Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуы тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек» деген болатын. Жалағашта да қарапайым еңбек адамдарының адал жұмысын дәріптеу мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Өткен аптада Мөрәлі Шәменов ауылындағы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Жұмысшы мамандықтар» жылына орай «Трактор тізгіндеген әже» тақырыбында Қалимаш Мақұлбаевамен кездесу өтті.
Қазіргі қоғамнан жеңіл көлікпен жүйткіген қыз-келіншектерді көптеп кездестіресіз. Алайда трактор тізгіндеген нәзікжандарды табу қиын. Трактор тізгіндеген әйел тек техникамен жұмыс істеп қана қоймай, дала төсінде тер төгіп, егін саласына еңбек етеді. Солардың қатарында отбасының берекесі болған, ауыл шаруашылығының дамуына да өзіндік үлес қосқан 63 жастағы Қалимаш Мақұлбаева да бар.
Өз заманында трактор тізгіндеп, жер жырту, егін егу сынды жұмыстарды ер азаматтармен қатар істеген әжеміз «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» деген қағидамен 18 жасында тракторға отырған. Нәзікжандар үшін механизатор болу үлкен ерік-жігер мен асқан төзімділікті қажет ететіні сөзсіз. Сондай ауыр жұмысты табандылықпен атқарған кейіпкеріміз – бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған бақытты әже. Дала жұмысына ерте араласып, еңбек бригадасында қызмет еткен ол «Тракторшы болу – үлкен өнер» деп біледі.
– Ең алғаш 1977 жылы 15 жасымда 8-ші сыныпты бітіріп, аудандық №15 кәсіптік-техникалық училищеде механизатор мамандығы бойынша білім алдым. Негізі туып-өскен жерім – Таң ауылы. Менімен бірге оқуға 9 қыз келді. Оқуды 1979 жылы 18 жасымда бітіріп, еңбек жолымды өзімнің туған жерімде трактор айдаудан бастадым. Жастықтың әсері ме, еш қорқуды білмедім. Күміскім есімді сыныптас құрбым екеуміз басшымыз қандай жұмыс тапсырса да тиянақты орындап, тракторды тізгіндеп кете беретінбіз, – дейді Қалимаш Мақұлбаева.
Тракторды 10 жыл тізгіндеген кейіпкеріміз Қызылорда қаласындағы совхоз техникумның механик-инженер факультетіне сырттай оқуға түсіп, 1985 жылы Мөрәлі Шәменов ауылына келін болып түскен. Жолдасы Жұмаділ мен енесінің рұқсатымен 3 жыл трактор айдап, ауылда механизатор-слесарь болып қызмет еткен. Ол екінші анасының қолдауының арқасында үй шаруасына қиналмай, одан көп нәрсе үйренгенін айтты.
Кейіпкеріміз шаруашылықтың айтулы іскер механизаторы болған. Дала төсінде оның қолы тимеген бірде-бір жұмыс қалмаған. Шөп шабу, мал азығын, отын тасу, алқапта қауын, картоп, қырыққабат жинау сынды жұмыстардың барлығында кейіпкеріміздің күндіз-түні төккен маңдай тері бар.
Кездесуде мектеп оқушылары кейіпкерімізге түрлі сұрақ қойып, трактор тізгіндеген жылдары кездескен қиыншылықтармен бөлісуін, әсіресе тракторы бұзылған сәттерде қандай шаралар қолданғанын сұрады.
– Трактор техника болғасын бұзылмай тұрмайды. Ол замандағы техника мен қазіргі техниканы мүлдем салыстыруға келмейді. Тракторымыз жұмыс барысында жиі бұзылып, өзіміз қайта жөндеп, айдап кете беретінбіз. Білмеген нәрсемді механиктер жөндеп береді. Ал жеңіл-желпі жерлері болса, өзім жөндеп кете беретінмін. Жастайымнан техниканың қыр-сырын біліп, күні-түні уақытым сол трактормен өткесін оны жөндеу маған аса қиынға соқпайтын. Оның үстіне мен тізгіндеген трактор маған сужаңа күйінде берілгендіктен көп бұзылмады. Маған жауапкершілікпен табысталғандықтан күтіп мініп, барынша таза ұстадым. Әр нәрсеге жауапкершіліпен, жанашырлықпен қарауды ең алдымен ата-анамнан, одан бөлек екінші анамнан үйренгенмін, – дейді ол.
10 жыл ішінде «Беларусь 80», «МТЗ 80», «Т 28», «Т 40» сынды тракторларды тізгіндеген еңбек адамы әлі күнге трактор жүргізуді ұмытпаған. Сөзімізге шара барысында Қалимаш апай туралы әзірленген бейнеролик дәлел. Онда алпыс жасты алқымдаған кейіпкеріміздің трактор жүргізіп келе жатқаны анық көрсетілген.
Жастайынан техниканың тілін меңгеріп, ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне зор үлес қосқан еңбек адамы бүгінде 4 баласынан 11 немере сүйіп отыр. Еңбекпен ерте жастан етене араласқан ол шара соңында жастарға ақыл-кеңесін айтып, «Еңбек еткеннің еңсесі биік» болатынын жеткізді.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!