Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

7°C

, Жексенбі, 24 қараша, 13:43

Нұрлыбек Нәлібаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

22.07.2022

824

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кезектілікке сай бірқатар азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Бұл туралы облыс басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында  мәлімдеді.

«Айта кетейін, осы уақытқа дейін 13 жеке қабылдау өткізіп, 100-ден астам азаматтың мәселесін сала мамандарымен бірге қарап, тиісті тапсырмалар бердім», – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы атап өткендей, басқосулар аясында жерлестер  тарапынан қала және аудандарда 65-ке жуық шешуді қажет ететін негізгі проблемалық мәселе көтерілген.

«Мәселен, тұрғындар қойған сұрақтардың 40-тан астамы автомобиль жолдарын жөндеу, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарын жөндеу және салу, сумен, газбен жабдықтау, электр желілерін жаңарту, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мәселелері, елді-мекендерді абаттандыру, санитарлық тазалау және экология сипатында болды. Әрине, халықтың көкейкесті мәселеге деген ұсыныс-пікірлерін саралап, жинақтадық. Қазіргі таңда бұл мәселелерді рет-ретімен шешу жөнінде Іс-қимыл жоспары бекітілді», – дейді аймақ басшысы.

Кездесу барысында да 18 тұрғынның мәселесі қаралған. Оның ішінде, Ұлы Отан соғысының ардагері Алтынбек Сейдахметовтің есімін Қызылорда қаласындағы көшелердің біріне беру ұсынылған.

«Жау жолына қасқая қарсы тұрып, Жеңіс жалауын желбіреткен жауынгерлердің есімін ұлықтау – қасиетті парызымыз. Сондықтан бұл ұсыныс мұқият қаралып, заңдылығына қарай шешілетін болады. Сонымен қатар, көпбалалы ана Айнұр Қалдыбекова науқас нәрестесінің еміне көмек сұрады. Бұл мәселеге қатысты күні ертең «Қазақстан халқына» қорының өкілі облысқа жұмыс сапарымен келеді. Осы мәселені бірлесіп ақылдасатын боламыз. Сонымен қатар, баланы жергілікті жерде КТ, МРТ аппараттарында тексеруден өткізуді және қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына тапсырдым.

Мұнан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандарға санаторлық-курорттық демалысы кезінде көмекшіні қоса алып жүру мәселесі 2023 жылдан бастап шешімін табатын болды.

Жеке қабылдауда болған азаматтардың басым бөлігі тұрғын үй мәселесімен келген. Бұл жерде баспана мәселесі Заң аясында кезегіне сәйкес берілетінін айтқым келеді.

Қалған мәселелерді де зерделеп, заң аясында оңтайлы шешімін қарастырамыз», – деп атап өтті облыс әкімі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: