Соңғы жылдары ауданда кәсіпкерлік саласында айтарлықтай серпін қалыптасты. Бүгінде мемлекет тарапынан берілетін қолдауды тиімді пайдаланып, кәсібінің көкжиегін кеңейткендер көп. Соның бірі – Әсел Абатқызы. Ол биыл «Бизнес бастау» бағдарламасы арқылы қайтарымсыз грант жеңіп алып, өз кәсібін бастаған.
– Негізгі мамандығым – математика пәнінің мұғалімі. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін өзім түлеп ұшқан Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейде мұғалім болып қызмет еттім. Кейін тұрмысқа шығып, жолдасымның жұмыс бабына орай басқа қалаға қоныс аудардық. Алайда араға 14 жыл салып, былтыр туған жерге қайта оралдық. Отбасылық жеке кәсіп ашуды біраздан бері көздеп жүргенмін. Бұл ойымды жолдасым да, ата-енем де қолдап, үлкен сенім артып, қорықпай бастауыма дем берді. Интернетті қарап, жан-жақты зерттей отырып, «Қазір халыққа қандай кәсіп түрі өтімді, ауданда қандай кәсіп дамымаған?» деген сауалға жауап іздедім. Өзіңіз де білесіз, қазір балалар дүкенге барса, міндетті түрде чипсы алмай шықпайды. Оның қандай зиян екенін білсе де кейбір ата-аналар балалары жыламас үшін амалсыз алып жатады. Осының барлығын ескеріп, ешқандай қоспасыз жеміс-жидектен жасалатын жемісті чипсылар мен кептірілген жемістер жасауға бел будым. Шыны керек, бұл кәсіп Қазақстанда әлі толық дамымаған. Бұрын әжелеріміз алмадан және қауыннан қақ істеуші еді. Ал бұл кәсіп – сол қақтың қазіргі заманауи түрі, – дейді Әсел Жұматай.
Осылайша кейіпкеріміз кәсібінің қыр-сырымен толық танысу үшін Алматы қаласындағы кәсіпкер келіншектен білім алған. Айтуынша, бұл кәсіп бойынша білім алып жатқандардың ең жасы 21-де, ал ең үлкені 72-де. Ол кәсіп бастаймын деген жастарға мүмкіндік көп екенін, тіпті жасының үлкендігі шектеу келтірмейтінін айтады.
Кәсіпкер келіншек алдағы уақытта кәсібінің тынысын кеңейту мақсатында тағы да білімін жалғастыруды көздеп отыр. Әзірге үйінің бір бөлмесін шағын цехқа айналдырған ол қаражат қолына тие салысымен қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған, яғни мұнда жемістерді езуге, кептіруге және сақтауға арналған арнайы құрылғылар бар. Кейіпкеріміз кәсіп бастағанына көп болмаса да тұрақты тұтынушыларын жиып үлгерген. Өнімін ең алдымен өзі үйге қонақ шақырғанда дастарқанға тойтабақ ретінде қойып бастаған. Кейін таныстарынан тапсырыс қабылдап, оларға жасаған жұмысын әлеуметтік желіге салу арқылы тұтынушылар қатары көбейген. Тіпті ол аудан орталығындағы дүкен иелерінен «Өнімдеріңізді біздің дүкенге қойсақ қалай қарайсыз?» деген ұсыныс та алып үлгерген.
Мұнан бөлек кейіпкеріміз ауыл тұрғындарынан да жиі тапсырыс түсіп жатқанын айтады. Әзірге жеткізу қызметі болмағандықтан ол бәріне өзі уақыт тауып, тұтынушы тапсырысын уақытылы жеткізуге тырысып жүр. Ал оған тапсырыс көп кезде анасы мен балалары қолғабыс етеді. Алдағы уақытта кәсібінің көкжиегі кеңейсе, өзі секілді үйде отырған аналар мен қыздарды тұрақты жұмыспен қамтуды көздеп отыр.
Айта кетейік, Әсел қажетті жемістерді аудан орталығындағы дүкен сөрелерінен, арнайы Қызылорда қаласынан және «Құрманбай ата» шаруа қожалығының алма бағынан жиі алып тұрады. Өнімін көбіне балалар тұтынатындықтан ол сапаға салғырттық танытпауды назарға алған. Кептірілген жемістерден бөлек Әсел лимон джемін де дайындайды. Оның айтуынша, бұл өнімге кез келген дүкен сөресіндегі лимон жарамайды, арнайы Ташкент лимонымен ғана дайындайды. Ал басқа лимондар джемге қышқыл дәм беріп, жеуге жарамсыз болып қалады. Бұл өнімнің басқалардан ерекшелігі, кез келген ауруға ем.
– Әселдің кептірілген жемістерін жиі алып тұрамын, яғни тұрақты тұтынушыларының бірімін. Балаларым да сүйіп жейді. Құрбыларымның туған күнінде де сыйлыққа беруге бірнеше рет тапсырыс берген болатынмын. Үйдегі кез келген қуанышта дастарқанымызға Әселдің тәттілерін қоямын. Мәселен, алдағы айда отбасымызбен құдалыққа барамыз, соған тәттілер қатарына Әселдің өнімдерін қосқалы жатырмын, – дейді кент тұрғыны Қаламқас Оспанова.
Иә, кейіпкеріміздің өнімдері бүгінде үлкен сұранысқа ие. Себебі кептірілген жемістердің денсаулыққа пайдасы зор. Мәселен, қан қысымын қалпына келтіріп, жүрек жұмысын жақсартып, жүйкені тыныштандырады. Әселдің шағын цехында біз де кептірілген жемісті жасап көрдік. Ең алдымен алма, банан, жүзім, шие жемістерін жуып, блендер құрылғысының көмегімен жақсылап езіп алдық. Жемістеріміз бірқалыпты сұйықтыққа енгенше араластырып, жеміс кептіруге арналған құрылғыға әр бөлек-бөлек құйып шықтық.
Айта кетейік, бұл құрылғы тек жеміс кептіріп қана қоймай, кез келген өнімді, яғни нан, балықты да кептіруге арналған. Жемістің кебуі бірнеше сағатқа созылады. Сондықтан кейіпкеріміз тапсырысты 2-3 күн бұрын қабылдайтынын айтады. Сондай-ақ алдын ала дайындалған өнімнің сақталу мерзімі – 1 жыл, яғни ұзақ уақыт бойы өз қалпын бұзбай, балғындығын сақтап тұрады. Жемістерді толық кепкеннен кейін ғана оны әртүрлі қылып орауға болады.
Қабілеті мен мақсатын бір арнаға тоғыстырып, жас та болса үлкен істі дөңгелетіп отырған кейіпкеріміздің кәсібінің тынысы осы. Бастысы халықта сұраныс, кәсіпкерде ынта-жігер бар. Келіндік қызметімен қатар кәсіптің көзін тауып отырған осындай жастар – мемлекетіміздің өркендеуінің кепілі. Кейіпкеріміз кәсіпкер әйел ғана емес, асыл жар, 2 қыз, 2 ұл тәрбиелеп отырған бақытты ана.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!