Бүгін «Өнер орталығында» «Қазақстан Ұлттық Урбан Форумы 2025 – Қызылорда» халықаралық форумының ашылу рәсімі өтті.
Халықаралық форумға ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өкілдері, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, Біріккен Ұлттар Ұйымының UN-Habitat Ұйымы, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы өкілдері, еліміздің барлық өңірінен келген облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары қатысты.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев форумға қатысушыларға сәттілік тілеп, аймақта атқарылған ауқымды жұмыстарды атап өтті.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан орнықты урбанизация үрдісімен келе жатыр. Тұрғын саны миллионнан асатын қалалар еліміздің жаһандық бәсекелестік қабілетінің тірегі, ал облыс орталықтары өз өңірлері өсімінің өзегі болуға тиіс», – деген болатын.
Бүгінгі урбанизация дәуірінде қалаларды тұрақты дамытуда экологиялық тепе-теңдікті сақтау, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру – басты міндеттердің бірі. Қызылорда – дәстүрлі аграрлы аймақ! Қызылорда – мегаполис болмағанымен, қарқынды урбанизация жолына түскен, өз деңгейінде қалалық инфрақұрылым мен өмір сүру сапасын арттыру, экономиканы әртараптандыру бағытында нақты қадам жасаған қала. Қала халқының үлесі өсіп, өңір тұрғындарының шамамен 50%-ға жуығы облыс орталығында тұрады.
Қызылорда облысы Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келетін, нақты стратегияларға, аймағымыздың заманауи келбетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Қазіргі таңда облыс бюджеті 750 млрд. теңгеден асты. Бұл қаражат аймақтағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталуда.
Мемлекет басшысының қолдауымен Қызылорда қаласында 215 млрд. теңгеге қуаттылығы 240 МВт жаңа жылу-электр орталығы салынуда. Инвестор «Акса Энерджи» түрік компаниясы 135 млрд. теңгеден астам инвестиция құйып, құрылыстың 80%-ы аяқталды. Орталық қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Катармен үкіметаралық келісім негізінде оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында қуаттылығы 1100 МВт, құны 892 млрд. теңге болатын бу-газ қондырғысы салынады. Бұл мегажоба 2028 жылы толығымен іске қосылады.
Бүгінгі форум – қалаларды тұрғындарға қолайлы, климатқа төзімді, инклюзивті орталықтарға айналдыру жолындағы бірлескен бастамаларымызды нығайтатын алаң. Біз үшін форум – тек талқылау емес, нақты әріптестікке бастайтын жол. Осы жұмыстарды одан әрі жетілдіруге серпін беріп, қалалардың болашағын қалыптастыру жолындағы ортақ мақсаттарға жетуде маңызды қадамдар жасауға ықпал етеді деп сенеміз»,– деді Н.Нәлібаев.

Форумда ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин, ҚР Өңірлік даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бауыржан Жүнісбеков, Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, UN-Habitat ұйымы атқарушы директорының орынбасары Рафаэль Тутс, БҰҰ ДБ Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжимитов сөз сөйледі.
Сонымен қатар, UN-Habitat атқарушы директоры Анаклаудия Россбахтың бейнехабарламасы көрсетілді.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!