Қоңыр күз келгенде жылғалар бітеліп, айнала ластанатыны белгілі. Осы тұста, табиғаттың тынысын ашу мақсатында ауданда апта сайын сенбілік жұмыстары жүргізіліп, жол жиектері, арықтар күл-қоқыстан тазартылып тұрады.
«Тазалық – табалдырықтан басталады» демекші, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Тазалықты жанына серік еткен жалағаштықтар бүгінде сенбілікте ерекше белсенділік танытуда.
Аудан шырайын шұғылалы ету мақсатында биыл да ауданды көріктендіру, көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу жұмыстары жүйелі түрде атқарылып келеді. Сенбілік барысында аудан әкімі Асқарбек Есжанов тазалықты ретке келтіру бағытында аудан аумағындағы көшелерді аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Аудан көлемінде жүргізілген қызу тазалық жұмыстарына апта сайын барлық мекеме қызметкерлері бір кісідей атсалысып, әрбір ұжым бөлінген көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізуде. Оның ішінде ауданның кіреберіс аймағын, қоғамдық орындар мен балалар ойын алаңдарының сыртқы қоршауларын сырлау, талдарды әктеу, парктер мен аллеяларды тазалау, орталық көшелер мен қоғамдық орындардың айналасын толық қамтыған тазалық жанашырлары 23 тоннаға жуық күл-қоқысты белгіленген орындардан шығарып, ортақ мекеннің көркеюіне өз үлесін қосты.
Айта кетейік, жүргізілген сенбілік нәтижесінде аудан бойынша тазалық жұмыстарына 153 мекемеден 2000-нан аса адам, 33 техника жұмылдырылды.
Сенбілік – бұл ұжымдық рухты, бірегейлікті, ауызбіршілікті көрсететін керемет шара. Аталған шара тұрғындардың табиғатқа деген жақсы қарым-қатынасын қалыптастыруға және ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталды. Тұрақты сенбілік жұмыстары барысында күн санап көшелердің келбеті жаңаруда.
Апта сайын аудан және ауылдық округтерде жаппай сенбілік шаралары ұйымдастырылып, аудан тұрғындары табиғат тазалығын сақтауда белсенділік танытуда. Қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген аудан тұрғындары «Ауыл тазалығы – баршамызға ортақ» деген ұранды ұстанып, ұйымшылдықпен сенбілікке шықты.
– Сенбілік – халықты игілікті іске шақыру. Әр адам өз үйін әдемі, ауласын таза ұстаса, ауылдың тазалығы мен көркіне көрік қосар еді. Кез келген адам өз ауласының, тұрғылықты жерінің таза да әдемі болғанын қалайды. Сенбіліктің тазалыққа пайдасы зор. Бүгін сенбілікке шығып, талдарды әктеп, айналаны сыпырып, қоқыстарды жинап жатырмыз. Әр адам сенбілікке кішкене де болса атсалысып, үлесін қосса, тазалыққа деген жауапкершілігі де арта түседі. Жанға рахат, көңілге шаттық сыйлайтын тазалық шараларына алдағы уақытта да аудан тұрғындары белсене қатысса, нұр үстіне нұр болар еді. Ауламызды гүлдендіріп, көшелерімізді көркейтеміз десек, санитарлық тазалықты өзімізден бастағанымыз жөн. Туған жердің тазалығын қадағалау әрбір тұрғынның азаматтық парызы екенін естен шығармайық, – деді аудан тұрғыны Бағлан Берікбай.
Қоршаған ортаны абаттандыруға жанашырлық танытып, апта сайын өткізілетін сенбіліктің мақсаты – туған жерді аздырмай, қолдан келгенше көркейтіп көгалдандыру. Қашанда халық үшін ауыл – руханияттың темірқазығы, ұлттық құндылықтардың алтын бесігі, береке-байлықтың бастауы. Туған жерінің ауасын жұтып, суын ішіп, табиғатынан қуаттанған әрбір азамат өз ауласын таза ұстап, қадірлеуі тиіс.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!