Суға шомылу маусымы басталғалы Қазақстанның су айдындарында 68 адам, оның ішінде 24 бала суға батып қаза тапты. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ведомство мәліметінше, 1 маусымнан бері құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында 90 адам, оның ішінде 23 бала аман қалған.
Қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында Прокуратура қызметкерлері Ішкі істер және Төтенше жағдайлар органдарымен бірлесіп, су айдындары маңындағы жаппай демалыс орындарында рейдтер жүргізіп жатыр.
«Су жағасында демалмас бұрын шомылуға рұқсат етілген орындардың тізімімен алдын ала танысу ұсынылады. Бұл ақпарат әкімдіктер мен Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелерінің ресми сайттарында орналастырылған», делінген хабарламада.
Осыған байланысты мамандар тұрғындарға тек ресми түрде рұқсат етілген әрі қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталған жағажайларда ғана демалуға кеңес береді.
Маусым айындағы дерек бойынша елімізде шомылу маусымы басталғалы бері су айдындарында 29 адам қаза тапқан. Олардың 16-сы – балалар.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!