Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

15°C

, Сәрсенбі, 12 қараша, 16:37

Статистика – маңызды сала

12.11.2025

5

0

Статистика – еліміздің тарихи дамуының барлық сатысында түрлі деңгейдегі басқарушылық шешімдерді қабылдауға мүмкіндік беретін шынайы деректерді ұсынып отырған ғылымның бір саласы. Барлық мемлекеттің өмірінде ресми статистиканың рөлі өсуде. Кез келген салада уақытылы және объективті ақпаратсыз тиімді шешімдер қабылдау мүмкін емес.

Статистикалық органның негізгі міндетінің бірі – барлық пайда­ланушыны толық, шынайы және жедел статистикалық ақпаратпен қамту. Қазақстан статистикасының құрылу тарихының тамыры те­реңде жатыр. Алғашқы Қазақ мемлекеті Қазақ хандығы туралы статистикалық мәліметтерді растайтын тарихи құжаттар бар. Шу мен Талас өзендерінің бойында (қазіргі Жамбыл облысының ау­мағында) ең алғаш құрылғанда (1459 жыл) ондағы халық саны 200 мың адамды құраған болатын, ал XV ғасырдың соңына 1 миллион адамға жетті. Алайда заманауи Қазақстанның аумағында тұрақты және орталықтандырылған статистикалық қызметтің пайда болуы XVIII ғасырдың екінші жартысына, яғни Қазақстанның Ресей импе­риясының құрамына кіру кезеңімен тұспа-тұс келеді.
Қазақстан территориясында құрылған бірінші ресми мемлекеттік статистикалық органға Түркістан губерниялық статкомитеті (құрылу күні 22 қаңтар 1868 жыл) және оған бағынышты Сыр-Дария және Жетісу облыстық статистикалық бюросы жатады. Алайда 1920 жыл­ға дейін Қазақстанда жоғарыда аталған және басқа да жергілікті ста­тистикалық қызметтерді біріктіретін бірде-бір статистикалық орган болған жоқ. Ресей Советтік Федеративтік Социалистік Республика құ­ра­мында (1920 жылғы 26 тамыз) Қазақ Автономиялық Советтік Со­циалистік Республикасы (КазССР) құрылуына байланысты Қа­зақ АССР Үкіметі 1920 жылғы 8 қарашадағы «Казақ АССР-ндағы мемлекеттік статистика туралы ережесін» бекітіп, ҚазССР-дың Статистика басқармасы құрылды. Осылайша Қазақстанда бірың­ғай орталықтандырылған статистикалық орган 1920 жылдың 8 қара­шасында құрылды және бұл күн Статистика күні деп жарияланды.
Статистиктер еліміздің тарихи дамуының барлық сатысында түрлі деңгейдегі басқарушылық шешімдерді қабылдауға мүмкіндік беретін шынайы деректерді ұсынып келеді. Бүгінде олар жоғары да­мыған экономикасы мен әлеуметтік инфрақұрылымы бар көпұлтты мемлекет Қазақстанның табысты дамуы үшін ақпараттық негізді қа­лыптастырып отыр.
Жаңа әдістер пен технологияларды ендіре отырып, халықаралық стандарттар мен үздік шетелдік тәжірибелердің негізінде мемлекеттік статистиканы жетілдіру арқылы статистиканың жаңа дамыған жүйе­сіне қол жеткізілді.
Департамент тарихында тәуелсіздік алғаннан кейін алғаш рет 1999 жылы (халық санағының қорытынды мәліметі бойынша об­лыс халқының саны 624991 адамды құрады), екінші рет 2009 жылы (облыс халқының саны 678794 адам) және 2021 жылы (облыс халқы 814931 адамды құрады) Қазақстан Республикасының Халық санағына қатысуы, сонымен қатар 2006 жылы Бірінші ауыл шаруашылық са­нағын жүргізуі маңызды оқиға болды. Сонымен қатар бес жылда бір рет жүргізілетін мульти-индикаторлық кластерлік зерттеулерге (МИКЗ) қатысты. ҚР Үкіметі және БҰҰ (ЮНИСЕФ) балалар қорының бірлескен бағдарламасы аясында жанұя денсаулығы, білім және бала тәрбиесі бойынша бірегей зерттеулер жүргізілді. ҚР Президенті жанындағы әйелдер және жанұялық-демографиялық саясат ісі бо­йынша Ұлттық комиссиясының және ҚР Сыртқы Істер министрлігінің Халықаралық Ынтымақтастық Департаменті өкілдерінің қатысуымен «Тұрақты дамудың гендерлік мақсаты» конференциясы өтті.
Өздеріңізге белгілі, биыл еліміздің аграрлық секторының жай-күйі туралы өзекті деректерді алуға бағытталған ауқымды статистикалық зерттеу Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өткізілді.
Ауыл шаруашылығы санағы – еліміздің аграрлық секторының құ­ры­лымы, ресурстары мен жай-күйі туралы өзекті әрі сенімді дерек­терді алуға мүмкіндік беретін ауқымды статистикалық байқау. Са­нақ деректері тиімді мемлекеттік саясат құру, ауыл шаруашылығы өн­дірушілерін қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ха­лықаралық міндеттемелерді орындау үшін қажет.
Осы тұста Сыр халқының санаққа қатысу белсенділігі жақсы байқалғандығын атап өткім келеді. Бүгінгі таңда статистикалық ақ­па­рат­тарды жинау және өңдеу барысында жаңа ақпараттық техно­логияларды кеңінен қолданудамыз.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Қазақстан дамуының негізгі бағыттарын айқындап берді. Онда Қазақстанның бәсекеге қа­білеттілігін нығайту, цифрландыруды шындыққа айналдыру және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға деген ұмтылысты кү­шейту керектігі бойынша тапсырмалар берілді.
Өздеріңізге белгілі, қазіргі кезең – цифрлық технологиялардың, онлайн қызметтердің қарқынды даму заманы, «ақылды» шешімдерді ендіру уақыты. Қазіргі таңда онлайн жобаларын тиімді жүзеге асыру басты мақсаттардың бірі болып табылады.
Цифрландыру бағытындағы жұмыстар статистика саласының эталондық стандарты аясында бағаланады.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының ең басты мақсаты – цифрлық технологияларды қолдану мен жетілдіру арқы­лы экономикалық бәсекеге қабілетті ету және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту.
Осы бағытта респонденттерге қолайлы жағдай жасау мақсатында «Бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету аймағы жаңартылып, электронды кезек терминалы орнатылды, ақпараттық кеңес беру мен құжат қабылдау үдерісі оңтайландырылды. Жаңартылған «Бір терезе» аймағы Мемлекеттік статистиканың 105 жылдығына орай сала ардагерлерінің қатысуымен салтанатты түрде ашылды.
Жалпы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, департамент ғимаратында арнайы мұражай ашылды. Өткенін білмей қазіргі мен болашағын бағалау мүмкін емес. Біз өткеннен тәжірбие алып, жас­тарға кәсіби сабақтастықты сақтау және тарихи жадыны дәріптеуді насихаттауға бағыт-бағдар беруге міндетіміз.
Ұлттық статистика бюросының Мемлекеттік статистикаға 105 жыл­дығын өткізу жоспарына сәйкес, департамент тарапынан жыл­ ба­сынан бері бірқатар маңызды іс-шара өткізілді.
Бүгінде ресми статистиканың дамуы мен гүлденуі ісінде мемлекеттік статистика органдарының барлық министрлік пен ведо­мство, жергілікті атқару органдары, ғалымдар, респонденттермен және басқа да пайдаланушылармен өзара қарым-қатынас құруы өте маңызды іс екенін айта кеткім келеді.
Бір ғасырдан астам тарихы бар, айтулы мереке қарсаңында барша әріптесімді шын жүректен құттықтай отырып, ел игілігі жо­лында атқарып жүрген еңбектеріңіз жемісті болып, абырой биігінен көріне беріңіздер демекпін.

Қайрат ӘБСҰЛТАНОВ,
Қазақстан Республикасының
Стратегиялық жоспарлау
және реформалар агенттігі
Ұлттық статистика бюросының
Қызылорда облысы бойынша
департаментінің басшысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: