Ұстаз деген ұлы есімді естігенде көз алдымызға жарқын мінезді, ақ жүректі, жылы жүзді бейне елестейтіні сөзсіз. Ұстаз бейнесі – шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғары үлгісі. Бала тәрбиелеуде үздіксіз қызмет етіп келе жатқан Манат Маханбетова – аудандағы Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінің педагог-зерттеуші, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Қасиетті мамандықтың қадірін түсірмей жүрген асыл жанмен жүздесу үшін арнайы қайраткер атындағы алтын ұяға қадам бастық. Өз ісіне берілген, шәкіртінің жанына нұр құя білген Манат апайдың көзқарасынан-ақ баланы оқытуда аянбай тер төгіп, ұрпақтың ұлы мұраты жолында талмай еңбек ететін ұлағатты ұстаз екені көрініп тұр. Ұлағатты ұстаз орыс тілі мен әдебиетіне қызыққан шәкірттеріне сапалы білім беруде оң бағыт-бағдар, дұрыс жол көрсетуде. «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан» деп Абай хәкім айтпақшы, әрбір шәкірт жеңіске жетіп жатса, оның артында ұстаздарымыздың бір тамшы болса да еңбегі барын ұмытпауымыз қажет. «Еткен еңбегің міндетті түрде жемісін береді» дейді Манат апай. Оған дәлел, оның шәкірттері бүгінге дейін біраз жетістіктерге қол жеткізген.
Мәселен, оқушылары орыс тілі мен әдебиеті бойынша көптеген республикалық, облыстық, аудандық, жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиадалардың жеңімпазы атанған. Атап айтсақ, Айсұлу Пайзрахманова облыстық лингвистикалық олимпиаданың ІІІ орын иегері атанса, Аружан Бақытжан аудандық «Пушкин оқуларынан» І орын, «Экология және біз» тақырыбында эсселер байқауынан Фариза Меңлібай ІІІ орын иеленген. Сондай-ақ жалпы білім беретін пәндер бойынша аудандық олимпиададан шәкірті Айсұлу Пайзрахманова былтыр І орын иеленіп, облыстық байқауда ІІІ орынға тұрақтады. Биыл дәл осы олимпиаданың аудандық кезеңінен Нұрсәуле Бақдәулет І орын алып, облыстық кезеңде үздік үштікті түйіндеді.
Сондай-ақ дәл осы республикалық олимпиаданың 5-6 сынып оқушыларына арналған аудандық, облыстық кезеңінде 5 сынып оқушысы Данияр Мырамыр І орын иеленіп, республикалық кезеңнен ІІ орын алып, жеңіс тұғырынан көрінген.
Ақылшы ұстаз әрқашан өзінің мол тәжірибесін жастарға үйретуден жалыққан емес. Саналы ғұмырын өзі сүйген қызметке арнап, баршаның ардақтысына айналған ұлағатты ұстаздың жетістіктері де жоқ емес. Ол – жақсы ұстаз ғана емес, білікті маман педагог-зерттеуші. Оның елеулі еңбегі қашанда ескерусіз қалмайды.
Білім саласындағы жемісті еңбегі үшін ол облыс, қала әкімдерінің, республикалық кәсіподақ ұйымының алғыс хатымен және білім беру ұйымдарының дипломымен марапатталған. Сондай-ақ облыстық тамыз кеңесі аясында «Разработка заданий для оценивания по русскому языку и литературе» тақырыбы аясында шебер сынып көрсеткені үшін арнайы алғыс хатпен марапатталып, облыстық білім басқармасының республикалық олимпиада жеңімпазын дайындағаны үшін арнайы алғыс хат та иеленген. Бұдан бөлек «Үздік мектеп тренері» байқауының аудандық, облыстық кезеңінің жүлдегері. «Үздік авторлық бағдарлама» байқауының облыстық кезеңінің І орын иегері. Республикалық «Педстарт Дарын» олимпиадасында І орынды жеңіп алған білімді ұстаз.
– Әр оқушының өзіне тән әлемі бар. Әрқайсысының мінезі мен қабілеті әртүрлі. Бірнеше жылдық еңбек жолымда алдымнан түрлі оқушылар өтті.
«Ертеңгі күннің еншісі бүгінгі жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне тікелей байланысты» десек, білімді шәкірт тәрбиелеп, оларды тұлға етіп қалыптастыруда қажырлы еңбек етіп, тер төгуіміз қажет.
Жастардың білімнің ең биік шыңдарын бағындыруға жасаған алғашқы қадамдарының бірі – жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиадалар мен білім сайыстары және ғылыми жобалар. Бұл тұста мектебіміздің дарынды оқушылары республикалық олимпиадаларға облыс атынан қатысып, аудан абыройын асқақтатып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Осындай дарынды шәкірттеріміз болашақта бұдан да биік белестерді бағындырып, үлкен жетістіктерге жететініне сенімім мол дейді, – Манат Жақсылыққызы.
«Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі» деп Мағжан Жұмабаев дәл айтқан. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытуда ұстаздың еңбегі зор. Ол сонысымен де қастерлі. Шәкірттерін терең біліммен қаруландырып, үлкен өмірге дайындау – тек білімді ұстаздың ғана қолынан келетін іс. Осындай ауыр жүкті көтеріп жүруде еш шаршамаған Манат Жақсылыққызы әлі талай жастың қанатын қатайтып, үлкен өмірге қадам басуына септігін тигізе бермек.
23 жыл бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған Манат Жақсылыққызы – ұлағатты ұстаз ғана емес, білікті маман. Себебі ол ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын болашақ буындарды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнап келеді. Өз ісіне берілген, шәкірттерінің жанына нұр құйып, әрқайсысының тілін таба білетін, жас мамандарды өз ісінің мықты маманы болуға қайрап жүретін кейіпкеріміздің еңбегі – болашақ жастарға өнеге.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!