Қазақ баласы құлап өсті, құлап тұрып, қайта жүгірді. Сол бір құлаудың арасында сынық та болды, шыққан буын да болды. Бірақ ауылда әр ауырсынудың өз дауасы бар еді. Қолын ұстап көріп, тамырын танып, сүйегін сөйлеткен сынықшы болды. Аттан құлаған ер де, асыр салып жүріп аяғы тайған бала да сынықшының табалдырығын аттайтын. Өйткені бұл өнер оқумен емес, қонған қасиетпен келген. Бүгінгі медицина дамыған заманда да ауданда сынықшыға деген сенім жоғалмапты. Ғасырлар сүзгісінен өткен халықтық тәжірибенің жібін үзбей, көнеден жеткен қасиетті істі жалғап келе жатқан Сәрсенбай Төлемісов бүгінде сынықшылыққа жүгінетін жандардың қатары сиремегенін айтады.
Сәрсенбай Жүнісұлы үшін бұл – кәсіп емес, аманат. Ол сүйекті қолымен ғана емес, түйсігімен таниды. Бұл жолға қалай келгенін де тебірене отырып еске алды. Айтуынша, сынықшылықты таңдап келген жоқ, қайта тағдырдың өзі жетелеп алып келген.
– Осыдан 47 жыл бұрын ағайынның бір баласының ас ішіп отырғанда қолын бүкшеңдетіп, иығын алға қарай қисайтып ұстап отқанын байқап қалдым. «Қолың неге бұлай?» деп қарасам, иығы біртүрлі. Сөйтсем, бір жыл бұрын опырылып құлап, қолын сындырып алыпты. Бірақ онысын ешкімге көрсетпеген, өз бетімен жүре беріпті. «Көрейінші» деп едім, сарт етіп орнына түсе қалды. Араға бір апта салып, мотоциклден құлап, тобығы тайып кеткен бір кісі келді. Ол да еш қиындықсыз орнына түсті. Содан бастап бүгінге дейін келетін адамдардың қарасы азайған емес, – дейді ол.
Сұрастыра келе бұл қасиетті жолдың тамыры тереңде жатқанын аңғардық. Сынықшылық Сәрсенбай Төлемісовке тосыннан келмеген. Анасы да кезінде сүйек салған, халыққа шипа дарытқан жан болыпты. Демек, кейіпкеріміздің бойындағы қасиет те ана сүтімен, сол шаңырақтың тәлімімен дарыған.
Жүніс ағай мен Ақшай апаның қара шаңырағында дүниеге келген оның балалық шағы Қаракеткенге қарасты Далдабай елді мекенінде өтті. Көрші-қолаңның ем-домға жүгінгенін көріп өскен бала Сәрсенбай халықтық тәжірибені ерте бойына сіңірді. Қазір алдына келгеннің қай жері шыққанын, қай тұсы тайғанын бір қарағанда-ақ аңғарып, халық емінің жолымен жөнге салып беріп жүр. «Бұл – атадан қалған қасиет, қолдан үйренген іс емес» дейді ол. Сынықшының үйіне келетіндердің дені ауыл адамдары ғана емес, көрші елді мекендерден арнайы ат басын бұратындар да бар. Бұл – халықтық тәжірибенің өміршеңдігін, ел жадындағы сенімнің әлі де мықты екенін аңғартады.
Сынықшылықтың жолы жіңішке. Мұны ол әр сөзінен аңғартады. Ең күрделісі, бұғанаға келгенде жауапкершіліктің салмағы сезіледі. Егер сүйек ішке қарай сынса, ол – міндетті түрде дәрігердің ісі. Ондайда қол ішке кіре алмайды, тек ота арқылы тартып, орнына келтіреді. Ал жоғары қарай сынған жағдайда көмегін аянып қалмайтынын айтты. Кейде ашық сынықпен де келетіндер болатын көрінеді. Мұндайда ет пен тері зақымданғандықтан, алдымен жырылған жерді залалсыздандыру қажет екенін ескертті. Өйткені ең бастысы, іріңдемеу керек. Оның өз үйінің бір бұрышы шипа іздеп келген жандарға арнайы бөлінген. Күндіз ғана емес, кейде түн ортасында да есігі қағылып жатады. Сонда да келген жанды кері қайтарған емес. Ал кейде жағдай аса ауыр болмаса, жолай кездескен адамның да сынығын салып кете беретін кездері болады. Сынықтың оңай не қиын салынуы кейде тек сүйектің жағдайына ғана емес, келген адамның ниетіне, сабырына да байланысты болып шықты. «Адам өзі сеніп, бойын босатпаса, сүйек те көнбейді» дейді ол. Әдетте буыны бекіп, бұғанасы қатпаған сәбилердің сынығы мен шыққаны тез орнына түседі. Көбіне балаларды шынтағынан епсіз тартып қалғанда буын тайып кететін жағдайлар жиі кездеседі. Бала сүйегі – жас шыбық. Мұндайда ауырсынғанымен, сүйек ұзақ қиналтпай-ақ орнына келеді.
Ауданға сынықшы атымен танылған оның негізгі мамандығы – механик. Өмірінің еңбекке толы бір белесін 1974 жылы «ПМКА-да» су арналары мен каналдарды жөндеу ісіне арнаған. Темір мен тетіктің тілін білген ол жылдар бойы ел ырысының күретамыры саналатын су жүйелерінің тоқтаусыз жұмыс істеуіне өз үлесін қосты. Бүгінде «ҚазСушар» атауымен белгілі мекемеден зейнетке шықты.
Зейнетке шықса да, еңбектің дәмін ұмытпаған. Бүгінде 7-8 баладан немере, шөбере сүйіп отырған ол үшін тіршілік әлі қозғалыстан ажыраған емес. Кеше канал жөндеген қол бүгінде елге шипа дарытып, ауласында жер баптап жүр. Жаз шыға аулаға өзі шығып, көкөніс егуді әдетке айналдырғанын айтады мәсі киілген аяқтарына қолын салмақтай қойып. Суарып баптауды да өз қолымен атқарады. «Жас кезде барлық іске бар болдық қой» дейді қастарын сәл көтерген күйде. Бұл сөздердің астарында бір дәуірдің еңбегі, тынымсыз тірлігі жатыр. Ал жетпіске таяғанда тізгінді балаларына бергенмен еңбекке деген ықыласы босаған емес. Қазақы болмысқа тән сабырмен өмір сүретін Сәрсенбай атаның бүгінгі тіршілігі еңбектің жасты емес, жастың еңбекті таңдайтынын дәлелдегендей.
Г.БАҚЫТБЕКҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!