Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

20°C

, Сенбі, 04 мамыр, 04:07

Шабандоздар атқа шапты

19.03.2024

762

0

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамына орай Бұқарбай батыр ауылында шабандоздар бәйгеге шапты. Ауылдың кәсіпкер азаматтары және Қызылорда облысының Құрметті азаматы Бердібек Мыхановтың демеушілігімен өткен бәйгеде 50-ге жуық шабандоз сәйгүлігін атшабарда сынады. Даланы шаңға бөккен жарыста тай, құнан, аламан бәйге берілді.

Жарыс тай бәйгеден бастау алды. Атқан оқтай зулаған 15 сәйгүлік атшабарды шаңға көмді. 4 шақырымға шапқан шабандоздар бірінен бірі өтеді. Адамның делебесін қоздыратын мұндай атжарыстар ұлттық спортымыздың қайталанбас үрдісі екенін дәлелдеп, алғашқы айналымның да шаңы көрінді.
«Төрт тұяғын тең басып келе жатты,
Тасқа басқан тарихтың таңбасындай.
Шабандоздың төбесі көрінеді,
Жазықта жалғыз тұрған тау басындай» демекші, желмен жарысқан сәйгүліктердің ішінен алғаш болып мәреге Бұқарбай батыр ауылындағы Әділбек Нұрмағанбетовтың Алиасқар Жеткерген тізгіндеген «Айқасқа» атты сәйгүлігі бірінші болып мәре сызығын аттады. Ол ұйымдастырушылар тара­пынан 200 мың теңге қаржылай сы­йақыны жеңіп алды. Дәл осы ауыл­дың «Жұлдызай» атты жүйрігі мәре сы­зығын екінші болып кесіп, шабандозы120 мың теңге иеленсе, үшінші орынға Шаған ауылының тұрғыны Мұрат Лекеровтың тұлпары «Керітөбембай» атты тұлпары тұрақтап, оған 80 мың теңге қаржылай сыйақы табысталды.
Бұдан әрі ат жарыс 8 шақырымдық құнан бәйгеге ұласты. Бұл бәйгеде де 15 тұлпар бақталасты. Қызылорда қаласынан келген Бекболат Жанасыл­дың «Еркеторы» есімді тұлпары жүй­ріктігін көрсетіп, мәреге бірінші болып кел­ді. Оған 300 мың теңге сыйақы та­быс­талды. Нұрболат шабандоз тіз­гін­де­ген батыр атындағы ауылдың тұрғыны Батырбек Нұрмағанбетовтың сәйгүлігі «Ақ жол» бұл бәйгеде мәреге екінші болып келіп, 200 мың теңге иеленді. Ал Қызылордадан келген Жұма­ғали Киікбаевтың Рамазан Әбдукәшім тізгін­деген «Танкист» атты тұлпары мәрені үшіншІ болып кесіп, 100 мың теңге қаржылай сыйақыны еншіледі.
«Той қызығы соңында» демекші, аламан бәйгеге де кезек келді. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атануды көздеген шабандоздар 16 шақырымдық аламан бәйгеде бақ сынады. Көпшілік асыға күткен бәйгеге 18 ат қосылып, 8 айналым бойынша жарыс жолына шық­ты.
Жиналған жұрттың қиқулаған дауы­сы­нан шабыт алған шабандоздар ат­­ша­барды бойлай шауып, шаңға көм­ді. Шашасына шаң жұқтырмаған Ақай ауылынан келген Сейіт Шохаевтың бағы мен бабы келіскен «Сарықасқа» есімді сәйгүлігі мәреге бірінші болып келіп, 400 мың теңге қаржылай сыйақы иеленді. Ал екінші орынға Қазалы ауданынан келген Нұрасыл есімді шабандоз тізгіндеген «Ботақан» тұлпар тұрақтап, 300 мың теңге иеленді. Мәрені үшінші болып кескен қызылордалық «Арлан» есімді арғымақты тізгіндеген Нұрым Жанғасалиев 200 мың теңге ақшалай сыйақымен марапатталды.
Тартысты бәйгеден кейін шара қазақтың қанына сіңген қасиетті, дәстүрлі ұлттық ойыны көкпарға ұласты. Ойында жігіттердің күш-жігері, төзімділігі, батылдығы мен ептілігі сынға түсті. Жарысқа ауданға қарасты ауылдардан ат құлағында ойнайтын білекті де жүректі 110 шабандоз қатысты. Тартысты да қызықты өткен ұлттық ойында салым салған шабандоздар ақшалай сыйақы иеленді.
Дархан даладағы дүбірден хабар келсе, жолдың қашықтығына қарамай асығып келген жұрт ат дүбірі тұяқтан, ер дүбірі намыстан жығылмаған тартысты бәйгенің куәсі болды.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: