Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Сәрсенбі, 11 желтоқсан, 13:46

Салада серпін бар

14.12.2022

494

0

Ауданда соңғы жылдары спорт саласында ауыз толтырып айтатын жетістіктер көп. Әрине оның бәрі төккен тер, еткен еңбектің жемісі екеніне ешкімнің дауы жоқ. Тіпті бұған дейін артта қалған бірқатар спорт түрлерін дамыту мақсатында атқарылған жұмыстардан да оң нәтиже байқалады. Десе де бұған тоқмейілсуге тағы болмайды. Себебі белгілі бір жастағы спортшылар арасында өтетін жарыстарға қазір командамен қатар жекелеген спортшыларымыз болғанымен, ертеңгі олардың ізбасарларынан тағы да білікті спортшылар қалыптастыру міндеті тұр.

Жалпы біздің аудандағы бұл саланың жұмысында ауыз толтырып айтарлықтай жүйелі жұмыс бар. Әсіресе Жалағаш ауданы – қазір облыста гір спортымен танымал аудан. Тек аймақта ғана емес, байрақты бәсекелерде де дәл осы спорт түрінен талай рет бағымыз жанды. Гір спортынан жаттықтырушы Сейтенов Абдулхасанның шәкірттерінің көбісі үлкен додаларда топ жарып жүр. Өзі де екі дүркін Азия чемпионы. Екі оқушысы Азия чемпионы атанды. Бірқатар оқушысы ҚР Спорт шебері атанды. ҚР Спорт шеберлігіне үміткер оқушылары да жоқ емес. Екіншіден ауданда дзюдо спорты жақсы қарқынмен дамып келеді. Бұл спорт түрінен қай салмақта болсын біздің жекелеген спортшыларымыз жақсы көрсеткішке қол жеткізіп, артылған сенім үдесінен шығып келеді. Бұған дейінгі аймақта осы спорт түрінен өткен сайыстарда бақ сынап, ауыр салмақта, 100 келі салмақта Жайдар Есен, 60 келі салмақта Жақсыбек Жеңісбек және басқа да бірнеше салмақта тағы екі спортшымыз І орыннан табылып, аудан мерейін үстем еткен еді. Оларға 270 мың теңге қаржылай сыйақы табысталды. Мұнан бөлек кеше оқушылар арасында Францияда Гимназиада ойындары өтті. Әлемдік додада Бұқарбай батыр ауылының тумасы, жерлесіміз һәм мақтанышымыз Нұрдәулет Маратұлы бірінші орын алып, көк туымызды биіктен желбіретті. Ол еркін күресте бозкілемде белдескенін алып ұрып, ақтық мәреде де ел мерейін үстем етті.

Жалағашта бұдан бөлек жеңіл атлетика ойындарынан мықты спортшыларымыз жетерлік. Тағы бір жетістігіміз биылғы жылы Алматы төрінде өткен ел біріншілігінде Дінмұхаммед деген ініміз бірінші орын алып, тек ауданның ғана емес, аймақ абыройын асқақтатты. Ол найза лақтыруда 11 адамның ішінен озық шықты. Жалпы мұнан бөлек футбол, футзал сынды спорт түрінен біз аймақта бұрыннан жақсы нәтижеге қол жеткізіп келеміз.

Шыны керек, соңғы жылдары ауданда спорт саласына қолдау басым. Нәтижесін ел болып көріп отырмыз. Аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлының Жалағашта аталған саланы дамыту мақсатында бірқатар жоспары да бар. Әсіресе ауданның 3 жылдық даму жоспарында орталық стадионның күрделі жөндеу жұмыстарының қамтылуы қуантып отыр. Сондай-ақ басқа да жобалар жүзеге асса, бізде кадр тапшылығындағы мәселелер де өз шешімін табары анық. Бұйыртса, Бұқарбай батыр ауылындағы спорттық кешен де мемлекетке өтеді. Ол кезде ондағы штат мәселесі де шешімін табады. Ал мықты спортшыға талант та, талап та керек. Бірақ адамның бойында бір нәрсеге деген қызығушылық сол мақсатқа жетуге деген ізденіске себеп болады. Спорт та, спортшы да сол сияқты. Мәселен, жаңа жоғарыда айтып өткен Абдулхасан деген азаматтың гір спортына мүлде қатысы жоқ екен. Мамандығы басқа болса да сол бойындағы баяғы гір спортына деген қызығушылық отының өшпеуі оның осындай жетістікке жетуіне себеп болып отыр. Бұл бапкерге дейін аймақта облыстық сайыстарда басқа аудандардың «Жалағаш біздің топта болса екен» деген ой арманына айналған. Себебі біздің ауданда бұл спорт түрі кенжелеп қалған еді. Міне, Абдулхасан керағар көзқарасты еңбегімен жоққа шығарды. Оның да қазір шәкірттері үлкен додаларда жиі топ жарып жүр.

Айта кету керек, ауданда ұлттық спорт түрлерінен де жүйелі жұмыс бар. Қазір республикалық додаларда бұл спорт түрінен өнер көрсететін азаматтарымыз бар. Әсіресе Аққұм, Бұқарбай батыр сынды бірқатар ауылдық елді мекендерде спорттың бұл түрі жақсы дамып келеді. Жаңақорғанда ұлттық спортқа мінетін тұлпарлардың өзін арнайы баптайтын бапкерлері бар. Ал біздің шабандоздар өз атын қарапайым қорадағы азын аулақ түлігіне үлестіретін жем-шөбімен азықтандырады. Арнайы белгілі күндерде дайындық жұмыстары өтпесе де біздің шабандоздар бүгінде сол Жаңақорғанның спортшыларымен деңгейлес өнер көрсететін жағдайға жетті. Әсіресе Аққұм ауылы ұлттық спорт түрлерінен мықты. Олар ауылдар арасында да көкпардан жиі жарыс өткізеді. Көрші ауданда ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылса, өздері қатыса береді. Бұл ол ауылда ұлттық спорт түрлерінен жекелеген спортшылар былай тұрсын, дайын команда жасақталғанын аңғартады. Бұқарбай батыр ауылы барлық спорт түрінен мықты. Ақсу да кез келген спорт түрінен команда жасақтауда алдыңғы қатарда. Ал аудан орталығынан шалғай жатқан Жаңадария ауылында асық атудан мықты спортшылар қалыптасқан. Мәдениет те спорттың көптеген түрінен мықты ауылдардың бірі. Себебі мұнда спорт кешені бар. Дзюдо, бокс сынды бірқатар спорт түрлерінен бұл ауыл алда. М.Шәменов ауылында ұлттық спорт түрлерінің ішінде көкпар жақсы дамып келеді.

Қарап отырғанымыздай аудандағы спорт саласында спорттың қай түрінен болсын жетістік бар. Бөлім басшысы да қазіргі жетістіктерге тоқмейілсіп, тоқтап қалмаймыз дейді. Ал жаттықтырушылардың ауданнан жас спортшыларды шығару, дайындаудағы еселі еңбегі бүгіннің өзінде жақсы нәтижелерге жеткізіп жүр. Алдағы уақытта да аудан абыройын асқақтатып, мерейімізді асыратын чемпиондар шыға беретініне сенеміз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: