ЖАЛАҒАШТЫҚ ШАРУАЛАР АУДАН ОРТАЛЫҒЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМІДЕРІНЕН ЖӘРМЕҢКЕ ҰЙЫМДАСТЫРДЫ. МҰНДА ТЕК ӨЗІМІЗДІҢ ӨҢІРДЕ КҮТІП-БАПТАЛҒАН ЖӘНЕ ӨНДІРІЛГЕН ӨНІМДЕР АУДАН ХАЛҚЫНА НАРЫҚТАН 15-20 ПАЙЫЗ ТӨМЕН БАҒАДА САТЫЛДЫ. МОЛШЫЛЫҚ ШАРАСЫНА ОРАЙ ЖӘРМЕҢКЕДЕ КӨҢІЛДІ ӘУЕН ДЕ ОЙНАП ТҰРДЫ. БАСТЫСЫ, ҚЫСТАН ҚЫСЫЛМАЙ ШЫҚҚАН ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАР БІР-БІРІМЕН МӘРЕ-СӘРЕ БОЛЫП, МАЛ-ЖАННЫҢ АМАНДЫҒЫН СҰРАСТЫ.
Әдеттегідей таң атысымен Абай көшесі бойына жиылған халықтың қарасы қалың. Бәрінің мақсаты – сапалы және арзан бағада ұсынылған өнімдерді артығымен сатып алу. Бұл жолы аудан тұрғындарына 15 автокөлікпен 59,2 тонна азық-түлік өнімдері ұсынылды. Оның ішінде облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан 15 тонна картоп, 10 тонна пияз және күнбағыс майы төмен бағамен сатылды.
Жәрмеңкеде аудан әкімі Ардақ Ибраимов жергілікті өнімдердің бағаларымен танысып, нарық бағасынан төмен бағада ұсынған сауда иелеріне алғыс білдірді. Жалпы баға тұрақтылығын бақылау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын тауып, сол арқылы бағаны себепсіз өсіруге жол берілмейді. Мұны аудан басышысы жеке қадағалауына алған. Жалпы аудан орталығында азық-түлік тауарларының қоры жеткілікті, тапшылық жоқ.
Кент тұрғыны Сәбит Досов жәрмеңкеде отбасылық азығын қамдап алуды әдетке айналдырған. Ол мұнда ең бірінші өнімнің қай түрі өтіп кететінін де жақсы білетін көрінеді. Маржандай күрішімізді, Мақпалкөлдің алмасы, Қаракеткеннің балығы, өзіміздің тұзды етімізді жергілікті тұрғындар таласа саудалайтын өнімдер десек, артық айтқанымыз емес. Жүк көліктеріне тиелген бақша өнімдеріне қарама-қарсы орналасқан сөреде үлкен жайынды таразыға тарттырып жатқанына куә болдық. Кейін сұрағанымызда бұл кент тұрғыны күзде ұйымдастырылған жәрмеңкеде де осындай үлкен жайынды саудалаған екен. Балық етінің дәмі отбасына ұнап, тағы да сатып алуға келген.
– Жергілікті кәсіпкерлер ұйымдастыратын жәрмеңкеден жыл сайын қажетті затымызды арзан бағада сатып аламыз. Тіпті өзімді бұл ауданның сала өкілдері өндіретін өнімдердің тұрақты тұтынушысымын десем де болады. Тек биыл жылдағыдан сәл кеш келдім. Әсіресе Қаракеткеннің балығы ұнайды. Бірінші саудамды осы балық алудан бастап жатқаным да сондықтан. Әдеттегідей барлық өнімнің нарық бағасынан арзан екенін анық байқауға болады. Қазір картоп, пияз, асқабақ секілді бірқатар бақша дақылы мен ет өнімдерін молынан аламын. Мұнда тіпті қорада мал ұстайтын жандар үшін де мал азығы жеткізіліпті. Оның да бағасы нарықтан әлдеқайда төмен. Жалағаштықтар шаруа адамдары бізге осындай сапалы өнімдерін ұсына берсін деп тілейміз. Ұйымдастырушыларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді кент тұрғыны Сәбит Досов.
Мұнда бос жүрген бір адам көзге түспейді, барлығының қимылы шалт. Сатушы бір тұтынушының қоржынын сапалы өніммен толтырса, кезекте 4-5-еуі тағы тұр. Осыдан-ақ кент, ауыл аймақтардан жеткізілген әрбір өнімнің бағасы қалтаға қонымды, сапасы да жоғары екенін анық байқауға болады. «Елде болса, ерінге тиеді» деген осы шығар, сірә. Сатушыда реніш жоқ, тұтынушы да дән риза.
– Аудан орталығында жәрмеңке өтеді деген соң, сонау Жаңадария ауылынан өз өнімімізді әкелдік. Негізінен бақша өнімдері, картоп, қауын-қарбызды тұрғындарға ұсынудамыз. Өздеріңіз білесіздер, Жаңадария ауылы бақша дақылдарын егуге өте қолайлы, топырағы құнарлы, бүгінде аяқсу жолдары бір жүйеге түскен. Әсіресе қауын-қарбыз табиғи ауа райымен, яғни ешқандай қоспасыз, жаз бойы күннің ыстығымен ерекше пісіп-жетіледі. Алайда қауын-қарбызымыз қысқа дейін толықтай өтіп кетті. Енді міне, картоп, асқабақ өнімдерін сатудамыз. Бастысы, сапалы өнімге сұраныс жоғары, – дейді шаруа адамы Рысбек Ілиясов.
Айта кетейік, биыл мерекелі жылды аудан шаруалары мол табыспен қарсы алды. Былтыр жыл қорытындысымен облыс бойынша ауданымыз агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, «Үздік аудан» номинациясына ие болды. «Қызылорданың Қостанайы» болған жалағаштың диқандары былтыр 37 218 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын екті. Оның ішінде 19 800 гектар күріш егіп, әр гектардан 60,5 центнерден, барлығы 1 млн 200 мың центнерге жуық өнім жинады.
Былтыр аудан шаруалары күріштен бөлек бидай, арпа, сұлы, қант құмайы, мақсары, картоп, көкөніс, бақша дақылдарын толық жинап алды. Тарқатып айтсақ, 129 гектар күздік бидайдың әр гектарынан 13, 770 гектар жаздық бидайдың әр гектарынан 9, центнерден, 665 гектар мақсарының әр гектарынан 8,7, 200 гектар қант құмайының әр гектарынан 41, 40 гектар арпаның әр гектарынан 8,2 центнерден өнім жиды.
Мұнан бөлек 64 центнер сұлы, 33 276 центнер картоп, 195 центнер көкөніс, 299 650 центнер бақша дақылдары жиналды. Сондай-ақ биыл азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұру мақсатында аймақ бойынша картоп, көкөніс, бақша өнімдерін 17,8 мың гектарға егу межеленген.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!