Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Сейсенбі, 21 қаңтар, 14:57

Сыр медицинасы һәм жаңа деңгей

21.01.2025

42

0

Сыр медицинасы жаңа деңгейге көтерілді. Өйткені аймағымызда алғаш рет бауыр ауыстыру отасы жасалды. Заманауи хирургияда донорлық бауырды сәтті трансплантациялау созылмалы, асқынған ауруы бар науқастарды қалпына келтіріп, олардың толықтай медициналық және әлеуметтік оңалуын қамтамасыз етеді. Жалпы науқас 2016 жылдан бері бауыр циррозы дертімен есепте тұрған. Дегенмен алған емі нәтиже көрсетпеген.

Донор – 1993 жылы дүниеге келген пациенттің туысы. Тоғыз жылдан бері бауыр циррозы дертіне шалдығып, емi нәтижесіз болған науқас үшін бұл көп­тен күткен қуаныш. Көпбейінді облыс­тық ауруханадағы он сағатқа созылған ота сәттi аяқталды. Бүгінде науқас есін жиды. Дәрігерлердің айтуынша, қа­зіргі уақытта ем алушы бұрынғы өмі­­рiне оралды десек болады, яғни ем­делуге тәуелділiк, уақыт пен та­мақ­тануға байланысты шектеулерден бо­сап, жұмыс істеуге және белсенді өмір салтын ұстануға толыққанды мүмкіндік алды.

Жалағаштық профессор жетекшілік етті

Мұндай маңызды отаның Сыр өңі­­­рінде жасалуына А.Н.Сызғанов атын­­­дағы Ұлттық ғылыми хирургия ор­та­­лығының басқарма төрағасы, ме­­­­дицина ғылымдарының докторы, про­­фессор, жоғары санатты дәрігер жа­­ла­ғаштық Болатбек Баймаханов же­тек­шілік ететін трансплантологтар қол­дау білдірiп, арнайы келді.
Өз ісінің білікті маманы Болатбек Бимен­діұлын ел-қауым алтын қолды дәрiгер ретінде құрметтейді. Жала­ғаш­тық ғалым көптеген шет елдерде өзінің баяндамаларын жасаған. Оның жетекшілігімен ондаған кандидаттық және докторлық диссертациялар қор­­ғалды. 300-ден астам ғылыми-тәжі­рибелік мақаланың авторы, өнер­та­быс бойынша 45 патентке ие.
Нә­рес­телерге де күрделі оталар жа­сап, шақалақтардың жақсы өмір сү­руіне жәрдем берген. Болатбек Бимен­діұлының кәсібилігінің арқасында өмір мен өлім арасында арпалысқан қан­шама науқас азаматтар шет елдерге сабылмай, дертіне дауа тапты. Абзал жан «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» ме­даль­­дарымен, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
Айта кетейік, көпбейінді облыстық аурухана дәрігерлері де отаға қа­ты­сып, тәжірибе алмасты. Бауыр ауыс­тыру отасы алдағы жылдары да жал­ғастырылмақ. Бүгінде об­лыста 16 адам бауыр трансп­ланта­циясын жасатқан. Олардың денсаулығы жақсы.

Өлім-жітім 10,5 пайызға төмендеген

Жалпы Сыр медицинасында серпін бар. Салаға көрсетілген қолдаудың арқасында аймақта жалпы өлім-жітім азайып, аурушаңдық төмендеген. Об­лыстық денсаулық сақтау бас­қар­масының мәліметінше, жалпы өлім көрсеткіші 4, туберкулезден ауру­шаң­дық көрсеткіші 5,5, қатерлі ісік­терден өлім-жітім көрсеткіші 4,4, жүрек-қанайналым жүйесінен өлім-жітім көр­сеткіші 10,5 пайызға төмендеген. Күті­летін өмір сүрудің орташа ұзақтығы облыс бойынша 74,6-ға жетті.

27 медициналық
нысан салынды

Былтыр сала бюджеті 146 млрд 200 млн теңгеден асып түсті. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында барлық ауданда 10 млрд 200 млн теңгеге 27 медициналық нысан салынды. Сондай-ақ жылына 10 мың адамға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар жаңа «Қан орталығы», ана мен бала өмірін қорғау үшін көпбейінді облыстық аурухана базасында 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды және жаңа МРТ аппараты іске қосылды.

1300-ден астам тұрғын онколог кеңесін алды

Аймақ медицинасын дамытуға бюд­жеттен тыс ресурстар да тартылған. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры екі жылда өңірдің денсаулық сақтау саласына 2 млрд теңгеден астам қаржы бағыттады. Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында «Қам­қорлық» реабилитация орталығы ашылып, аса қымбат дәрі-дәрмек алынды. Қор облыстық онкология орта­лығына 1 млрд 100 млн теңге тұратын онкологиялық скрининг жүргізуге ар­налған жылжымалы медициналық ке­шенді сыйға тартты. Мұндай кешен рес­публиканың 3 өңірінде ғана бар. Бүгінде жылжымалы кешен облыстың шалғай елді мекендерін аралап, 1300-ден астам тұрғын онколог кеңесін алды. Әрі қарай да аймақ тұрғын­да­рына медициналық көмек беруді жалғастырады.

57 жас маман
жұмысқа орналасты

Бұдан бөлек 57 жас маман өңірге жұмысқа орналасып, олардың 40 пайызы елді мекендерге жолданды. Ха­лыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін мамандар біліктілігін арттыру назардан тыс қалған емес. Биыл 10 реаниматолог және 5 кардиолог маман Түркия еліндегі жетекші ме­дициналық ұйым – «Мемориал» кли­никасында білім жетілдірді.

11 жедел-жәрдем
автокөлігі табысталды

Жалағаш ауданының денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер бар. Типтік үлгідегі жаңа аурухана, жаңа емхана аудан тұрғындарының ден­­­­­­саулығын жақсартуға оң ықпал етуде. 2023 жылы «Ауылда денсаулық сақ­­­тауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында республикалық бюджеттен 752,8 млн теңге бөлініп, Мырзабай ахун және Аламесек ауылдарында дә­рі­­герлік амбулаториялар ел игілігіне пай­далануға берілді.
Биыл да Ұлттық жоба аясында Қаракеткен ауылында жалпы құны 388,7 млн теңгені құрайтын типтік жо­бадағы жаңа дәрігерлік амбулатория ел игілігіне табысталатын болады. Сон­дай-ақ облыс әкімінің қолдауымен ау­дандағы денсаулық сақтау саласы биыл 11 жедел-жәрдем автокөлігімен толықты.


Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: