Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

21°C

, Дүйсенбі, 06 сәуiр, 17:29

Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады

06.04.2026

4

0

Президентке агенттік қызметінің негізгі қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған міндеттері жөнінде баяндалды.

Жанат Элимановтың айтуынша, бюджет шығыстарына жүргізілген мониторинг кезінде мал шаруашылығы саласына бөлінген 30 миллиард теңге субсидияны тиімсіз пайдалану тәуекелдері анықталған. Сондай-ақ ғылыми зерттеулер мен ғылыми-техникалық нәтижелерді коммерцияландыруға бағытталған 10 миллиардтан аса теңгені мақсатсыз жұмсау белгілері айқындалды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатын жымқыру фактілері бойынша 14 сотқа дейінгі тергеу басталған, ал құрылыс саласында 5,3 миллиард теңгені заңсыз иемденбек болған жандарға қатысты 21 қылмыстық іс қозғалды.

Мемлекет басшысына алаяқтық әрекеттердің алдын алу бойынша 17 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылғаны және банктер мен байланыс операторларының атын жамылып, арнайы құрылғылар арқылы жаппай фишингтік SMS-хабарламалар таратқан топ әшкереленгені жөнінде есеп берілді. Жалпы аудиториясы 25 мыңнан асатын 3,7 мың алаяқтық сайт және 22 топтық чат жабылған. 400-ден астам жалған құрылыс компаниясының заңсыз түрде бірінші санаттағы лицензия алуына жол берілген жоқ.

Бұдан бөлек, қылмыстық табыстарды жылыстатуға қарсы күрес саласында атқарылған жұмыстар таныстырылды. Атап айтқанда, заңсыз схемаларда қолданылған дроп-карталарға қатысты 14 сотқа дейінгі тергеу басталды, олардың есепшотындағы қаржының жалпы айналымы 13 миллиард теңгеден асқан. «Көлеңкедегі» тұлғаларға рәсімделген 68 мыңнан астам карта бұғатталған. Жалған компаниялар мен құжаттарды пайдалану фактілері бойынша 23 іс тіркелген, келтірілген залал – шамамен 13 миллиард теңге. Қаржылық пирамидалар, онлайн-казино және алаяқтықтан түскен табысты жылыстатумен айналысқан 3 жасырын криптоайырбастау қызметінің жолы кесілді. Криптовалюта айырбастауға қатысты заңсыз онлайн сервистерге кіруге арналған 483 сілтеме жойылды.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы агенттіктің негізгі бағыттары бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: