Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

31°C

, Сенбі, 20 сәуiр, 16:16

Күріштің 64 пайызы суға бастырылды

23.05.2023

347

0

Қазір диқандар қызу еңбекке кірісіп кетті. Былтыр қамбаны астыққа толтырған дала дарабоздары биыл да мол өнімнен үмітті. Оның үстіне биыл ауданда егілетін күріш алқабы кеңейген. Соған қарағанда аяқ судан да айтарлықтай мәселе болмайтын сыңайлы. Жалпы, 2023 жылы қанша гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі, бүгінде оның қаншасы егілді және суға бастырылды, жергілікті шаруашылықтардың биылғы науқанға дайындығы қалай? Осы және өзге сауалдарымызға жауап алу үшін аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Алтынбек Дәрібаевпен сұхбаттасқан едік…

– Алтынбек Тұрмағанбетұлы, жалпы биыл ауданда қанша гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі?
– 2023 жылы ауданда орналастырылатын ауыл шаруашылығы дақылдарының бекітіл­ген сызбасына сәйкес, 37 052 гектарға егiн орналастыру жоспарда бар. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 19 800 гектарды құрайды. Мұнан бөлек 750 гектарға бидай, 70 гектарға қант құмайы, 70 гектарға арпа, 35 гектарға соя, 520 гектарға мақсары, 700 гектарға сүрлемдік жүгері, 5 гектарға сұлы, 2 гектарға қант қызылшасы, 4 850 гектарға жаңа жо­ңышқа егіліп, 7 200 гектар ескі жоңышқаны кү­тімге алу межеленген. Қазіргі таңда ақегісті жер­­гілікті шаруашылықтар толық аяқтады. Мұнан бөлек 646 гектарға картоп, 1 108 гек­тарға көкөніс және 1 296 гектарға басқа да бақ­ша дақылдарын орналастыру көзделіп отыр.
– Диқандардың дән себуді бастап кеткеніне де біршама уақыт болды, бүгінде қанша гектар күріш себілді және оның қаншасы суға бастырылды?
– Биыл 19 800 гектар алқапқа күріш егілуі керек болса, бүгінде 16 924 гектар жерге дән себілді. Оның 12 689 гектары суға бастырылды. Жалпы, межеленген күріш алқабының 64 пайызы суға бастырылды. Шаруашылықтар тарапынан биыл егін орналастыруға қажетті 4 950 тонна күріш, 120 тонна бидай, 0,6 тонна сұлы, 13 тонна мақсары, 12 тонна арпа, 4 тонна соя, 1 тонна қант құмайы, 15 тонна жүгері, 44 тонна жоңышқа тұқымы дайындалды. 2023 жылдың егісі үшін қажетті 4 950 тонна күріш тұқымы толық тазартылды. Сондай-ақ қажетті 10 810 тонна минералдық тыңайтқыштың 9 750 тоннасы, 24060 литр гербицидтің 3090 литрі сатып алынды. Көктемгі егісті орналастыру жұмыстарына аудан бойынша 887 дана ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды. Қазіргі таңда дала жұмыстары қызу жүруде. Биыл егін орналастыру жұмыстарына жалпы 6 700 млн теңге қаржы жұмсалады деген жоспар бар.
– Өткен тоқсанда жанармайдың қым­бат­тағанын жақсы білесіз, бұл жергілікті шаруашылықтарға қанша­лық­ты салмақ болады?
– Ешқандай да салмақ болмайды, көк­темгі егін орналастыру жұмыстарына бүгінгі күнге дейін жергілікті шаруашылықтар опе­раторлармен келісім-шартқа отырып, 961,22 тонна дизел жанармайын алды. Жергілікті шаруашылықтар жанармайды бұ­рын­ғыдай жеңілдетілген бағамен алып жатыр.
– Бағана сөзіңізден биыл да бақша дақылдарының алқабында бір­шама өсім барын байқап қалдық. Былтыр жақсы үрдіс болған, яғни жергілікті тұрғындарға бақша дақылдарын егуге жер дайындап берілген. Биыл да осы игі бастама жалғасын таба ма?
– Бұған қатысты аймақ басшысының арнайы тапсырмасы бар. Бұл бастама биыл да жалғасын табады. Аудан бойынша картоп және басқа да бақша дақылдарын орналастыруға 500 гектар жаңадан жер дайындалады. Бұл жерлер бақша салуға ниетті отбасыларға үлестіріледі. Қазіргі таңда ауданнан 610 отбасы картоп, көкөніс және басқа да бақша дақылдарын орналастыруға ниет білдіріп отыр. Жаңадан дайындалатын жерлер шаруашылықтардың демеушілігімен дайындалады. Бұл ретте біз жерді дайындаймыз, оған аяқ су жеткізіп береміз, сондай-ақ қоршауын да біз қамтамасыз етеміз, тек тұрғындар еккен өнімінің күтіміне ғана жауапты болады. Олардан жерді дайындауға, қоршауға, аяқ су жеткізуге ешқандай қаражат болмаса көмек сұралмайды. Олар жаңа да айттым, тек еккен өнімінің шығымына, күтіміне ғана жауапты. Бұл бір жағынан өңірде бақша өнімдері бағасының тұрақталуына, тұрғындардың өз-өзін өніммен қамтамасыз етуге үлкен қолғабыс болып отыр. Былтыр да осындай жұмыстарды қолға алғанбыз, биыл да игі бастама жалғасын табады.
Қазіргі таңда 295 гектар жер дайындалып, 346 отбасыға берілді. Бүгінгі күнге дейін 71 гектар жерге 85 отбасы картоп, бақша дақылдарын орналастырған. Картоп, бақша дақылдарын орналастыруға Жаңадария, Аққұм ауылдық округтерінің тұрғындары белсене кірісуде.
– Былтыр күріш көлемі едәуір қысқарған. Әлбетте оған аяқ судың қат болғаны басты себеп екенін де жақсы білеміз. Жалпы, былтыр өнім қалай болды, биылғы меже қалай?
– Жасыратыны жоқ, былтыр расында аяқ судан айтарлықтай тапшылық болды. Бірақ жергілікті диқандардың, жалпы дала дарабоздарының еселі еңбегінің арқасында межелеген өнімге қол жеткіздік. Ауданның ауыл шаруашылығы дақылдарының бекі­тілген сызбасына сәйкес, 2022 жылы 35 486,5 гектарға егiс орналастырылып, күтімге алынған. Оның ішінде негізгі дақыл күріш – 18 501 гектар. Одан бөлек бидай, қант құмайы, арпа, соя, мақсары, сүрлемдік жүгері, сұлы, қант қызылшасы, жоңышқа егіліп, күтімге алынды. Сондай-ақ картоп, көкөніс және басқа да бақша өнімдері егілді.
Су тапшылығының алдын алу мақсатында негізгі дақыл күріш көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 1 299 гектарға азайған. Бірақ жоңышқа, жүгері, бидай, арпа сынды суды аз қажет ететін өнімдерге басымдық берілді. Бір сөзбен айтқанда, егісті әртараптандыруға ерекше көңіл бөлінді. Мәселен, былтыр егісті әртараптандыру бағытында алғаш рет 73 гектар қант құмайы, 39 гектар соя, 5 гектар сұлы, 2,5 гектар қант қызылшасы орналастырылды.

Былтыр барлық өнім уақытылы толығы­мен жинап алынды. 18 501 гектар күріштің әр гектарынан 55,8 центнерден өнім алынып, барлығы 1032356 центнер астық жиналды. Сондай-ақ 732 гектар бидайдан 5519 цент­нер, 42 гектар арпадан 293 центнер, 5 гектар сұлыдан 63 центнер, 73 гектар қант құмайынан 2 791 центнер өнім алынды. Алдыңғы жылы қант құмайы мүлде егілмеген еді. Мұнан бөлек 520 гектар мақсарыдан 4 578 центнер, 445 гектар жүгеріден 62 478 центнер, 39 гектар соядан 663 центнер, 4 903 гектар жаңа жоңышқадан 58 346 центнер, 7 186 гектар ескі жоңышқадан 423 228 центнер, 648 гектар картоптан 75 103 центнер, 1 111,3 гектар көкөністен 189 699 центнер, 1 324 гектар бақшадан 277 304 центнер өнім алдық.
Енді биылғы межені алдағы уақыт көр­сетеді. Негізінен шаруашылықтар дала жұ­мыс­тарына толықтай дайын. Алдағы уақытта да межелеген өнімге қол жеткізу жоспарда бар.
– Жалпы, шаруашылықтардың тех­ника базасын жаңалау жұмыс­тары қай деңгейде? Жергілікті шаруашы­лықтарда «Еккен егін жауын-шашынға ысырап болады-ау» деген уайым бар ма?
– Техника жағынан ешқандай мәселе жоқ. Жергілікті шаруашылықтар жыл сайын техника базасын жаңалауға басымдық беріп келеді. Мұны өз басым дұрыс деп есептеймін. Себебі салада еңбек өнімділігі ерек­ше маңызға ие. Жалағаш ауданы бойын­­ша жеке және заңды тұлғалардың мен­­­шігінде және лизингке алынған ауыл ша­­­руа­шылығы техникалары мемлекеттік тіркеу бағдарламасында 1 641 дана ауыл шаруашылығы техникасы тіркелген. Аудан шаруашылықтары техника жаңарту жұмыс­тарын басты назарда ұстауда. Ауыл шаруа­шылығы техникаларын жаңарту жұмыстары үнемі жүргізіліп келеді, биылдың өзінде 713,8 млн теңгеге 48 дана жаңа техника сатып алынды. Жаңадан алынған техникалар уақытылы статистика органдарына тіркелуде. Ауыл шаруашылығы техникаларына сәйкес, 2022 жылы 149 жеке және заңды тұлғаға қызмет көрсетілді. Оның ішінде 137-сі – жеке тұлға және 12-сі – заңды тұлға.
– Күрішпен кірісін еселеген шаруа­шылықтар сол ауылдарды гүлдендіруге, жалпы ауыл әлеуетін арттыруға, ел­дегі жұмыссыздық мәселесін тұсауға қолғабыс болып жатыр ма?
– Негізінен сіз айтып отырған жұмыстарды жүзеге асыруда ірілі-ұсақты барлық шаруа­шылықтың өзіндік үлесі бар. Себебі кез келген өңірде шаруашылық құрылды деген сөз, міндетті түрде онда жаңадан бос жұмыс орындары пайда болады. Бұл елдегі жұмыссыздық мәселесін тұсауға қан­ша­лықты қолғабыс болатынын жақсы білесіздер. Сондықтан бұл бағытта барлық шаруашылықтардың үлесі бар деп айта аламын. Ал мұнан бөлек ауылдық елді мекендерді түлетіп, сол өңірді гүлдендіруде үлкен жобаларды қолға алып жатқан шаруашылықтар да жоқ емес. Мәселен, Таң ауылдық округіндегі «Таң ЛТД» ЖШС-ның жұмысын алайық. Шаруашылық төрағасы кәсібінің нәсібін көріп қана қоймай, бүтін бір ауылдың гүлденуі мен абаттануына, әлеуетінің артуына, елдегі жұмыссыздық мәселесін тұсауға қолғабыс болып отыр. Қазір бір ғана Таң ауылында дәл осы шаруашылықтың демеушілігімен жүзеге асқан жобаларды айтатын болсақ, ұзақ уақыт кетеді. Имамзада Шағыртаев аталған шаруашылықтың жеке қаражаты есебінен бір ғана ауылда 701 млн теңгеге бірнеше жобаны жүзеге асырған. Бүгінде оның барлығы жергілікті тұрғындардың қажетіне жарап тұр.
Мақпалкөл ауылдық округіндегі Әліби Бекжанов та ауылдың гүлденуіне, абат­тануына, тұрғындардың тұрмыс сапасының артуына қолғабыс болып отыр. Мақпалкөлде де «Ер-Әлі» шаруа қожалығының демеу­шілігімен жүзеге асқан жобалар жетерлік, тіпті ауылдың бірнеше отбасына жаңа баспана салып берді. Мұнан бөлек «Қарабура-Ата-1», «Еңбек-Жер», «Нағи», «Ақбозтай» сынды басқа да көптеген шаруашылықтар ауылдың гүлденуіне, абаттануына, әлеуетінің артуына қолғабыс болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті шаруашылықтардың барлығы бұл бағытта жақсы жұмыс жасап жатыр деп толық айта аламын.
– Бағана шаруашылықтардың егісті әртараптандыруға басымдық бергенін айттыңыз. Олардың ішінде бақша өнім­дерін егуді қолға алғандар бар ма?
– Аудандағы «Ер-Әлі» шаруа қожалығы былтыр 31 гектардан астам жерге бақша дақылдарын еккен. Оның басым бөлігіне картоп егілді. Мұнан бөлек қызылша мен сәбіз де орналастырған. Төрағасы Әліби Бекжанов ол жерден алынған өнімді аудан және облыс орталықтарында өткен жәрмеңкелерде халыққа арзан бағада ұсынды. Міне, бағана сөз басында бақшалық жерлердің көптеп ашылуы бағаға да оң әсерін тигізіп жатыр дегеніме осы жұмыстар да дәлел болары анық. Қуантарлығы, шаруашылық биыл да бұл жұмыстарды қолға алуда. Қазіргі таңда жерді дайындау жұмыстары аяқталып, «Ер-Әлі» шаруа қожалығы тамшылатып суару әдісімен 7,5 гектар жерге «Гала» және «Джувел» сортты картоп дақылын орналастырды. Алдағы уақытта да тың жерде күтіп-бапталған сапалы өнімдер базар сөрелеріне қойылады.
– Алтынбек Тұрмағанбетұлы, жалпы егіске қатысты сұрақтарымызға толық жауап алдық. Енді мал шаруашылығы саласына тоқталсақ, жалпы ауданда саланың даму динамикасы көңіл көншіте ме? Төрт түлік санында өсім бар ма? Осы сауалдардың түйінін тарқатсақ…
– Биыл ауданда барлығы 37 510 мүйізді ірі қара, 45 740 уақ мал, 25098 жылқы, 851 түйе, 10 725 құс өсірілуде. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда МІҚ 106,9, жылқы 129,4, түйе 115,5, уақ мал 112, құс 103,5 пайызға орындалды. Былтыр 4028,8 тонна ет, 11 699 тонна сүт, 229,7 мың дана жұмыртқа өндірілді.
– Ауданда мал шаруашылығымен айналысатын қанша шаруашылық бар?
– Аудан бойынша 136 шаруашылық тікелей мал өсірумен айналысады. Оның ішінде «Сыбаға» бағдарламасымен 116 ша­руашылық айналысады. Бұл бағытта да кәсіп етемін дегендерді сүйемелдейтін, қар­жылай қолдайтын бағдарламалар же­тер­лік, бастысы, жергілікті халық бұл мүмкіндікті құр жібермей, саланың серпін алуына үлкен үлес қосуда. Бұл сөзімді аудандағы төрт түлік санында қалыптасқан өсім қуаттайды.
– Жаңа төрт түлік санында өсім барын айттыңыз, жалпы оларды асыл­дан­дыру бағытында нендей жобалар қолға алынуда?
– Ауданда асыл тұқымды малдың үлес салмағы бүгінде 2 пайызға жетті. Бізде 4 шаруашылық, «Бақдаулет-57» ШҚ, «Адал» ЖК, «Боранбай» ШҚ, «Еркебұлан» ЖК асыл тұқымды ірі қара өсіреді. Ал 3 шаруашылық, «Бақдаулет 57», «Туған жер» ШҚ, «Атамекен» ШҚ асыл тұқымды қой өсірумен айналысуда. Алдағы уақытта сүт тауарлы фермасын ашу мақсатында «Адал» ЖК 2022 жылы Қарағанды облысы Шет ауданы «Жандос» ШҚ-дан қосымша 30 бас асыл тұқымды сүт бағытындағы «Симментал» сиырының қашарын өз қаражатымен сатып алып, жұмыс жасауда. Биыл Аққұм ауылдық округіндегі «Бақдаулет-57» ШҚ да сүт тауарлы фермасын ашу мақсатында Чехия мемлекетінен асыл тұқымды сиырлар әкелуді жоспарлап отыр. Ал ет бағытында өнім өндіруде «АгроЛидерТаң» ЖШС жанынан мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу цехы жұмыс жасауда. Цехта тәулігіне 0,5 тонна ет өңделіп, 15 түрлі өнім дайындалады. Өнім облыстағы сауда орындарына өткізіледі. Қазіргі таңда кәсіпорын 8 адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Мал шаруашылығын қолға алған кәсіпкерлерде жайылымдық жерге қа­тыс­ты мәселе бар ма?
– Қажетті мақсатта жер учаскелерін бөлу немесе жер учаскелерін қайта ресімдеу жө­нінде осы күнге дейін 124 өтініш тір­келді. Бүгінге дейін осы жеке және заңды тұл­ға­лар­дан түскен 124 өтініш қолданыстағы Жер ко­дексі талаптарына сәйкес орындалды. Жер кодексінде бекітілген нормадан ар­тық жер учаскесін аукцион арқылы жеке мен­шікке, жалдау құқығын сатудан және ныса­налы мақсатын өзгертуден, сондай-ақ жер учас­кесін жалға беруден түсетін түсімдер бойынша жалпы жергілікті бюджетке 14 млн 740 мың теңге түсуде.
Бізде жалпы жер қатынастары саласында 655 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Жалағаш ауданының жер қоры 2 873 640 гектарды құрайды, оның ішінде 591 563 гектары Қара­ғанды облысынан ұзақмерзімді пай­да­лануға алынған.
Ауданда ауыл шаруашылығы мақса­тын­дағы жер қоры 284 752 гектарды құрайды. Жер пайдаланушылардың саны – 500, оның ішінде 456-сы – шаруа қожалық, 25 ЖШС, 14 басқа кәсіпорын, 3 өндірістік кооператив пен 2 мемлекеттік заңды тұлға.
Аудан бойынша 33016 гектарды құрайтын, жалпы саны 60 инженерлік тұрғыда әзірленген күріш ауыспалы егіс жүйесі, 1 мал азығын дайындайтын және 1 картоп ауыспалы егіс жүйесі бар. Ауыл шаруашылығы бағытындағы жерлерді өз мақсатында пайдаланбай жат­қан адамдардан жер қайтып алынады. Оны жаңағы өтініштер бойынша қажет деген адамдарға қайта үлестіреміз.
– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатында нендей жобаларды қолға алдыңыздар?
– Ауданда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақ­тан­дыру мақсатында бақылау жұмыс­тары ұдайы жүргізіледі. Облыс әкімінің «Әлеу­мет­тік маңызы бар азық-түлік тауар­ларына баға­ларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру үшін сатып алынатын азық-түлік тауарларының шекті сауда үстемесін және тізбесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауар­ларының 19 түріне күнделікті монито­ринг жүргізілуде. 2022 жылдың қаңтар айынан 2023 жылдың қаңтар айына дейін 19 түрлі азық-түлік өнімдерінің 13 түрі қымбаттаған. Атап айтқанда, ақ күріш 160 теңгеге, ұн 32 теңгеге, қарақұмық жармасы 5 теңгеге, рожки 178 теңгеге, сиыр еті 100 теңгеге, тауық еті 85 теңгеге, сүт 205 теңгеге, айран 215 теңгеге, ірімшік 850 теңгеге, жұмыртқа 140 теңгеге, пияз 145 теңгеге, қант 110 теңгеге, тұз 10 теңгеге өскен. Бірақ 6 өнімнің бағасы арзандаған. Оның ішінде нан 10 теңгеге, сары май 20 теңгеге, күнбағыс майы 20 теңгеге, қырыққабат 85 теңгеге, сәбіз 10 теңгеге, картоп 30 теңгеге түскен.
Бүгінге дейін Жалағаш ауданы бойынша ірі және шағын сауда орындарында ауданда өндірілетін және сырттан келетін 588,2 тонна азық-түлік өнімдерінің қоры бар. Оның ішінде ұн – 116, күріш – 80, қант – 67, макарон – 111, күнбағыс майы – 47, тұз – 36, пияз – 22, картоп – 43, сәбіз – 13 және т.б.
«Ақниет-2» көтерме сауда дүкені әлеуметтік бұрыш ашу жөнінде «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-мен меморандумға отырған. Қазіргі таңда әлеуметтік бұрыш ашылды, ондағы өнімдер базар бағасынан 10-15 пайызға төмен аудан тұрғындарына ұсынылып жатыр. Әлеуметтік бұрышта күріш 175, қант 430 теңгеден сатылуда.
Кент тұрғындары азық-түлік бағаларын негізсіз көтермелеп отырған үй жанынан ашылған 3 дүкенге шағым түсірді. Азық-түлік өнімдерін сататын аудандағы ірі және шағын сауда орталықтарына мониторинг жұмыстары жүргізіліп, қымбаттаған азық-түлік тауарлары анықталып, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміне ұсынылды.
Азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақ­тан­дыру мақсатында аудан орталығында 2 рет ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәр­меңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңке ке­зінде азық-түлік өнімдері 10-15 пайызға төмен бағада сатылуда. Сонымен қатар Мақ­палкөл ауылдық округіндегі «Ер-Әлі» шаруа қожалығы аудан орталығында 3 мәрте картоп, сәбіз өнімдерін аудан тұрғындарына төмен бағада ұсынды. Алдағы уақытта азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөніндегі жұмыстар жалғасын табады.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: