Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

21°C

, Сейсенбі, 14 қазан, 13:24

Шабандоздар оза шапты

14.10.2025

9

0

Бұқарбай батыр ауылында ел құрметіне бөленген қоғам қайраткері Сартай Мыханұлының туғанына 90 жыл толуына орай ұлттық ат спортынан облыстық деңгейде жарыс ұйымдастырылды. Жарыс алдында игі дәстүр бойынша ауыл жұрты мен қонақтарға арнайылап ас берілді. Аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов, аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев мерейтой иесінің ел игілігі жолындағы еңбегін еске алып, ұрпаққа өнеге боларлық өмір жолын атап өтті.

Ас берудің соңы көпшілік асыға күткен ат жарысқа ұласты. Қайраткерді еске алуға арналған шарада шабан­доздар сәйгүлігін атшабарда сынады. Додаға өңірдің әр ау­данынан келген шабандоздар қатысып, жүйріктердің ба­бын, шабандоздардың шеберлігін көрсетті. Даланы шаңға бөк­кен жарыста құнан, тоқ, аламан бәйге ұйымдастырылып, жүл­деге қаржылай сыйлықтар табысталды.
Атшабарда майдан салған жүйріктердің барлығыдерлік бұған дейін де талай жүлдені еншілеп жүрген бәйге аттары. Бүгінгі ат жарыста осындай республикаға танымал жүйріктер бәйгеге қосылып, ұланасыр тойдың көркін қыздырды.
Жарыс құнан бәйгеден бастау алды. Атқан оқтай зулаған сәйгүліктер ат спорты алаңын дүбірлетіп, 15 шақырым қа­шыққа шапты. Адамның делебесін қоздыратын мұндай ат жа­рыс ұлттық дәстүріміздің қайталанбас үрдісі екенін дә­лелдей түсті.
Бұдан әрі ат жарыс 20 шақырымдық тоқ бәйгеге ұласты. Аттың тісіне де, түсіне де, жасына да қарамайтын бұл бәйгеде 20-ға жуық тұлпар бақталасты. Жиналған жұрттың де­лебесiн қоздырып, қиқулаған дауыстар одан сайын ат спор­ты алаңын жаңғыртты.
«Той қызығы соңында» демекші, ат бәйгенің де ең қы­зығы – аламан бәйге. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» де­мекші, шын жүйрік тұлпарлар осы 30 шақырымдық аламан бәйгеде анықталды. Көпшілік асыға күткен бәйгеде қатысушылар 15 айналым бойынша жарыс жолына шықты.
– Жылқыны бағып, баптап, бәйгеге қатыстыру – үлкен өнер. Асқан қызығушылықпен ұзақ жылдар бойы бәйгеге ден қойып келемін. Бүгін де жақсы бәйге өтті. Жалпы Бұқарбай батыр ауылындағы Мыхановтар әулетін ұлттық спорттың жанашыры десе де болады. Олар бұған дейін де ел көлемінде үлкен бәйге ұйымдастырған болатын. Бүгін сол игі шара жалғасын тауып отыр. Жалпы елімізде ұлттық спортты насихаттау соңғы жылдары ерекше қарқынмен жүруде. Бұған әрине, қуануымыз керек. Тіпті бір-бірінен үлгі алып, осындай шараларды жиі қолға алу керек деп ойлаймын. Ал мұндай жұмыстардың, игі шараларды қолға алудың басында Мыхановтар әулеті бар. Ұйымдастырушыларға алғыстан басқа айтарым жоқ. Оның үстіне бүгінгі бәйге ең­бек адамын еске алуға арналыпты. Оның өзі өнеге деп ой­лаймын. Осындай қарапайым еңбек адамдарының өнегелі өмі­рі өскелең ұрпаққа үлгі болатыны анық, – дейді шабандоз Әмірбек Ерғалиев.
Бәйгеден хабар келсе, жолдың қашықтығына қарамай асығып келген жұрт ат дүбірі тұяқтан, ер дүбірі намыстан жы­ғылмаған бәсекеге толы бәйгенің куәсі болды. Сәйгүліктер сайысында желден озып, жеңіс төрінен көрінген тұлпарлар мен шабандоздар дүбірлі додада бәйгенің түріне қарай 100 мың теңгеден бастап, 3 млн теңгеге дейін қаржылай сый­лықтар иеленді.
Бұл жарыс елдік пен ерлікті дәріптеген, ұлттық дәстүр мен атбегілік өнерді ұрпақ жадында жаңғыртқан тағылымды шара болды.

Сезім НҰР

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: