Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

7°C

, Бейсенбі, 21 қараша, 14:00

Күмән болса, ауызды тый

19.11.2024

133

0

Шыны керек, ел нарығына енген кез келген жаңа тауар дереу халықтың қызығушылығын тудыруда. Бүгінде жұрт тауардың сапасына қарап емес, оның жарнамасы арқылы сатып алып, тұтынатын болды. Қазір «Дубай шоколады», «Шайн мускат» жүзімі трендтегі тәтті тағамға айналды. Халық шетелден келген импорт өнімді қалай тұтынған сәтіне дейін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялап әлек. Алайда өнімнің сондай дәмділігіне кейбір азаматтардың күмәні бар секілді. Өйткені бұл өнімдердің ағзаға зияны уақыт өте айтыла бастады. Өндіруші емес, тұтынушы қоғамға айналуымыздың себебі неде? Тарқатайық…

Елді еліктірген «шайн мускат»

«Shine muscat» жүзімінің сұрпы – Жапониядағы жеміс ағаштары ғылыми институтының еңбегі. Деректерге сүйен­сек, жеміс 130-140 күнде піседі. Тамыз айының екінші жартысында жиналса, өзге елдерге күзде жеткізіледі. Бұл ағаштың жемісі кәдімгі жүзімнен ірі болып келеді. Бір үзімінің салмағы 13 граммға дейін жетеді.
Иә, етті жүзім қазір елімізде жоғары сұранысқа ие. Оған әлеуметтік желідегі «тегін» жарнаманың да өз әсері бар. Жасыратыны жоқ, келісі 6-7 мың теңгеден басталып, тіпті бір үзімі 20 мың теңгеге дейін жететін жүзім халықтың қалтасын қағып жатқандай. Дәмін татқан тұрғындардың тауар туралы ойы да әртүрлі. Бірі мақтаса, енді бірі «бағасына сай емес» дейді. Әрине, олай айтуына себеп бар, өйткені елге келіп жатқан жемістің барлығы бір елден келген өнім емес.
Хит жүзімнің зиян екенін сарап­шылар айтып жүр. Тамақ өнімін зерт­тейтін мамандардың айтуынша, эпи­демиологтер қандайда бір тағам түрін тексермес бұрын оның қай жерлерде сатылып жатқанын анықтайды. Кейін басқармадан бөлінген қаржыға сатып алады, зертханаға жібереді. Содан кейін ғана оның құрамындағы қоспалардың адам ағзасына зияны тексереді.
Тайландтықтар бұл жүзімге арнайы зерттеу де жүр­гіз­ген. Ішінде улы хлорпирифос бар екені анықталыпты. Сөй­тіп олар сатылымнан бірден алып тастаған. Тек 9 үлгі Қы­тайдан әкелінген деп анықталған. Ал қалған 15 үлгінің шық­қан елін анықтау мүмкін болмаған. Құрамынан 14 түрлі зиянды химиялық зат қалдықтары, 50 пестицид, соның ішінде триа­сульфурон, цифлуметофен, тетраконазол және флу­диок­сонил сияқты 22 химиялық зат табылған.

280 заң бұзушылық анықталған

Жалпы елге қандайда бір өнім келсе, тексерістен өтеді. Мәсе­лен, жүзім келді делік. Жауапты инс­­пекторлар оны бірнеше рет тексе­ріс­тен өткізеді. Егер қажет болса, лабо­ра­ториялық зерттеу де жүр­гі­зіледі. Ал жеміс-жидектер, мін­детті түрде тек­серіледі.
Биыл елге 9 айда 169 мың тонна импорт өнім әкелінген. Оған 3116 тексеру актісі толтырылған. Соның ішінде жүзімге тоқталсақ, Литвадан 1,7 тонна, Ресейден 108 тонна, Өз­бекстаннан 73,9 тонна жеткізілген. Бірақ өнімнің сұрпын қарамай, тек өсім­діктің ауруын, зиянкестерін бақы­лауға алады екен. Себебі кейбірі өзімізде өсірілетін өсімдікке зиян ти­гізуі мүмкін.
Айта кетейік, биыл 280 заң бұ­зу­шылық анықталған. Барлығы 17,9 млн теңге айыппұл салынған. Нә­ти­же­сінде Өзбекстаннан әкелінген 2,5 тонна шабдалы жойылған.
Қазір елімізде адамдар қант диа­беті, артық салмақ, аллергия дертіне шалдығып жатыр. Бұл дерт бір күнде дендемеді. Бұл – газдалған тәтті су­сын, фастфуд, тез дайындалатын кеспе мен түрлі көз қызығып, тәбет ашатын қоспалары мол тағамдарға әуестіктен біртіндеп ағзаны улаған тағамнан туған ауру.
Шыны керек, адамдардың ас­қа­­заны, өт жолы, ішектері қазір дұ­­рыс ас қорыта алмайды. Ішіп-жеп жүр­ген тамағымыз зиян, оның үсті­не тағы түрлі жарнамасы бар та­ғам­ды тұтынамыз. Мәселен, «Дубай шо­коладын» қант диабеті бар адам жемеуі керек. Одан әрі жүрек-қан та­­мырлары ауруына шалдығады. Үл­­кендер ғана емес, жастар, жасөс­пірімдердің де қаны қоюланып кеткен. Адам қант диабетімен ауыр­маса да мұндай шоколад соған итермелейді.
Бір айта кетерлігі, егер сол «Дубай шоколадының» құрамына кіретін дү­ние­лерді адамдар бөлек-бөлек тұ­тынса, мұндай әсері болмайды. Ал бәрін қосқанда оны қорыту қиындай түседі. Сонымен бірге қазір адамдар дер кезінде ұйықтамайды, ұйқы бе­зінің жұмысы бұзылған. Телефон қарап, уақыт өткізеді, сөйтіп ағзасын бұзып алады.

Дүркіреген
«Дубай шоколады»

Дубай шоколады – тәтті тіске­басар. Мұны БАӘ-нің кондитерлері соңғы кездері ғана шығарып, брендке айналдырды. Құрамында кардамон, шаф­ран бар. Алғашында мұны шын мәнінде араб елдерінен тасымалдаса, қазіргі кезде қазақстандық конди­терлер өздері сатуда. Сонымен бірге бұл шо­ко­ладтың кейбір құрамынан торт та дайындайды.
Сарапшылардың айтуынша, «Дубай шоколадының» зияны жоқ емес, бар. Ерекше тәтті шоколад жағымсыз ал­лергиялық реакцияларды ту­дыр­­маса да, адамда асқазан-ішек жо­лымен проб­лемалар оңай туын­дауы мүмкін.
«Дубай шоколадында» калория мен май көп, бұл диареяға және іш кебуіне әкелуі мүмкін. Сонымен қатар егер сіз осындай тәттіге тәуелді болсаңыз, онда салмақ проблемасы өздігінен туын­дайды. Семіздіктің даму қаупі ар­тады, ал шоколадтағы қант кон­центрациясының жоғарылауы қант диабетімен ауыратын адамдардың ден­саулығына байланысты проб­ле­маларды күшейтеді.
Тәттіні жасау үшін қолданылатын катаифи қамыры көп мөлшерде май­ға қуырылады. Бұл оған тек кало­рия қосады.
Сонымен қатар өндірушілер кө­бінесе қандай ингредиенттерді қол­данатынын жасырады. Яғни қамыр да, шоколад та, макарон да сапасыз болуы мүмкін. Сондай-ақ бояғыштар мен консерванттар туралы да ұмыт­паңыз.
Асқазан-ішек жолдарының проб­ле­малары мен анафилактикалық шок­тан басқа, көмірсулар мен қанттың көп мөлшері ұйқы безінің бұзылуына, өт қабынуына және холециститке әкелуі мүм­кін, бұл әсіресе өт тастары бар адам­дар үшін қауіпті.

Тренд қуу – әбестік

Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев қоғамда белең алған «Дубай шоколады», «Кәріс жүзімі» атауымен тараған тренд қуушыларды әбден сынға алды.
– «Дубай шоколады» деген шы­ғып еді, енді «Кәріс жүзімі», «Шэйн мус­кат» дей ме, тағы бір өнім шық­ты. Инстаға кіріп қалсаң болды, шырт-пырт деп жеп отырғандар қа­тары көбейді. Соны жалпақ жұртқа жа­рия­ламай-ақ жеуге болады ғой. Кіш­кен­тай «Дубай шо­коладының» бағасы 15-20 мың теңге болып еді, енді мына жү­зімнің кішкене бір бөлігі 5-10 мың теңге деседі. «Ақша жоқ-жоқ» дейді де, талап алып жатыр халық. Оның құрамында не бар, несі пайдалы, не зиян, ол туралы басымызды ауырт­қы­мыз келмейді. Бастысы, жұрттан қал­мау керек. Алла біледі, бұны да 12/24 айға бөліп төлейтіндер шықса, таң қалмаймын, – деді халық қалаулысы.
Дәулет Мұқаев желідегі парақ­ша­сында мынадай үндеу де қалдырған.
– Ақшаңыз артылып жатса, ала беріңіз. Қарсылығым жоқ. Бірақ ел­ден, трендтен қалмайын деген ой – әбестік. Одан мына қоңыр күзде ет жеңіздер, сорпа ішіңіздер. Міне, нағыз пайдалы тағам, – деп жазды ол.
Иә, бүгінде жастар тәттіге құмар, сонымен бірге майлы, қоспасы көп, қуырылған дүниелер, яғни чипси, до­нерді көп жейді. Сөйтіп семіздікке шалдығады, салдарынан балалар ара­сында қант диабеті де жиілеп кетті.

Ж.АРЫН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: