Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында Қызылорда облысы әкімдігі және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ұйымдастыруымен «Мұстафа Шоқай мұраларын зерттеудің өзекті мәселелері: тарих, таным және тағылым» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өтті.
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының ірі өкілі, түркі дүниесінің ұлы перзенті Мұстафа Шоқайдың туғанына 135 жылы аясында ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан елдерінің ғалымдары мен зерттеушілері, БАҚ өкілдері, қоғамдық ұйым өкілдері, магистранттар мен докторанттар бас қосты. Конференция жұмысы пленарлық және секциялық отырыстар түрінде өтеді.
Ғалымдар мен сарапшылар Мұстафа Шоқайдың өмір жолы, саяси-қоғамдық қызметі, публицистикалық және ағартушылық еңбектері, сондай-ақ, оның идеяларының қазіргі кезеңдегі өзектілігі жөнінде баяндамалар жасады.
Конференцияның пленарлық мәжілісінің кіріспе сөзі Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, педагогика ғылымдарының кандидаты Шермағанбет Мейрамбек Зинабдинұлына берілді.
Пленарлық мәжілісте Түркия, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қара, АҚШ, Мичиган университетінің құрметті профессоры, филология ғылымдарының докторы Тимур Кожаұлы, (Тимур Қожаұлы ағамыз Түркістан халықтары ұлт-азаттық қозғалысының қайраткері, Мұстафа Шоқайдың серіктесі Усман Қожаның немересі), Өзбекстан Халықаралық ислам академиясының профессоры тарих ғылымдарының докторы Саидакбар Саидович Агзамходжаев, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Тарих институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Раджабов Қаһромон, Азербайжан ҰҒА тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Гюллю Йологлу, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымының кандидаты, доцент, Төрәлі Еділбайұлы Қыдыр PhD, Қазақстан Жазушылар одағы Балалар мен жасөспірімдер әдеби жанрлық кеңесінің төрағасы Тоқтарбай Елдос Нүсіпұлы, Мұстафа Шоқайтану ғылыми орталығының ғылыми жетекшісі саяси ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір баяндама жасады.

Конференцияның негізгі мақсаты – Мұстафа Шоқайдың саяси-құқықтық, публицистикалық және ағартушылық мұрасын кешенді түрде зерттеу, оның мемлекетшілдік идеяларының қазіргі кезеңдегі өзектілігін айқындау және Мұстафатану ғылымының дамуына жаңадан серпін беру.
Бұл басқосу Мұстафатану ғылымының институционалдық негізін нығайтуға, жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін арттыруға және түркі мемлекеттерінің ғылыми байланыстарын кеңейтуге бағытталды.
Олардың қатарында белгілі тарихшылар, филологтар, мәдениеттанушылар және архив мамандары бар.
2016 жылы университет базасында құрылған «Мұстафа Шоқайтану» ғылыми-зерттеу орталығы бүгінде жүйелі бағытта жұмыс істейді. Ғылыми орталық ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен бірнеше ғылыми жобаларды жүзеге асырып келеді. Жоба нәтижесінде «Мұстафа Шоқай энциклопедиясы», бірнеше монография, оқу құралдары жарық көрді. Сонымен бірге, 2023 жылдан бастап университеттің тарих мамандығы бағдарламасына «Мұстафа Шоқайдың мемлекетшілдік мұраты» атты 4 кредиттік пән енгізілді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!