Бала күнінен атакәсіпке бейім болған Дастан Жарасбаев былтыр төмен пайызбен несие алып, кәсібінің көкжиегін кеңейткен. Төрт түліктің ішінде таңдауы түйе мен жылқыға түсіпті. Ол қазіргі таңда төрт түлікті ауласындағы қорада бағып, төл сусыннан табыс тауып отыр. Осы ретте кеше кейіпкеріміздің шаңырағына арнайы аялдап, кәсібінің бүгінгі тынысымен танысуды жөн көрдік.
Амандық-саулық сұрасып, келген жөнімізді айтып, қораға қарай беттедік. Халыққа ұлттық сусынды ұсынып жүрген ол шаруаға ширақ жан екенін бірден аңғартты. Қораға кіргеннен төрт түліктің әрқайсысымен күбірлеп сөйлесіп, сүтін сызылдатып сауған күйі әңгімесін бастады.
– Иә, мал шаруашылығы қазақтың қанында бар, жанымызға жақын кәсіп қой. Жалпы түйенің пайдасы өте көп. Бір ғана сусыны мың түрлі ауруға ем. Көршілес ауылдардан, кент тұрғындарынан жиі тапсырыс түседі. Одан бөлек өнімдерімді аптасына бір рет Қызылорда мен Алматы қаласына 60-70 литрдей жіберіп тұрамыз. Тұтынушылар көбіне той-томалаққа, емге алдын ала тапсырыс беріп қояды. Түйенің басқа малдан ерекшелігі, асып бара жатқан бейнеті жоқ. Өзі жайылып, келіп-кетіп жүреді. Әйелім мен балам қолғабыс етеді. Мен түйені саусам, келіншегім биені сауады, – дейді Дастан Керейтбайұлы.
Тынымсыз тірлігі жемісін беріп отырғанын айтқан кейіпкеріміз бие сауып, саумал сатумен де, жылқы бордақылаумен де айналысады. Айтуынша, жаз мезгілінде күніне 7-8 адам саумал ішуге келеді. Оның ішінде кент тұрғындарынан бөлек ауылдан да келетін ағайындар бар. Іскер азамат сауынға байланған биені үркітіп алмай жуасытқан тиімді екенін айтады. Ол қорасындағы биелерді күніне үш сағат сайын 6 рет сауып, 60 литрдей өнім алып отыр.
Жалпы саумал сан ауруға ем, денсаулыққа өте пайдалы. Оны күнделікті тұтынатын тұтынушылар қатарының артқанынан аңғаруға болады. Жылдың қай мезгілі болсын саумалды емге пайдаланатындар көп. Себебі саумал асқазан, өкпе, жүрек ауруларына ем, қанайналым, ішек жұмысын қалыпқа келтіреді. Кейіпкеріміздің айтуынша, тұрғындар арасында қымызға да сұраныс жоғары. Жылқы малы жыл он екі сауылатындықтан ата-бабамыз жыл мезгіліне қарай қымызды уыз қымыз, жазғы қымыз, күзгі және қысқы қымыз деп бөлген. Кәсіпкердің сөзіне сүйенсек, уыз қымыз – бие сүтінің уыз дәмі таралған кезде ашытылған қою қымыз. Ал сары қымыз – жаз ортасындағы, шөп әбден пісіп, буыны қатқан кездегі қымыз. Түнемел қымыз – мол қордың үстіне сүт қышқылы арнаулы торсықта сақталып, екі тәулік сапырылып, пісуі жеткен қымыз. Сондай-ақ құнан қымыз үш тәулік бойы ашытылса, бал қымыз – бал, қант секілді тәтті қосып дайындалған қымыз түрі. Оны сырқат адамға, балаларға, жаңа босанған жас әйелдерге береді.
Мұнан бөлек төрт тәулік ашытылатын қымызды дөнен қымыз деп атайды екен. Ал бесті қымызды – бес тәулік ашытса, асау қымызды бесті қымыздан да көп ашытады. Кейіпкерімізбен әңгіме барысында бұл сусынның дайындалуына қарай жуас, қорабалы, сірге жияр деген түрлері де барын білдік. Төрт түліктен табыс тауып отқан бұл отбасы атакәсіпті өрістету ісін бір жолға қойған. Бүгінде ол 10 түйені екі мезгіл сауып, одан күніне 60 литрдей өнім алуда.
– Шұбат ашығаннан кейін оны тұтынушыға ұсынар алдында шайқап, көпіршігін жақсылап араластырып беру керек. Бұл түлік суды аз ішетіндіктен сүті майлы болып келеді. Шұбаттың құрамында май, әртүрлі витаминдер өте көп. Сондықтан бұл өнімді халық емдік мақсатта ішеді. Жасы ұлғайған қарттар, қандайда бір сырқат түрімен ауырған науқастар шұбатты ішкеннен кейін ұйқысы жақсарып, сергіп, ақырындап ауруынан айығады, – дейді Дастан Керейтбайұлы.
«Арнайылап келген екенсіндер, үйге кіріңдер» деп төрін ұсынған Дастан ағаның шұбатынан дәм тату бізге де бұйырды. Иә, расында кәсіпкердің шұбаты жұрт мақтағандай ерекше, қою екен. Дастан аға дастарқан басында өнімдері күні кеше Қызылорда қаласында өткен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне қойылып, бірер сағатта таусылып қалғанын айтады.
– Өздеріңіз білетіндей, шұбат – бойға қуат, дертке дауа. Мен Дастан ағаның тұрақты тұтынушыларының бірімін. Өзімнің және отбасымның саулығы үшін, жиі шұбат аламын. Дастан ағаның шұбатының дәмі тіл үйіреді. Шөлімізді басып қана қоймай, біраз ауруға ем ретінде де қолданамыз. Одан бөлек той-томалаққа жиі тапсырыс береміз, – дейді кент тұрғыны Айнұр Смайлова.
Атакәсіпті алға оздырып, түйе байлап, шұбат баптаған, бие байлап, саумал сатқан бұл отбасының күнделікті тіршілігі осындай. Аудан тұрғындарының бірі дертіне шипа тауып, алғысын жаудырса, енді бірі қаладан келген қонаққа ауыл өнімін мақтанышпен ұсынып, бір марқайып қалады. Жалпы кез келген адам кәсіптің қай түрін қолға алса да, оған бар ынта-жігерімен кіріспесе, нәтиженің болуы екіталай. Ал біз әңгімелеп отырған еңбекқор ағамыз бұл кәсіптің қыр-сырына жастайынан қанық. Көбісі айналысуға тәуекел таныта бермейтін түйе шаруашылығын қолға алу Дастан ағайдың іске деген табандылығын танытса керек. Еңбекке деген адалдықтан бірнеше кәсіп түрін бір арнаға тоғыстырған кейіпкеріміздің қоңыр тірлігінің тынысы осы.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!