Қаржы министрлігі қазақстандықтардың зейнет жасын төмендету мәселесін қарастырып жатқан жоқ. Бұл туралы ведомство басшысы Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, еңбек министрлігінен зейнет жасын төмендетуге қатысты ешқандай ұсыныс түспеген.»Бұл мәселе көтеріліп жүр, бірақ нақты талқыланып жатқан жоқ. Үкіметте талқыланған жоқ. Заң бар, біз соны орындаймыз», – деді Жамаубаев үкімет кулуарында.
Министр жыл сайын зейнетақы төлемдеріне республикалық бюджеттен 2,2 триллион теңге бөлінетінін атап өтті.»Кез келген өзгеріс терең есептеулер мен жан-жақты талқылауды қажет етеді», – деді ол.Жамаубаев қазір еңбек министрлігі егде жастағы адамдарды қолдауға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асырып жатқанын айтты.
«Еңбек министрлігінің көптеген жақсы бағдарламасы бар, соның ішінде «Күміс жасты» атап өтуге болады. Бұл бағдарламаларға белгілі бір қаражат бөлінеді. Сол себепті әзірге қолданыстағы бағдарламалар бойынша жұмыс істейміз және қолданыстағы заңдармен өмір сүреміз», – деді Жамаубаев.
Бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова зейнет жасын төмендету мәселесін қоғам белсенділері мен үкіметтің қаржы блогы қарастырып жатқанын мәлімдеген еді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!