Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

16°C

, Сәрсенбі, 17 сәуiр, 03:23

Мектеп – қоғамның қозғаушы күші

03.12.2022

1101

0

ХХІ ғасыр – білім мен ғылымның ғасыры. Сондықтан адамзат баласының ақыл-ойы, ес-өресі өткен ғасырлармен салыстырғанда көп кемелденді және ғасыр озған сайын толыға бермек. Бізге де бүгінгі заманның талабы білім бәсекесінде көп жауапкершілік жүктеп отыр. Соған сәйкес білім беру жүйесінде оқтын-оқтын реформалар жасалып, көптеген өзгерістер болып жатыр. Бір ғана талап – жас ұрпаққа сапалы білім беру және мемлекет оған мейілінше жағдай жасап келеді.

Біздің ауданымыз облыс бойынша білім беру ісінен басқа аудандардан оқ бойы озық тұр. Аудан мектептері білімді, білікті, жаңашыл мұғалімдермен толығып келеді. Сондай мектептердің бірі – Темірбек Жүрге­нов ауылындағы Әбдікәрім Оңал­баев атындағы №117 орта мектеп. Біз бүгін осы аталған мектептің директоры Райса Ілиаспен сұхбаттастық.

 – Сұхбатымызды мектептің тарихынан бастасақ?

 – Мектептің та­рихы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастау алады. Содан бері бұл мектепті білім беру саласына еңбегі сіңген педагогтар басқарды және білікті мұғалімдер ұстаздық етіп, бірнеше буын білімді шәкірт тәрбиелеп шығарды. 1987 жылы қазіргі екіқабатты оқу ғимараты пайдалануға берілді. Мектепке 1992 жылы 15 мамырда  Қа­зақстан Республикасы Министрлер Ка­бинетінің №527 Қаулысымен ақын Әбдікәрім Оңалбаевтың есімі берілсе, 2004 жылы 27 сәуірде мектеп алдына ақынның ескерткіші қойылды. Айта кетейін, қазаққа белгілі ақынның осы топырақта туып-өскені және мектебіміз қазақ руханиятындағы тұғырлы тұлғаның есімімен аталатыны біз үшін мақтаныш.

 – Мектеп ұжымының жалпы білім беру жүйесінің қағидаларынан тыс, яғни білім беруде немесе тәрбие тұрғысынан өзіне тән ерекше ұстанымдары бар ма?

          – Жалпылама мектебімізде білім беру бағдарламасы министрлік тарапынан мақұлданып, бекітілген нормаларға сәйкес жүргізіледі. Ал, мектеп директорының және педагогикалық ұжымның әр мүшесінің өздерінің біліктілігіне, тәжірибесіне, іздену жұмыстарының негізінде қалыптасқан ұстанымдары бар және ол тек оқушыға оң әсерін тигізіп келеді.

       Қазірде 311 оқушы білім алса, 70 мұғалім еліміздің келешегін қалыптастыруда аянбай еңбек етіп жүр. Олардың ішінде 64 жоғары білімді және 2 арнаулы орта білімді педагог бар, оның 13-і жоғары санатты, 25-і І-ші санаттағы ұстаздар. Бүгінгі күні оқу мен тәрбиелеу үр­ді­сінде әдіс-тәсілдерді жетілдіру, өмірмен бай­ланыстыруды міндеттеп отыр. Сон­дықтан әр мұғалім өзіндік дайын­ды­ғына, ой-санасының терең­дігіне қа­рай ізденеді. Нәтижесінде соңғы 3 жылда 47 мұғалім түрлі деңгейдегі бі­лім жетілдіру курстарынан өтті.

         – Ра­сымен бүгінгі білім беру са­ла­­сының қызметкерлеріне, соның ішін­­де мұғалімдерге өте жоғары талап қо­йылып отыр. Нақтырақ айтсақ, қазірде мұғалімге білім мен білік­тіліктен бөлек, жаңашылдық та аса қажет. Өйткені қазір технологиялық өрке­ниеттің ға­сыры. Әлем күн санап емес, сағат санап жаңарып жатыр. Сондықтан біз де сол жаһандық даму үдерісіне іле­суіміз керек. Ол үшін орта мектеп мұға­лімдерінің алдында білімін толық­тырып, біліктілігін арттырып, өзін жан-жақты жетілдіріп отыру міндеті тұр. Бұл тұрғыда сіз басышылық жасап отырған мектептің жетістіктері бар ма?

            – Мұғалім білікті болса, оқушы бі­лімді болады. Шәкірттің зейінін ашып, ынта­сын оятатын ұстаз. Оқу­шының әр же­тістігі – мұғалімнің тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Мұғалім мен оқу­шының қуанышы – мектептің абы­ройы. Мектебімізде «Бала – біздің болашағымыз» деген ұста­нымды ұранға айналдырған, педа­гогикалық бағыты айқындалған нағыз білім саласының майталман ма­мандары бар. Соның нәти­же­сінде оқушылар әр пән бойынша өтетін түрлі білім бәсекелерінде жарқырап көрініп жүр. Мәселен, 2021-2022 оқу жылында Айтбай Мирас, Әубәкір Асылхан, Амандық Гүлдана, Ша­рапат Исмайл, Ғани Қарақат, Қоң­тай Ақнұр, Тайшабай Меруерт, Тұр­лыбек Ақнұр, Күмісбай Ернұр, Рақым­жан Меруерт, Нартай Бақтияр, Руслан Еркебұлан, Қалдан Көркем, Жұмағали Таңсұлу, Төребек Аружан, Бәкида Әлихан, Райхан Сабыржан, Базарбай Әбілмансұр, Базарбай Расул, Әлібек Нұрислам, Әбубәкір Ақнәзік, Мереке Сара, Бақытбек Нұрғиса, Нартайқызы Кәмшат, Есболған Милана, Бақытбек Ақжібек, Қалдан Інжу, Қаунышбек Еркенұр, Жаңбыр Арайлым, Әпір Нұрай, Асан Нұрсезім, Қамбар Диана, Қуандықұлы Дамир, Кеңесбек Арсен, Егізбай Сезім, Өмірзақ Бибінұр, Қой­шығұл Ақжарқын, Мусабек Қызғалдақ, Әмірбек Ақнұр, Жаңабек Ханбүркіт, Мінаш Дана, Қамбар Диас, Әлібек Ерсайын, Тынысбек Толғанай, Тете­бай Нұрдана, Өмірзақ Асылназ, Абат Бибігүл, Жанат Гүлдана, Өтеген Ұл­бол­сын, Шыңғысұлы Айбатыр, Әлі­бек Нұрислам, Бақытбек Нұрғиса, Қайрат­қызы Мейірім, Тұрғанбек Ерасыл, Меркемел Нұрдәулет, Мәлікқали Жа­нель, Алтынбек Сәнім, Диас Өмірзақ, Асхат Әмірбек секілді зерделі, өнерлі, спортшы оқушылар түрлі жарыстардан жүлделі орындар иеленіп, мектебіміздің абыройын көтеріп жүр. Осы орайда зейінді шәкірттерді тәрбиелеп келе жатқан Ғаниева Гүлбану, Бекназарова Эльмира, Аман­гелды Арман, Кәден Жан­­сая, Найманова Гүлзат, Мамбетова Раушангүл, Әлмаханова Мөлдір, Дос­жанова Тасбике, Рақымбаева Гүлнар, Дүйсенова Гүлзат, Бәкірова Әлия, Әл­маханова Мөлдір, Нұрылда Айнұр, Әбжапбарова Гүлсім, Г.Қалиева, На­ғы­метова Нұрсұлу, Көзберген Гүл­пат­ша, Әлішова Құралай, Дүйсенова Гүл­зат, Жаңабаева Гүлнара, Омарова Алтын, Төрехенов Талғат, Тоғызбай Сәбит, Әлтаева Орынтай, Қалдығұлов Мұхит, Ахметова Бақыт, Бәкірова Әлия, Шыңбай, Нұртаева Венера, Қайыр­бергенова Ақмаржан, Амангелды Ар­ман, Сейдалиева Шолпан, Бекшенова Жазира, Ембергенов Еркін сынды шы­ғар­машыл мұғалімдердің аты-жөндерін атап кетпеске болмайды.

           – Биылғы жаңа оқу жылы қалай басталды?

          – Жаман емес. Талап пен тәртіп болса, жетістік те болады. Бұл жерде мен мұғалімдерге басшылық тарапынан қойылатын талап пен тәртіпті айтып отырғаным жоқ. Әр педагог қызметкер өзіне қатаң талап қоюы тиіс. Сонда ғана жұмысының нәтижесін көре алады. Мектепте биылғы жаңа оқу жы­лының басынан бүгінге дейінгі  же­тіс­­тік­терді тізбектеп санамалауға келіп қалды. Мәселен, «Бір мұғалім – бір жетістік» бастамасын қолға алдық және ол жақсы нәтижемен басталды. Айталық, жалпы білім бе­ретін мектептердің 5-11 сынып оқу­шылары арасында өткізілген облыстық «Ахмет Байтұрсынов оқулары» білім сайы­сының аудандық кезеңінен 8 сынып оқушысы Ғани Қарақат жүлделі ІІІ орынды иеленді. Жетекшісі – қа­зақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ақер­ке Дәруіш. Сонымен бірге мектеп оқу­шылары арасында ұлттық ойын  тоғыз­құмалақтан өткен аудандық жа­рыста №117 орта мектептің 8 сынып оқу­шысы Райхан Сабыржан жақсы ойын көрсеткені үшін марапатқа ие болса, облыстық оқушылардың спар­та­киадасына іріктеу мақсатында қол добынан 5-11 сынып оқушылары ара­сындағы өткізілген аудандық жарыста №117 орта мектептің 10 сынып оқушысы Темір Назым үздік ойын көрсеткені үшін марапатталды. Сонымен бірге «25 қазан – Республика күні» мерекесіне орай мектеп оқушылары арасында өткен гір спортының аудандық біріншілігінде 40 келі салмақ дәрежесінде Базарбай Расул ІІ орын, +40 келі салмақ дәре­жесінде Базарбай Әбілмансұр ІІ орын, ал 50 келі салмақ дәрежесінде Рай­хан Сабыржан ІІ орын иеленді. Дене шы­нық­тыру пәні мұғалімдері Жанат Әбуов пен Қалдығұлов Мұхит оқушы­лар­ды спортқа баулып, оларға бағыт-бағдар көрсетіп келеді.

– Расында қазірде адамзаттың қозғалыс динамикасы бәсеңдеген. Дәл бүгінгі күні балаларға, оқушыларға, тіпті ере­сек адамдардың өзін жаппай спорт­қа тарту басты мәселеге айна­лып отыр. Тіпті мемлекеттің өзі бұ­қарлық спортты да­мы­тып, халық­ты салауатты өмір сал­тын ұста­нуға үндеп жатыр. Осы тұрғыдан алғанда мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімдері көп еңбектенетіні көрініп тұр?!

– «Спорт – денсаулық кепілі». Әрине, баланың бойы өсіп, ойы толығуы үшін қозғалыс керек. Дене қимылы денсаулыққа пайдалы әрі ойды сергітудің тиімді тәсілі. Осы мақсатта дене шынықтыру пәні мұғалімдері ұдайы мектебімізде түрлі спорт­тық шаралар ұйымдастырып, оқушы­ларды жас ерекшеліктеріне қарай сабақ­тан тыс уақытта спорттық ойындарға тартуды дағдыға айналдырған және бұл алдағы уақыттарда жалғаса береді.

 – Тәрбиесіз берілген білім түбін­де адамзатқа қауіп әкеледі. Мектепте тәрбие саласы бойынша жоспарлы түрде қандай жүйелі жұмыс­тар атқарылып жатыр?

– Мұға­лімдерден бөлек, оқушылар өзін-өзі басқаруға бейім­делген. «Мек­теп парламенті» жұ­мысы жолға қойы­лған. Оған же­­тек­шілік ететін Мақпал Есқұл­бае­ваның оқушылар парла­ментін жан­дан­дыруға күш салып келе жатыр. Сонымен бірге мектеп театры жұмыс істейді. «Мектеп театры» жобасы бойынша 1-5 сынып оқушылары тартылған. Бұны да балаға тәрбие берудің тиімді тәсілі десе болады. Оқушыларға рухани тәрбие беруде мектеп кітапханасы да үлкен жұмыс атқарып отыр. Осы орайда кітапханашы Гүлбану Төлегенова «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында көптеген шаралар ұйымдастырып, оқушылар мен ата-аналарды кітап оқуға баулып отыр­ғанын айта кеткенім жөн. Сонымен бірге кітапханада Коворкинг орталығы ашылды. Ол жоспарлы түрде жұмыс істеп тұр. Осының нәтижесінде оқу­шыларымыз «Тұлпар мініп, ту алған» рес­публи­калық жобасының аудан­дық, облыстық кезеңдерінен жүлделі орындар иеленді. Ал кітапхана қоры былтырғы оқу жы­лында кездесуге келген мектеп түлек­тері сыйға тартқан оқушыларға оқуға міндеттелген 50 дана көркем әдебиетпен толықты. Сонымен бірге мектебімізде «Ақиқат» дебат клубы бар. Бұл жобаның да негізгі мақсаты – оқушылар тәрбиесін қалыптастыру. Пікірсайыс жарыстарында оқушы­лар екі тарапқа бөлініп, қазіргі қоғам­дағы жастарға қатысты өзекті тақы­рыптарды талқылап, ойларын ортаға салады.

Мектептегі оқу-тәрбие үдерісін ілгерілетуге күш салып, тыным­сыз еңбек етіп келе жатқан мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орын­басары Орынтай Әлтаева, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Самұ­рат Молдашев, бастауыш сынып­тар жөніндегі орынбасары Шолпан Сейда­лиева, бағдарлы ісі жөніндегі орынбасары Әділ Ибраев­тардың еңбегін айырықша атап өткеніміз жөн. Сондай-ақ мектеп­тің педагог-психо­логтары Асқар Ұбайдулаев пен Кәден Жансая және дефектолог Гүл­патша Көзберген оқушыларға психо­логиялық тұрғыдан қолдау көрсет­се, Тасбике Досжанова мектептегі әлеу­меттік бағытта атқарылатын жұ­мыстарды үйлестіріп отыр. Ал ал­ғаш­қы әскери дайындық пәні мұ­ғалімі Еркін Ембергенов оқу­шы­ларға әскери патриоттық тәрбие бе­руде өзге әріптестеріне үлгі болып келеді.

 – Мектептің материалдық базасының жасақталуы қалай?

          – Мектебіміз 2020 жылы күрделі жөндеу­ден өтті. Қазірде оқушылар толықтай жаңартылған еңселі ғимаратта білім алып жа­тыр. Мектеп кабинеттерінің дені жаңа­дан жабдықталды. Атап айт­сақ, 2 мультимедиа кабинеті бар және химия, физика, биология ка­бинеттері моди­фика­цияланған. Яғ­ни оқушыларға жоға­рыда аталған пәндерді заманауи үлгідегі құрал-жабдықтар арқылы басқа қыры­нан тануға, тереңірек оқып білуге мүм­кіндік жасалды. Робототехника кабинетінде жаңа заманның ғылымын үйренетін оқушыларымыздың облыстық дең­гейде жеткен жетістіктері бар. Мектеп ішіндегі әжетханалар да заманға сай жаңғырды және қазірде толық жұмыс істеп тұр. Одан бөлек, мектеп асханасы жүйелі жұмыс істейді. 135 бала ыстық тамақпен қамтылған. Ас мәзірімен де таныстық. Кәсіби білімі бар аспаздар оқушыларға құнары жоғары та­ғам­дар және эко­логиялық таза жергілікті бау-бақша өнім­­дерін дайындап береді.

           – Мектеп бітіретін түлектердің ҰБТ сынағына дайындығы қалай?

          – Мемлекет басшысының өзі күн­де­лікті мәселелерді шешумен қатар балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылдап, сапалы білім алуы керектігін айтып келеді. Расымен елдің интеллектуалдық капиталы мен қоғамның инновациялық әлеуеті тек білім арқылы келетіні мәлім. Осы тұрғыдан алып қарағанда, халық­тың білімге деген бұрынғы көзқарасы өзгерді, мектепті тек білімнің ғана емес, бүкіл қоғам дамуының қозғаушы күші деп таниды. Сондықтан мектебімізді білімнің өзегіне ғана емес, еліміздің иннова­циялық дамуының қозғаушы кү­шіне айналдыру жолында ұстаздар қауы­мы аянбай еңбек етіп келеді. Былтырғы оқу жылында мектепті 13 оқушы бітірген. Ал тоғызыншы сы­нып бітірген оқушылардың арасынан Қоңтай Ақнұр, Төребек Аружан, Рақым­жан Меруерт «Үздік аттестат» иегері атан­ды. Келер жылы мектепті 15 түлек бітіреді. ҰБТ-ға дайындық жақсы. Әр сынама тест тапсырған сайын орташа балл жоға­рылап келеді. Бұл орайда біз оқу­шыны ғана емес, оқушыға білім беретін мұғалімдерге деген талапты күшейтіп отырмыз және межелі үдеден шығуға ұжым болып күш салып келеміз. 

           – Қазіргі оқушылардың оқуға құлшысын оятудың бір жолы – ынталындыру және бұл өз кезегінде нәтижесін беріп келеді. Сіз басшылық жасап отырған мектепке де материалдық жағынан демеушілік жасап, оқушыларды оқуға ынталандырып отыратын кәсіпкерлер бар ғой?!

– Мектебімізге жер­гі­лікті кәсіпкерлер жиі демеу­ші­лік жасап тұрады. Мәселен, «Real Stroi Invest» ЖШС және «Ер-Әлі», «Мақпалкөл», «Ақниет», «Нұрбек» шаруа қожалық­тарының демеушілігімен жиналған қара­жат мектептің ішкі қа­жет­тілігіне жұмсалды. Ал жергілікті кәсіп­кер, аудандық мәслихат депутаты Әліби Бекжанов былтырдан бері үздік оқушыларға арнайы шәкіртақы та­ғайын­дап келеді. Атап айтсақ, «Ер-Әлі» және «Құрманбай ата» шаруа қожа­лық­тары  5-11 сыныптарда «үз­дік» оқи­тын 8 оқушыға 30 000 теңге­ден, «ек­­пінді» оқитын 14 оқушыға 20 000 теңге­­ден шәкіртақы тағайындап, оқу жылының соңында тапсырды.

 – Сұқбатыңызға рахмет!

  Сұхбаттасқан Қуат АДИС

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: