бағытта тиісті жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
Спикер субсидия қаржысын игеру жұмыстарында кейбір елді мекендерде адам санының айырмашылығы орын алғанын жасырмайды. Бірақ бүгінде ауыл әкімшілігі мен бөлімшенің есебі бір жүйеге келтірілген. Жоспарлы алдын ала жөндеу жұмыстарына келсек, жыл басынан бері өз деңгейінде нақты міндеттер атқарылған. Оның ішінде насос стансаларын сырлау, ақтау, ашып-жабу реттегіш арматураларын майлау жұмыстары да бар. Күрделі жөндеу жұмыстарына қажетті ашып-жабу арматуралары, вантуз және қайтарма клапандар қажетті сұраныспен алынып пайдалануда.
Ауданда биыл 6 айда 67 апаттық жағдай орын алған. Апаттық жағдайларды дер кезінде қалпына келтіру бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Басым бөлігі ауызсу құбырының жарылуы, құдық ішіндегі фасонды бөліктің шіруі және ауызсу мұнарасының шіруі болып табылады. Ауызсу мұнарасы бойынша Бұқарбай батыр елді мекенінің 50 текше метр және Жаңаталап елді мекенінің 25 текше метр ауызсу мұнарасын ауыстыру қажет. Қазіргі таңда екеуі де жұмыс жасап тұрған жоқ.
– Тұтынушыларға берілетін ауызсудың сапасын анықтау мақсатында аудандық СЭС мекемесімен келісім-шарт жасалып, ай сайын ауызсудың үлгісі алынып, су құрамы тексеріліп отырады. Сонымен қатар су құбыры және су сақтау қоймаларына көктем-күз мезгілдерінде жуу және залалсыздандыру жұмыстары СЭС мекемесі мамандарының қатысуымен өз деңгейінде жүргізілуде. Ауызсумен жабдықтау жүйесін эксплуатациялық қалыпты жағдайда ұстап тұру, жоспардан тыс апаттық жағдайларды шұғыл қалпына келтіру және жоспарлы алдын ала жөндеу жұмыстары уақытылы жүзеге асуда. Дизельді электр станса және автотехника жайында аудан бойынша 17 ДЭС қондырғысы бар. Оның ішінде 3-еуі жұмыс жасамайды, яғни жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Кезек күттірмес қажеттілік туындап отырған мәселенің бірі – трактор тиегіш пен автокран. Қазіргі таңда екі арнайы көлігіміздің сапасы сын көтермейді. Күнделікті жұмыс барысында әрбір көлік құралының жүрген жолы, атқаратын іс-шарасы, нысан атауы және т.б. мәліметтер жол қағазына толтырылып, нормаға сәйкес есептеліп отырады және күнделікті диспетчер арқылы орталық диспетчерлік бөлімге хабар берілуде, – деді ол.
Спикер саладағы бірқатар мәселенің барын да жасырмады. Тарқатып айтсақ, Жалағаш кентінде орналасқан кеңсе ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондай-ақ «Орталық» насос стансасының темірбетонды қоршаулары құлау алдында тұр. Мұнан бөлек арнайы техникалар да жаңалауды қажет етеді.
Ғани Дюсекбаев Бұқарбай батыр, Жаңаталап елді мекендерінің ауызсу мұнараларын жаңалау қажеттігін айтады. Өйткені бүгінде қос мұнара да істен шыққан. Ал Еңбек және Таң елді мекендердегі ауызсу мұнараларының да тозығы жеткен. Бірақ дәнкерлеу жұмыстары жиі атқарылуда. Мұнан бөлек Мөрәлі Шәменов елді мекенінің ауыз су қоймасы пайдаланылмай отыр. өйткені ІІ су тарату насос стансасы мен ауызсу қоймасы арасындағы жерасты темір құбыры шіріп кеткен. Демек ПЭ құбырына толықтай ауыстыру қажет.
Спикер ауызсу қоймаларының үстіндегі көру құдықтарын толықтай ауыстыру қажет деп есептейді. Өйткені жарамсыз күйге түсіп, қойма ішіне құлау алдында тұр. Сондай-ақ кент пен ауылдық елді мекендердегі ауызсу жүйесі бойындағы ашып-жабу реттегіш арматураларын кезең-кезеңімен ауыстыру жұмыстарын атқару күн тәртібінде тұрғанын айтады. Ал Мырзабай ахун, Д.Жалтынов, Жаңаталап, Жаңақоныс және Жаңадариядағы насос стансалары жалғыз ұңғымамен жұмыс жасайды. Демек, қосымша ұңғыма қазу жұмыстарын жасау қажет.
Ғани Дюсекбаев халықты тәулік бойы сапалы ауызсумен қамтуда мұның бәрі ерекше маңызға ие екенін жеткізді. Сондықтан алдағы уақытта аталған мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге жұмыс жасалатынын айтады. Тұрғындардың бірқатар сауалын жауапсыз қалдырмаған ол халықты суды пайдалануда ысырапшылдыққа жол бермеуге шақырды.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!