Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:31

Білікті бапкер

20.08.2023

581

0

Бүгін мереке қарсаңында аудан әкімдігінде спортшылар бас қосқанын айттық. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Арнұр Нұрмағанбетов шама-шарқынша оларға құрмет көрсетті. Сала ардагерлері мен спортшыларды марапаттады. Сөз кезегі сала ардагерлеріне келгенде Сұлтан Бекжанов ағамыз Өмірбек Кәлменовтың есімін ерекше атап өтті. Естуімізше, Өмірбек отызды енді еңсерген бапкер екен, небары 33 жасында спортшы ардагерлер естелігіне арқау болатындай не тындырды, салаға қандай еңбек сіңірді? Шыны керек, шара бітісімен осы сауалдардың түйінін тарқатуға асықтық.

Өмірбек Кәлменов бүгінде ау­дан­дық №13 олимпиадалық резервтің ма­мандандырылған балалар және жас­өспірімдер мектебінде жаттық­тырушы болып жұмыс жасайды. 2008 жылы алғаш еңбек жолын бастаған бозбала бүгінде салада 15 жылдық тәжірибесі бар білікті бапкер.

Дзюдодан жастайынан топ жарып жүрген Өмекеңнен тәжірибелі жаттық­тырушының қалыптасуы да заң­ды­лық. Мектеп жасынан салада үлкен бе­лестерді бағындырған бап­кердің бү­гінде шәкірттері де дүбірлі до­да­ларда топ жарып, аудан, облыс, қа­ла­берді ел мерейін үстем етуде. Алайда оған кейіпкеріміз тоқмейілсуден ада. Ке­рі­сінше шәкірттерін шыңдап, одан да жо­ғары биіктерден көрінуіне тер төгіп жүр.

– Бапкер болу – баланың ісі емес, керісінше сол балалардан мықты спортшы қалыптастыру. Алдыңдағы шәкірттеріңнің барлығы бірдей емес, бірі спорттың айла-тәсілдерін тез қағып алса, енді бірі енжар келеді. Бірақ спортқа селқос қарайтын шәкір­тіңнен үміт үзу қиянатпен бірдей. Не­гізгі міндетімізге адал болу үшін олар­дың барлығын спортқа епті етуге күш саламыз. Артық айтып не қы­лайын, қазір шәкірттерімнің алды халық­ара­лық, әлемдік додаларда жүлделі орындардан бой көрсетіп келеді. Шә­кірттеріммен мақтанамын, жеңісіне марқаямын, бірақ тоқмейілсуге тағы бол­майды, Сыр спортына, оның ішін­де аудан спортының алға басуына там­шыдай болса да үлес қоссам, сол менің салаға сіңірген еңбегім, адалдығым деп білемін. Алдағы уақытта да үлкен жа­рыстар күтіп тұр. Бұйыртса, ол до­даларда бірнеше шәкіртім бақ сы­найды, қазір алдағы жарыстарға қызу дайындық үстіндеміз, қалғанын уақыт көрсетеді, – дейді Өмірбек Кәлменов.

Білікті бапкер – Қазақстан респуб­ликасының спорт шебері. Өзі де уа­қы­тында республикалық турнир­лер­де топ жарып, халықаралық жарыс­тарда дзюдодан байрағымызды жел­бі­реткен. Бүгінде оның шәкірттері ізін басып, үлкен додаларда топ жарып жүр.

2016 жылы шәкірті Тынарбай Тіле­ген Сарыағаш қаласында өткен ел біріншілігінде қоржынға қола салса, 2019 жылы Тараз қаласындағы Қа­зақстан чемпионатында қарсылас шақ келтірмепті. Дәл осы додада тағы бір шәкірті Жаныс Бекарыс үздік үштікті түйіндеген.

Әлгі Тынарбай Тілеген кейін Тай­пейде өткен Азия чемпионатында ел қоржынына алтын салды. Жалпы, бұл спортшының жетістігін толық жазар болсақ, бір еңбекке жүк болары анық. Ал 2021 жылы Орал қаласындағы жас­тар ойындарында Әсел Бейсенбай қоржынға қола салған. Былтыр тағы бір шәкірті Нұрсұлтан Серік ел чем­пионатында қола жүлдеге ие болса, тағы бір шәкірті Темірболат Ерсұлтан мен Альбина Смайыл Талдықорғандағы жазғы ойындарында үздік үштікті түйіндеген.

Өмекеңнің үлкен додаларда топ жарып жүрген басқа да шәкірттері же­терлік, қарап отырсақ, шағын ауданнан осынша спортшы шығарудың артында үлкен еңбек жатыр. Оған төзімі мықты, тәжірибесі мол бапкер ғана еңбек ететіні сөзсіз. Бұл сөзімізге білікті бапкердің салаға сіңірген еңбегі дәлел.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: