Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Сәрсенбі, 11 желтоқсан, 14:25

Мемлекеттік рәміздер – басты құндылығымыз

07.06.2022

689

0

Егемен ел болғанымыздан бері де 30 жылдан аса уақыт өтті. Бұл шексіз байлықтың қазаққа оңай келмегеніне тарих куә. Қазақ бұған дейін небір нәубетті жылдарды еңсерді. Кешегі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тоқырау кезең де бұғанасы әлі қата қоймаған Қазақстанға оңай тиген жоқ. Ал бұл бақ сол қиыншылықтарды еңсеруде қазақ бойынан табылған төзімділік пен шыдамдылық, ерлік пен өрліктің өтеуі болса керек. Менің «Тәуелсіздік бізге қалай келді?» деген сауалға жауабым осы.

Ал жас мемлекет тез аяққа тұрып, дамыған елдермен терезесі тең жағдайға жетуі үшін қайтпек керек? Әрине әлеуметтің әлеуетін көтеруде һәм ел тұрмысын түзеуде бірінші кезекте экономикаға, яғни ел тайқазанындағы қаржыға басымдық берген дұрыс. Алайда елдің руханиятын көтеріп, қай буынның болсын патриоттық сезімін ояту бәрінен маңызды. Міне, осыны қазақ әуелден ұқты. Қазақстанның төл теңгемізден бұрын егемен ел ретінде Мемлекеттік рәміздерімізді бекітуді қолға алғаны сондықтан.


Содан бері көк туымыз биіктен желбіреп, әнұранымыз шырқалған талай спорттық додалардың куәсі болдық. Иә, біз үшін сол байрақты бә­секелерде ел қоржынына түскен ал­тын­нан туымыздың биікте желбірегені һәм әнұранымыздың шырқалғаны қым­бат еді, әлі де солай, әрине.
Біз үшін тәуелсіздігіміз, егемендігіміз бәрінен жоғары. Кешегі жыл басындағы бір ғана келеңсіз жағдай осыған көз жеткізді. Ал тәуелсіздіктің сондай шексіз байлық екенін өскелең ұрпаққа дәріптеу үшін әлбетте бірінші кезекте патриоттық тәрбиеге басымдық бергеніміз абзал. Ал оны жас ұрпақ бойында қалыптастыруда Мемлекеттік рәміздеріміздің мән-мағынасына кеңінен тоқталмау тағы да қисынсыз.
Қазақтың кез келген патриоттық әнін тыңдасам, көз алдыма байрақты бәсекеде топ жарған спорт саңлағы, жаңа мүмкіндіктерге қол созған жас өрендер, кең байтақ атамекен, биікте желбіреген көк байрақ көз алдыма келеді.
Қайда жүрсең атамекен,
Көкейіңде жатады екен.
Күннің өзі ұясына,
Қимай оны батады екен.
Қандай әсерлі шумақ. Бұл – кезінде Ескендір Хасанғалиев ағамыз айтқан «Атамекен» әнінің қайырмасы. Бір шумақ өлеңнің үлкен мағынасын толыққанды түсіндіру үшін белгілі ғалым ағамыздан естіген естелігіме сәл тоқталсақ, артық болмас.
Ол кісінің Ираннан көшіп келіп, Қазақстан азаматын алғанына бірнеше жыл болыпты. Ағамыз шетелде тұрған шағында атамекенін қатты сағынады екен. Сонда «Каспий» теңізімен елге келіп, теңіздің Қазақстан жақ жағасынан бір уыс балшық алып кетеді екен. Соны орамалға түйіп, күнде жатарда бір иіскеп ұйқыға кететін көрінеді. Міне, қайда жүрсек те атамекеннің құны қашанда өлшеусіз және ол мәңгі көкейіңде тұратынын осыдан-ақ ұғуға болады. Сонда ағамыздың «Әнұран шырқалғанда жәй аузын жыбырлатып тұратын бауырларыма қынжыламын, кейде жай ғана сол жақ тұсына қолын қойып, үнсіз тұрған жастарды көргенде кімге ренжитінімді де білмеймін. Ал байрағын биікте желбіретіп, әнұранын бақытқа кенеліп шырқауды арман қылып жүрген қаншама елдер бар ғой» деген жадымда сақталған тағы бір ауыз сөзі бар еді. Неге екенін білмеймін, өткен сенбіде ауданда өткен Мемлекеттік рәміздер күніне арналған шарада осы ойларға бойлай бердім. Шара өте жоғары деңгейде өтті. Қазақстанның әнұранымен шымылдығын түрген шарада барша жалағаштық дауыстап Мемлекеттік Гимнді шырқады.
Иә, биыл тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік рәміздеріне – 30 жыл. Мемлекеттік рәміздерде көрініс тапқан әрбір бейнеге һәм нақышқа көз жүгіртсек, қазақ деген текті халықтың болмыс-бітімін байқаймыз. Тарихқа сәл шегініс жасасақ, Қазақстан 1992 жылы 2 маусымда Республика Жоғарғы Кеңесі қазақ халқының егемен мемлекет болған жаңа рәміздерін бекітті. Дәл осы жылы 4 маусымда «Қазақстан Рес­публикасының Мемлекеттік Туы ту­ралы», «Мемлекеттік Елтаңбасы ту­­ралы», «Мемлекеттік Гимнінің музы­калық редакциясы туралы» заңдарға қол қойылды.
Шарада аудан басшысы Асқарбек Есжанов Мемлекеттік рәміздердің мән-маңызына тоқталды.
– Баршаңызды Мемлекеттік рәміз­деріміздің 30 жылдық мерекесімен құттық­таймын. 30 жыл желбіреген туымыз­дың астында Қазақстан халқы еге­мен елде тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Мемле­кеттік Рәміздерімізді құрмет­теу, халық жүрегінің лүпілін түйген кере­мет музыкалық туынды Әнұран-Гимнді білу, жан-жүрегімізбен шырқау – бала­бақшадағы бүлдіршіндерден бастап барлығымыздың басты міндетіміз. Ел тәуелсіздігі мен Мемлекеттік рәміздер – егіз ұғым. Рәміздер – саяси тәуелсіздік пен егемендіктің бірегей белгілері. Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің мызғымас негіздерінің бірі. Мемлекетті мемлекеттік саяси рәміздерінсіз елестету мүмкін емес. Сондықтан бүгінгі мерекенің орны ерекше, мәртебесі де биік. Себебі бұл тек мерекелі күнді атап өтумен ғана шектелмейді, бұл мереке бізге үлкен міндеттер жүктейді. Ол міндет – кейінгі жастарымызды, жеткіншектерімізді ел үшін еңбек етуге, Отанды сүюге тәрбиелеу. Мемлекеттік құнды­лық­тарға құрметпен қарауды қалып­тастыру. Сіздерді бүгінгі мерекемен тағы да құттықтай отырып, еліміздегі тыныштық пен бейбіт күннің қадірін білейік дегім келеді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, көгімізде қыран самғап, көк Туымыз асқақтай берсін, – деді аудан әкімі Асқарбек Есжанов.


Дәуімбай елді мекеніндегі Рәміздер аллеясында өткен салтанатты шараға аудан ардагерлері, бөлім, мекеме қызметкерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері, аудан намысын қорғап жүрген спортшылар мен өнерпаздар қатысты. Салтанатты шарада велосипедшілер шеруі де болды. Бұл шеру еліміздің көк байрағын желбіреткен отыз ту ұстаған жігіттердің шеруіне ұласты. Жиын соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына жалғасып, аудан өнерпаздары жиылған қауым­мен бірге патриоттық әндер шырқады.

Ерлан ӘНУАРҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: