Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

15°C

, Жексенбі, 20 сәуiр, 02:00

Радиобайланысшы Шара

04.03.2025

116

0

Шара Бөлембаеваның таңғы жұмысы кезекшілікті қабылдап алумен басталады. Мұнан кейін ішке түскен әр қоңырауға жауап беру де – оның негізгі міндеті. Күнделікті оқу-жаттығу жұмыстары тағы бар. Бүгінде білікті маманның дәл осы абыройлы міндетті атқарып келе жатқанына 16 жыл болыпты.

Иә, ол осынша уақытта тек жауапкершілікті өзіне серік етті, жұмыста табанды болды. Қазіргі таңда аудандық төтенше жағдайлар бөліміндегі жастарға үлгі болып жүр.
– Біздің сала салғырттықты көтермейді, ал өзің ондайға жол берсең, біреуді төтенше жағдайдан қалай құтқарасың? Міне, осындай сан сауал бізді ширатады. Шүкір, бүгінде тапжылмай бөлімде жұмыс жасап келе жатқаныма 15 жылдан асты. Осынша уақытта артылған сенімді ақтап, барлық тапсырманы жоғары деңгейде орындап келемін. Төтенше жағдайлардан аман алып қалғанымыз үшін елдің де алғысын алып жатырмыз. Мен үшін халықтың алғысынан асқан абырой жоқ, – дейді Шара Шамшатқызы.
Сыртынан қараған адамға радиобайланысшы күнделікті тек қоңырауларға жауап берумен шектелетін сияқты. Бірақ шын мәнінде оның басқа да функциялары барын, олардың да құтқарушылармен бірдей оқу-жаттығудан өтетінін, төтенше жағдайдың алдын алуда солармен бірдей жұмыс жасайтынын біле бермейміз. Таңнан кешке дейін бұл бөлімге жайдан-жай ешкім шықпайды. Тек орын алған төтенше жағдайды баяндап, көмек сұрайды. Ал оны Шара Шамшатқызы бастығына баяндап, толық құрамда құтқарушылар әртүрлі апатпен күреседі.
– Кейде білесіз бе, төтенше жағдаймен күресіп, кез келген апатты дер кезінде ауыздықтау үшін радиобайланысшы маңызды рөл атқарады. Осы ретте Шара әріптесіміздің қырағылығын, жауапкершілігін, өз міндетіне адалдығын айтпай кету мүмкін емес. Тіпті ол осы жолдағы ширақ ісімен айналасына үлгі болып жүр. Сондықтан біз онымен мақтанамыз. Жастарға үлгі етеміз, – дейді бөлім бастығы Еркін Назарқұлов.
Иә, оның саладағы табанды еңбегі ескерусіз қалған емес. Осыған дейін аудан әкімінің, департаменттің және бөлім бастығының алғыс хаттарымен, арнайы дипломдармен марапатталды. Бірақ ол мұндай марапаттарға тоқмейілсімеді. Керісінше шабыт алып, жұмысын одан әрі ширатты.
Шындығында, кейіпкеріміздің айтып отқаны орынды, бұл сала расында салғырттықты, немқұрайлықты кешірмейді. Себебі тұтас халыққа қызмет ететін ауыр салада жауапкершілік бірінші орында болуы тиіс. Міне, оны қашанда бірінші орынға қоя білуінің арқасында Шара Шамшатқызы бұл қызметте абырой биігінен түскен емес.
Ол – жұмыста білікті маман, отбасында – аяулы ана. Бүгінде жолдасы екеуі 1 қыз тәрбиелеп отыр. Қызы да анасы секілді өз мамандығына адалдық танытып, елге қалтқысыз қызмет еткісі келеді. «Алма ағашынан алысқа түспейді» дейді. Ұрпақ сабақтастығы деген осы шығар, сірә!

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: