Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

8°C

, Жексенбі, 13 қазан, 15:46

Қызылордалық келіншек үшінші рет дүниеге егіз әкелді

25.01.2024

590

0

 Қармақшы ауданына қарасты Ақтөбе ауылында үш рет егіз босанған келіншек тұрады.  Егіздердің анасы Арал қаласының тумасы – Жанбота Өтебалиева. 

Ол 2012 жылы Ақтөбе ауылының азаматы Еркін Раевқа тұрмысқа шыққан. Жары бүгінде шаруашылықта қойма меңгерушісі болып еңбек етеді. Көпбалалы ана егіздердің барлығын да облыстық «Ана мен бала» орталығында босанған. 

«1987 жылы Аралда дүниеге келгенмін. Отбасында 5 бала өскенбіз. Негізінен егіздер анам жағынан тараған. Менің алдымдағы бауырларым егіз болған. Өнегелі отбасына келін болғаныма өзімді бақытты санаймын. Тоғыз баланы өмірге әкелдім, Алланың берген сегіз ұл-қызы бар. Меруертім Қызылордада студент. Гүлжайнарым 9-сыныпта оқиды. Егіздердің үлкені 2014 жылы туған – Әсет пен Әсел 3-сыныптың оқушылары болса, одан кейінгі екінші егіздер 2016 жылы өмірге келген – Ғазиза мен Фариза 2-сыныпта білім алып жүр. Үшінші егізіміз өткен жылдың 26 желтоқсанында өмір есігін ашқан – Әлихан мен Әлижан есімді батырлар бір айды енді толтырады, – дейді көпбалалы ана. 

Отбасында екі егіздің есімдерін әкелері қойса, егіз қыздарға есімді әжесі өзі беріпті. Жанбота Өтебалиева айтуынша, үш рет босанғанында да балалардың егіз болатынын алдын ала тексеру құрылғысы арқылы біліп отырыпты. Біріншісінде қатты таңқалғанын жасырмайды.

«Әрине, бастапқысында анамнан дарыған шығар деп ой түйдім. Қуанышымызда шек болмады. Оның алдындағы ұлымыз ауырып, одан айырылып қалған болатынбыз. Сол кезде қатты қиналдым. Одан кейін осыларды бергенде Аллаға шүкіршілік еттім. Екінші, үшіншісінде де Алланың шексіз мейірімділігіне таңқалдым. Шынымды айтсам, ұлдарымыздың егіз болатынын да іштей сездім. Аудан орталығына барып, УЗИ-ге түскенімде сезімім алдамады. Бүгінде шақалақтардың денсаулығы бірқалыпты. Жүктілік кезеңі жеңіл өтті. Тоғыз ай бойы ауылымыздағы Бота дәрігер мен Гүлжайна акушеріміздің бақылауында болдым. Үйге келіп, ем-домын жасады. Ақыл-кеңесін беріп отырды. Балалардың салмағы үш келіден жоғары болып туылды» – дейді Жанбота Өтебалиева.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: