Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

28°C

, Жексенбі, 21 шiлде, 21:29

Сәрке батыр Өмірқұлұлына арналған танымдық конференция өтті

21.11.2023

1105

0

Ақсу ауылында Сыр өңіріне белгілі батыр Сәрке Өмірқұлұлына арналған танымдық конференция өтті. Конференцияда аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов батыр бабалардың, аға буынның ерліктері мен еңбегін дәріптеу, өскелең ұрпаққа үлгі ету, олардың есімдерін ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың парызы екенін жеткізді.

         – Жалағаш жері – ырысы артып, ынтымағы жарасқан, береке-бірлігі көпке үлгі болған, дүбірлі додаларда топ жарған қаншама саңлақ спортшының, ақын-жыршының құтты мекені. Бұл жерден еліміздің кемел келешегі үшін аянбай еңбек еткен, сол жолға саналы ғұмырын арнаған мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ағартушы-ұстаздар мен көптеген ғалымдар шыққан.

Бүгінгі танымдық конференция тақырыбына арқау болып отырған Сәрке батыр Өмірқұлұлы – өскелең ұрпақ үлгі алатын, құрметтеуге лайық тұлғалардың бірі. Сәрке Өмірқұлұлының көзсіз батылдығы мен ұлтына деген сүйіспеншілігі бүгінгі ұрпаққа зор тағылым-тәрбие. «Азаматын ардақтаған ел азбайды» дейді дана халқымыз. Ер есіміне деген құрмет еселене берсін!» – деді аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов.

Конференция барысында Сәрке батыр Өмірқұлұлының жоңғарлармен болған соңғы шайқасы жайында бейнеролик көрсетілді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, Бұқарбай батыр ауылы ардагерлері кеңесінің төрағасы Қабылбек Нұрмағанбетов, батырдың ұрпағы – Сүлеймен Беркімбайұлы Сәрке батыр Өмірқұлұлының өмір жолы мен шешуші шайқастардағы ерлігіне тоқталды.

         Сәрке Өмірқұлұлы – Сыр өңіріне белгілі батыр. Кіші жүздің табын руынан шыққан. 16-17 жасында Ырғыз өңірінде қалмақтармен шайқасқа шыққан уақыттан бастап оның есімі Сыр табындарының ұранына айналған. Сәрке батыр асқан палуан да болған. Негізінен қалмак, башқұрттармен болған ұрыстарға қатысқан. Қалмақтармен болған ұрыста казіргі Жезді ауданының Сартөбе деген жерінде мерт болады. Келесі жылы сүйегін Қорқыт Ата қорымына әкеліп, қайта жерлеген. Апасы Қарқарадан туған Асау Барақ өз заманында айтулы батырлардың бірі болды. Ал Сәркенің тікелей ұрпағы Байқадамның әрі батыр, әрі би болғандығы туралы деректер Ресей құжаттарында кездеседі. Сәрке қайтыс болған жер «Сәркенің төбесі», «Сәркенің ақшиі» аталып кеткен.

         Айта кетейік таяуда ғана Ұлытау облысындағы «Бұланты шайқасы мемориалдық кешеніне» Өмірқұл баба ұрпақтары Сәрке батырға ескерткіш тақта орнатып, баба рухына құран бағыштап қайтты. Сонымен бірге, Сәрке батырды уақытша аманаттап жерлеген «Сәркенің ақ шиі», «Сәркенің сары төбесі» аталып кеткен аймаққа да көктас қойылып, батыр есімі Ұлытау төрінде жаңғырды.

Танымдық конференциядан соң қазақ батыры Сәрке Өмірқұлұлына арналып ас берілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: